Студент жастардың жатақханаға бейімделуінің маңызы

Техникалық және кәсіби бағыттағы колледждер мен жоғары оқу орындары қоғамның интеллектуалдық әлеуеті саналатын білімгерлерге таңдаған мамандықтары бойынша  арнайы білім берумен қатар оларды жатақханаға орналастыру барысында студенттік шаққа барынша бейімделуін басты назарда ұстайтындығы анық. Себебі мектеп бітіруші түлектердің жаңадан басталған үлкен өмірінің бір бөлігі осы екінші үйінде өтетіндігі баршамызға белгілі.

Соңғы бірнеше жыл біздің арнаулы оқу орнының басшылығы мен пән оқытушылары жатақханамызды студенттердің түнгі демалысына арналған қолайлы баспана және сабақтан тыс уақыттарын өткізетін жайлы орта ғана емес, сонымен қатар білім берудің құралы ретінде қарастыруда. Әрбір жаңа оқу жылының басында жатақханада тұруға құқылы студенттердің бейімделуіне тәрбиеші мамандар тарапынан көп көңіл бөлінеді.

Бұл көптеген аспектілерді қамтитын ұзақ және күрделі үдеріс, бірақ жатақхана жастардың тәрбиесіне әсер ете алады, олардың жақсы оқуына, қоғамдық пайдалы жұмыстарды атқаруына, мәдени демалуына көмектеседі. Жатақханада қазіргі кезде студенттердің жаңаша білім алуға ұмтылысына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Әрі олардың үй тапсырмасын ойдағыдай орындау үшін жақсы жағдайлар жасалған және жан-жақты көмек көрсетіледі.

Студенттердің қоғамдық өмірге шығармашылықпен араласу қабілеті, ой-өрісінің кеңдігі жатақханада тәрбие жұмысын кеңірек және тереңірек жүргізуге, оның сан алуан формалары мен әдістерін қолдануға, жастардың қарым-қатынасын қызықты әрі сенімді етуге мүмкіндік береді. Қарым-қатынас бос уақыт аясында жүзеге асырылады, бұл оның ақылға қонымды ұйымдастырылуымен, қызықты істермен толығуымен тікелей байланысты.

Бұл жатақхананың негізгі әлеуметтік-педагогикалық қызметтерінің бірі. Жастардың қарым–қатынас деңгейін және олардың бос уақытын өткізу мәдениетін арттыру – студенттер жатақханасындағы біртұтас педагогикалық үдерістің екі қыры. Негізгі назар әрбір “жаңадан келген” адаммен жеке жұмыс жасауға аударылады. Жаңадан келген студенттер психологиялық үйлесімділікті ескере отырып, бөлмелерге орналастырылады. Психологиялық немесе басқа да жағдайлар туындаған кезде олар тез арада шешіледі.

Тәрбиешінің маңызды міндеттерінің бірі – білімгерлердің бойында адами құндылықтарға қоса жауапкершілік сезімін аттыруға бағытталады. Студенттік кезеңнің алғашқы курсында ақыл-ой әрекетінің ұжымдастырудың дағды-үйреністері қалыптасады, таңдалған кәсіпке сәйкестік сезіледі, тұрмыстың бос уақыттың және еңбекке ұмтылудың тәртібі жасалады, жеке адамның кәсіби мәнді қасиеттеріне тәрбиелеудің, көптеген ізгілікті іс-шаралар мен бірегей басқосуларға белсене қатысудың жоспарлы жұмыстары жүйелі түрде орнығады.

Нургуль Данабаевна БАЙТАКОВА,
Жаһанша Досмұхамедов атындағы
Жоғарғы педагогикалық колледж
жанындағы жатақхана  тәрбиешісі,
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий