Инклюзивті білім беру – бүгінгі күннің басты талабы

Қазіргі таңда білім беру саласындағы ең өзекті, ең маңызды әрі ауқымды мәселенің бірі инклюзивті білім беру жүйесі болып отыр. «Инклюзия» сөзі француз, ағылшын тілдерінен аударғанда «қосу, кіріктіру» деген мағынаны білдіреді, яғни дамуында ауытқуы бар баланың қоғаммен араласуын шектемей білім алуын қамтамасыз ету, өз қатарындағы балалармен бірге білім алуына жағдай жасау.

Елімізде Кеңес үкімет уақытында ерекше білімді қажет ететін балаларды қоғамнан алыстатып, оқшаулап, олармен арнайы коррекциялық білім беру ұйымдарында ғана жұмыс жүргізді. Кейінгі жиырмасыншы жылдарда инклюзия пікірі қалыптасып, жалпы білім беретін мектептерде оқытуға рұқсат берілді. Білім беру саласындағы күрделі мәселені шешу, яғни ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары коррекциялық мектептер саны кеңес үкіметімен салыстырғанда едәуір азайған.

Бүгінгі күні қажеттіліктері айрықша балалардың 99 % жалпы білім беретін мектептерде білім алады. Мұның басты себебі дамуында ауытқуы бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде құрдастарымен бірге білім алуға рұқсат берілуі. Батыс елдерінде инклюзивті білім беру жүйесі 1970- ші жылдардан бастап қолға алынып,Заң қабылданып, күшіне еніп,  арнайы оқыту бағдарламасы әзірленген. Біздің елімізде бұл жоба соңғы жиырма жылда қолға алына бастады.

Денсаулық сақтау статистикасының мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда дамуында ауытқуы бар балалардың саны екі есеге артқан. Өкінішке орай бұл көрсеткіштің бірден бір себебі ауру белгілерінің кеш анықталуы, нақты диагноздың кеш қойылуы. Осы төңіректе елімізді басқа елдермен салыстырсақ, біздің елімізде баладан 4- 5 жасынан анықталса, Израиль елінде үш айында анықталады екен. Ауру белгілері неғұрлым ерте анықталып, ем дом уақытында жүргізілсе, соғұрлым саны аз болушы еді.

Инклюзивті білім беру біздің елімізді ғана емес, дүние жүзін алаңдатып отырған мәселе. Алайда білім беру саласында мүгедектігі бар балалардың жалпы білім беретін мекемелерде өз қатарларымен бірге білім алуына жағдай жасалып, нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, педагог ассистенттің көмегімен жұмыс жасаған оқушыға сабақ барысында қиындық туындамайды. Мектептерде арнайы коррекциялық кабинеттер ашылып, жаңа технологиялармен жабдықталған.

Бұл балалармен жұмыс жүргізетін мұғалімдер мен арнайы мамандар үшін арнайы курстардың саны артуда. Бұл өте қуантарлық жағдай, оқыту әдістемесіне үлкен көмек. Бұл жұмыстар еліміздің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, жалпы білім беретін мекемелерде жүзеге асырылуда. Ал Америка мемлекеттерінде дамуында ауытқуы бар балалардың мектептен кейінгі жағдайлары да қамтамасыз етілген, яғни ЖОО – на қатарластарымен бірге білім алуы, ары қарай жұмыспен қамту да қарастырылған.

ЖОО –  да арнайы мамандар ерекше білімді қажет ететін балалармен тығыз жұмыс жасап, білім алуына қолдау көрсетеді. Шет елдерде инклюзивті білім беру жүйесі қандай ерекшеліктермен жүргізілуде. Мәселен: Хорватия елінде ерекше жандарға арналған арнайы сыныптар, аурухана ішінде де құрылған. Мектептен кейін бұл балалар ЖОО- да тегін білім ала алады. АҚШ мемлекеттерінде физикалық мүгедектігі бар балалар бір сыныпта, ақыл ойы жетілмеген балалар бір сыныпта білім алады.

Италия мемлекетінде дамуында ерекшелігі бар балалар қарапайым балалармен бірге бір деңгейде білім алады, бірақ сыныптағы бала саны аса қатты мән беріледі, бала саны жиырмадан аспауы тиіс, соның ішінде инклюзивті бала саны екеуден аспауы керек. Франция елінді инклюзивті білім беру жүйесінде ерекшелік : ақыл ойындағы кемтарлығы бар балалар  үшін арнайы сыныптар қарастырылып, олармен арнайы мамандар жұмыс жасайды.

Жалпы қай елде болсын инклюзивті білім беру жүйесі жылдан жылға қарқынды дамуда. Барлығында көзделген  бір мақсат, бір мүдде, жаны жаралы жандарға көмек көрсету, қоғамнан алшақтатпау. Осы орайда бізге ата – анамен тығыз байланыста болу, үнемі байланыста отыру өте маңызды, әсіресе ақыл ойында кемістігі бар балалар үшін. Қажеттілікті қажет ететін балалармен жұмыс жасауда аздап қиындықтар туындайтыны рас. Әсіресе, сыныпқа алғашқы келген кезінде сыныппен араласуы, сөйлесуі, тіл табысуында біршама қиындықтар туып жатады, тіпті балада күйзеліс орын алуы мүмкін. 

Ортамен байланысқа түсу, көпшілік ортаны қабылдау оларға оңайға соқпайды. Осы сәтте  сынып жетекші мен педагог ассистенттің, психолог маманның  көмегі зор.  Бала ортада ыңғайсыздықты сезініп, тітіркенуді, ашулануды бастан кешіреді. Бұл жағдайлар күнедікті орын алуы мүмкін. Бұған себеп: физикалық ауыртпалық, аштық, шөлдеу, шаршау , құрдастарымен қақтығыс, тіл табыса алмау, мұғалім тарапынан шектеулер, талап қоюлар. Бұл жағдайларда сыныппен алдын ала жұмыс жасау, дені сау балалармен сөйлесу, олардың ерекше баланы қабылдауын және оған қолдау көрсетуін қадағалау, келіссөз жүргізу маңызды.

Ата – ана тарапынан да көмектің болуы  маңызды рөл атқарады, яғни баланың мектепке дайындығын күнделікті қадағау қажет. Бұның ішінде күн режимін сақтау, толыққанды ұйқы , балаға таңдау мүмкіндігінің бірнеше нұсқасын ұсыну, дұрыс тамақтануы маңызды. Сауатты мұғалім, білікті мамандар, жауапты ата – ана бірігіп, келісіп тиісті жұмыстарын уақытында атқара білсе , нәтижелі , жүйелі жұмыстар жасалмақ. Жаны жаралы жандардың қоғамнан алшақтамай, олардың білім алуына қай жерде болсын, қай елде болсын нәтижелі жұмыстар жүргізілсе ,ешқандай қиындық туындамайды деп білемін.

Жансая Бексейтовна АБДРАМАНОВА,
№ 44 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий