Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы

Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырларға сабақтасқан халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Менің ойымша, сол құндылықтардың арқасында біз өзіміздің халықтық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз.

Біздің арнаулы оқу орнындағы студент жастарды ұлттық рухы мықты бәсекеге қабілетті кәсіби маман әрі отаншыл тұлға ретінде қалыптстыру үшін жатақхана тәрбиешілерінің ұтымды үйлестіруімен тағылымға толы көптеген тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда Ұл тәрбиесі- ұлт мәртебесі» тақырыбындағы басқосудың басты мақсаты – ұл балаларды ата-аналарын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу, халқымыздың әдет-ғұрып, салт дәстүрі арқылы ұл балалардың бойында адамгершілік қасиетті қалыптастыру. Осы орайда жатақханадағы ер балаларға осы дәстүр бойынша ет асып, бешбармақ дайындап, қолға су құйдырып сүйек ұстатып, бата беруді жаңғырта отырып, болашақ от ағаларына сый-құрмет көрсетілген болатын.

“Соғымнан сыбаға» атты тәрбиелік шараның да мәні мен маңызы зор. Соғым туралы білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті ет жемейтін өзге ұлт өкілдеріне де бұл жақсы таныс. Соғым сою дәстүрі қазақтың ажырамас бір бөлігі әр жыл сайын жасалынатын дәстүрлі салт. Соғым союдың пайдасы мол, тәрбиелі мәні терең. Соғым сою-ағайын-туыстың қарым-қатынасын нығайтады, абысын-ажындардың ауызбіршілігін арттырады, құда-жекжаттың сыйластығын жақсартады. Соғым соятын үй иесі жөн жосықты білетін болса, соғым кезінде жасалатын дәстүрден жаңылмай, артынан сөз ертпей жоралғысын жасайды.

Өздеріңізге мәлім, соғымға арналған мал бір күнде таңдалмайды. Оны 1-2 ай алдын-ала жемдеп, баптап-күтіп соғымға әзірлейді. Сосын әулеттің үлкендері мен ақылдаса отырып, соғым күнін белгілейді. Осы орайда соғым кезінде қандай салт жөн-жоралғы жасалатынын жатақхана тұрғындарына таныстыру мақсатында «Соғымнан сыбаға» тақырыбында тәрбиелік шара ұйымдастырылып өткізілді. Шара барысында әр қабат тұрғындары: «Соғым басы қуырдақ», «Сыбаға», «Дәм тату», «Асату», «Ауыз тию», «Бастаңғы», «Сарқыт» секілді дәстүрлерге тоқталып, түсіндірме жасады.

Әр қабат тұрғындары бірлесе отырып бірі ет асып бешбармақ дайындаса, енді бірі қуырдақ қуырып өздеріне арнап дастарқан жайды. Іс-әрекеттерінің барлығын осы «Соғымнан сыбаға» атты тәрбиелік шарамыздан көруге болады. Етті дайындау, пісіру, дәмін қарау, дастарқан жаю, қонақ қарсы алуда қабат тұрғындары ұйымшылдықтарын көрсетіп, жұмыла еңбектенді. Бұл күн барлық тұрғындар үшін ерекше болды. Жайылған дастарқандары кешке дейін жиналмай, бір-біріне деген ыстық ықыластарын көрсетті.

“Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар” демекші халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. «Әкеңнің төріне сенбе, еткен еңбегіне сен» тақырыбындағы сыр-сұхбаттың мақсаты: әке отбасының ұйтқысы, негізгі тірегі; әкеге деген сүйіспешілікке тәрбиелеу; бала мен әке арасындағы тығыз әрі ыстық байланысты ұғындыру; отбасындағы әке орнын, рөлін көрсете отырып, халықтық тәрбие негіздеріне тоқталу; студенттерді үлкендерді сыйлауға, әкені пір тұтуға, адамгершілікке, әке мен ер азамат ұғымының мәнін ұғынуға тәрбиелеу.

Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – шаңырақтың тірегі. Әке- отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Осы орайда студенттер үйінде тұратын ер балалар әкелері туралы сыр шертті. Және өздерінің әкелері мен өткізген бір күндерін дайындап әкелген бейне роликтері арқылы көрсетті. Бұл көрсетілімде ұлдардың әкелеріне деген мақтаныш сезімдерін көздерінен байқауға болады.

Сұхбат соңында «Мен болашақ әке, отағасы» атты  күнделікті үй тіршілігіне қажетті жұмыстарды үйрену кезінде түсірілген фото-монтажды тамашалады. Олар әлі де болса отбасын құруға дайын емес екендерін айтып күліп алды. Өз мәресіне жеткен кеште ұлдар өз ойларын ашық айтып, әкеге деген сезімдері мен құрметтерін білдірді. Наурыз айының 1-індегі Алғыс айту күніне арналған «Ризамын сізге» атты мерекелік шараның мақсаты студенттердің жанұяға, ата — анаға, үлкен — кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым —қатынастарын дамыту. Ризашылық пен алғыс, жақсы тілек, ізеттілік туралы түсінік беру, бір — бірімен үйлесімді қарым — қатынас жасай білуге үйрету.

Елімізде тұрып жатқан әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достық пен ынтымақтастықты дәріптеу, салт — дәстүрін, мәдениетін өзіндік үлгі өнегесін студенттердің бойына сіңіру. Бейбітшілікте татулықта өмір сүруге тәрбиелеу. Студенттер өз ризашылықтары мен алғыстарын студенттер үйіндегі қызметкерлерден бастауды жөн көрді. Күнбе-күн, бір күні екінші күнмен ерекшеленбейтін, тынымсыз еңбек етіп жүрген кіші қызметкерлерге ықылас білдіріп, алғыс айтуды парыз деп санадық. 

Наурыз айының 22-індегі Наурыз мерекесіне арналған «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік шараның мақсаты – «Наурыз» мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу. Наурыз мерекесінің қазақ даласындағы орны, наурыз мерекесі туралы түсінік беру. Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру. Кеште студенттеріміз наурыз көже мен бауырсақтардан келген қонақтарымызға дәм татқызды.

Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.

Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, тәрбие үдерісіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындaтып, отбaсында да, білім саласында да ұлтжандылылық пен отаншылдыққа баулыcақ, елі мен жерін көзінің қарaшығындай қорғaйтын өз халқына жанашыр, патриот тұлғаларды тәрбиелеп шығару әбден мүмкін.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Жүсіпбек Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді», – десе, Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі-халқым», – дейді. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай болса: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», – деген еді.

Айтолкын Амангельдиевна БИСАРИЕВА,
Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық
колледждің жатақхана тәрбиешісі, Батыс Қазақстан
облысы, Орал қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий