Студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Осындай өзекті мәселе бойынша біздің арнаулы оқу орнындағы жатахқана студенттерінің қатысуымен «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, бұл басқосуға жергілікті құқық қорғау құрылымдарының арнайы өкілдері мен колледж басшылығы қатысады.
Басты мақсат: білім алушыларға қылмыстың – қоғамға қауіпті әрекет, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы, қылмыстық жауапкершілік, оған қолданылатын жаза түрлері, кінәні жеңілдететін, жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар туралы толық түсіндіру, құқықтық сауаттылығын арттыру, салауаттылыққа тәрбиелеп, өз әрекеттеріне баға бере білуге баулу. Ата заңымызға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырып, шыншыл да әділетті және парасатты тұлғаны қалыптастыру.
Конституциямыздың бірінші бабында Қазақстан Республикасы демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырылды. – Оның басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, – деген қастерлі сөз кіргізілген. Бүгінгі құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс.
Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Суденттер үйінің тұрғындарымен кездесу барысында Әкімшілік және Қылмыстық кодекстердің негізгі баптары, жазалау шаралары және жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың салдары (бопсалау, алаяқтық, ұсақ бұзақылық, темекі шегу, алкоголь және есірткі заттарын пайдалану, дұрыс емес жерден жолдан өту және тағы да басқа сол сияқты) маңызды мәселелер сияқты өзекті тақырыптарға тоқталып, түрлі бағытта толыққанды ақпараттар беріледі.
Сондай-ақ, полицейлер соңғы уақытта интернеттік алаяқтардың көбейгені және бопсалау жағдайларында өзін қалай ұстау керектігі туралы хабарламалар ұсынылады. Сонымен қатар, терроризмнің алдын алу мақсатында көшеде, үй-жайларда күдікті заттар табылған кездегі іс-қимылдар туралы нұсқаулықтар беріледі. Колледж әкімшілігі тарапынан білімгерлерге жатақханада тұру ережелерінің негізгі талаптарына қоса студенттердің құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Әлеуметтік және психологиялық бағыттағы сала қызметкерлерінің әңгімелесуінде сыйластық, толеранттылық, өзара қолдау, девиантты мінез-құлықтың салдары туралы мәселелер қозғалады.
Ал медицна мамандары жеке гигиена, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты, аурулардың алдын алу негіздерін айтуға мүдделі. Студенттер колледж бен жанұяда жақсы қасиеттерді бойға сіңіріп, тәрбиелі, мәдениетті, білімді адам болуға ұмтылуы қажет. Құқықтық сауатсыздық, яғни өз құқы мен міндетін білмей, басқаның құқын сыйламаудың кесірінен көптеген келеңсіз жағдайларға жастар жиі кезігеді. Осы орайда қылмыстың қоғамдағы зияны мен адам тағдырын адастыратын іс екенін өскелең ұраққа жете түсіндіру аға буын өкілдерінің басты парызы.
Өмірің болсын десең сенің сәнді
Ойланып, айналаңа қара мәнді.
Адам бол! Білімі тасқан, өнері асқан
Өзіңе сүйсіндірер басқа жанды.
Салауатты мақсатың — өмір сүру,
Өмірдің мағынасын керек білу.
Ішімдік, нашақорлық сенің жауың
Пайдасы сол – бұл жолдан аулақ жүру.
Мен жігіт 15-30 арасында,
Бұл шақта көп бересі, аласымда.
Жан жағым толған мақсат, толған таңдау,
Алайын анасын ба, мынасын ба, – деген арқалы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жауһар жырын жаттап, жадынан шығармаған жігерлі де жаңашыл жастардың жаман болмайтындығы айдан анық.
Акбота Тлегеновна НУГМАНОВА,
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары
педагогикалық колледждің жатақхана
тәрбиешісі, Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы