Астана білімі: Біртұтас тәрбие – Ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғам үндестігі

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және Астана қаласының білім басқармасы мен Әдістемелік орталық ортақ мақсатқа сай бірлескен түрде ақпан айының 13-14 күндері аралығында «Біртұтас тәрбие: ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғам үндестігі» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырды. Басты мақсат – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізу арқылы тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау, құндылықтарды оқыту және тәрбие үдерісіне кіріктіру бойынша үздік тәжірибелерді тарату.

Алқалы басқосуға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әдістемелік орталықтары басшыларының орынбасарлары, әдіскерлері, мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары қатысты. Екі күннен тұратын ашық алаңда «Ұлттық қасиеттер мен қоғамдық өркениет үйлесімі», «Құндылықпен бірге: қиындық, көзқарас, өзгеріс», «Оқушылардың жан-жақты дамуы: тәрбие мен білімнің үйлесімділігі», «Құндылықтарды оқыту процесіне кіріктіру: тәжірибе және тәсілдер», «Ата-ана және бала: үйлесімді қарым-қатынасқа қол жеткізу жолдары», «Тәрбие мен оқытуда құндылықтар жүйесін қалыптастырудың үздік тәжірибелері» тақырыптарында тәжірибелік алаңдар жұмысы талқыланып, бас шаһардағы ондаған білім шаңырақтарында ұтымды үйлестірілген пленарлық сессия жұмысымен жалғасып, конференция қорытындысы Qundylyq talks форматында нақты мәресіне жеткен еді.

«Tarbie talks» пленарлық сессиясын елорданың бас ұстазы Қасымхан Сенғазыев кіріспе сөз сөйлеп ашып, елордалық білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Біртұтас тәрбие» жұмыстарына назар аударды. Және алдағы уақытта атқарылатын шараларды ортақ тәжірибе алмасу арқылы айқындаудың маңыздылығына тоқталды. Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Бимендина Асима Темкенқызы бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталса, жергілікті әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дауешова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы елордалық педагогтердің озық тәжірибелерін өңірлерден келген әріптестеріне паш етті. Әрі ортақ мақсата жұмыла еңбек етсе ғана нәтиже болатынына тоқталып, бүгінгі іс-шараның басты міндеті осы екендігіне назар аударды.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: бала тәрбиесіне не береді?» тақырыбында жан-жақты саралау жасап, ұлтық идея, мемлекетшілдік, отаншылдық, тәуелсіздік тақырыптарына кеңінен тоқталып, білім беру ұйымдары оқушылардың бойына дарытуы тиіс құндылықтардың маңыздылығын айқындап берді. Бағдарлама енгізілгелі бері атқарылған жұмыстардың нәтижесіне нақты деректер келтірді. Барлық білім беру ұйымдары аталған бағдарламамен толық танысып, теориясын меңгеріп алғандықтан, алдағы уақытта іс жүзінде әр өңірде республикалық тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылатындығын айрықша атап айтты.

– Бұрын «Тәрбие тұжырымдамасы» бойынша экологиялық, дене тәрбиесі, ұлттық тәрбие, адамгершілік тәрбие деп бөліп-бөліп қарастыратынбыз. Ал, 2024-2025 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекшілігімен каскаттық әдіс бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қайта жаңғыртылып, оқу-тәрбие процесіне қайта енгізілген болатын. Соған байланысты әр өңірдегі білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың басшылары, орынбасарлары және мамандары қажетті білім алған еді. Олар кейін өз өңіріндегі мамандарды оқытты. Осы үдерісті әрі қарай жалғастыру мақсатында және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде ұлттық құндылықтарды пәнге кіріктірудің тиімді жолдарын ұйымдастыру бойынша республикалық семинар өткізіп отырмыз. Семинарға әр өңірден үш делегаттан келіп отыр, жалпы алпысқа жуық қатысушы бар, – деді елордадағы әдістемелік орталық басшысының орынбасары Жангелді Әмірғали.

– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – биылғы жылдың жаңалығы. Қазір барлық республикалық мектептерде осы бағдарлама бастау алып жатыр. Бүгінгі таңда осындай іс-тәжірибеге қатысып, «басқа білім беру мекемелері қандай іс-тәжірибе таратады екен, бағдарлама ұсынып отырған алты құндылық, алты жоба қандай бағытта дамытылып жатыр екен, бізге іліп алар не бар екен» – соны білуге келдік. Бүгін осы мектепке кіргеннен бері әсерім тамаша. Өйткені, мектептің табалдырығынан бастап біртұтас тәрбиенің иісі аңқып тұр. Жалпы, біз өзіміздің облысымызда да бағдарламаны жандандыруда ұлттық жобалар құрастырып жатырмыз. Бұл бағыттағы ой-пікірімізді әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз. Осы бағдарламаны іске асыру – барлығымыз үшін басты парыз, – деді Семей қаласындағы инновациялық әдістемелік орталықтың тәрбие бөлімінің басшысы Айдар Хамитов.

– Осы республикалық семинарға арнайы келдім. Ауқымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оқу жылының басынан бастап елорда мектептерінде жүзеге асқан жұмыстар мен жетістіктер көрсетілді. Семинардан аларымыз көп, көрген-білген әсерімізбен өз өңіріміздегі мектептерде бөлісіп, насихаттайтын боламыз, – деді Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданына қарасты Үстірт жалпы білім беретін мектебінің директоры Сымбат Наурызбай. №81«Astana English School» халықаралық мектебінің мұғалімі Нұркен Елдос Ерланұлы «Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай оятамыз?» деп ой толғап, өзінің шәкірті, жас қаламгер, 10-сынып оқушысы Аманжол Айзере Талғатқызына кезек берді. Айзере жастарды кітап оқуға ынталандыру жолын өз тәжірибесімен байланыстырып, қызықты етіп әңгімелеп берді. Ағылшын тілін жетік білетіндігімен де көпшілікті тәнті етті.

«Құндылықпен бірге: қиындық, көзқарас, өзгеріс» тақырыбындағы семинардың кезекті бөлігінде Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінің педагогтері тағылымды тәжірибесімен бөлісті. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізгі принциптерін қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану – математикалық бағыттардағы пәндерге және тәрбие үрдісіне кіріктіруін, білім беру мен тәрбие үйлесімділігін көрсетуге бағытталған іс-шара шеңберінде математика, физика, география, қазақ әдебиеті, орыс тілі, дүниетану сабақтары жоғары баға алды. Әр сабақта педагогтер ақпан айының және апта құндылықтарын негізге алып, пәнмен ұштастырып көрсете білді.

Семинар аясында мектептің негізгі бағытының бірі болып «Пайдалы он бес минут» атты жоба жұмысы көрсетілді. 4000-нан астам бала оқитын мектепте үзіліс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, буллинг, құқықбұзушылықтың және басқа да келеңсіз құбылыстардың алдын алу маңызды фактор болып табылады. Балаларды жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға баулу үшін үзілістерді пайдалану – мектептің басты ерекшелігі. Ол үшін оқу кабинеттерінде, дәліздерде сыныптан тыс шаралар, оқу-танымдық ойындар, ұлттық ойындар жүргізілуде. Шығармашыл аймақтарда оқушылар сурет салуға, би билеуге, музыкалық аспаптарда ойнауға мүмкіндіктері бар. Бұл жобаға сынып жетекшілері де, пән мұғалімдері де қатысады.

Бұл басқосуға да еліміздің әр түкпірінен білім беру саласының мамандары, әдіскерлер, мектеп директорлары, педагогтер мен тәрбиешілер қатысты. Жиын барысында қатысушылар заманауи білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеудің өзектілігі, тәрбие үрдісін жетілдірудің жаңа әдіс-тәсілдері, оқушылардың бойында ұлттық сана мен патриотизмді қалыптастыру жолдары сияқты маңызды мәселелерді талқылады. Бұл білім ордасында ұлттық киімде келген оқушылар ұлттық құндылықтарға арналған алаңда күй тартып, тоғызқұмалақ ойынын ойнап, дәстүрлі ән айтуды тұрақты дәстүрге айналдыра бастағанын көрдік.

Жүздесу соңында қатысушылар ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға бағытталған ұсыныстар беріп, тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталып, республикалық семинардың қорытындылары еліміздің білім беру жүйесіне оң әсерін тигізу арқылы ұлттық рухтағы тәрбиенің жаңа белестерге көтерілуіне ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

– Білім беру процесінде әр ұрпақты өзінде бар құндылықпен тәрбиелеу керек. Сондықтан, қазақты тек өзінде бар құндылықпен ғана тәрбиелей аламыз. Ұлттық құндылықтар аймағы да осы негізде ашылып отыр. Мұнда алдымен ұлттық ойындар ойналып, ұлттық рухпен сусындайды. Қазіргі заман балаларын айтып емес, осылай мектеп қабырғасында көрсетіп, бойына сіңіріп өсіре аламыз. Шетелге шықса да, қайда жүрсе де ұрпағымыз өз құндылығын танып, жадында сақтап жүреді, – деді ұйымшыл ұстаздар ұжымының жаңашыл жетекшісі Гүлжан Дәрібайқызы.

Шырақ әл-ШАБАНИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий