Адал еңбек – абырой бастауы: Мамандығымен мақтанатын мықты майталмандар

«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деді барша отандастарымызға арнаған кезекті жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ («Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм», 02.09.2024 ж.).

НҰРДӘУЛЕТОВ Ғалым Амангелдіұлы, Алматы қаласының Әуезов ауданындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі бөлімше командирі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері: – Осы саладағы еңбек тәжірибеме – отыз жыл. Біздің аудандық бөлімде жетпіске жуық адам бар. Әрбір бөлімшенің атқаратын қызметі нақтыланып, арнайы техникалар берілген. Менің қарамағымда 1998, 1999, 2000 жылы дүниеге келген жастар көп. Барлығы кәсібін адал әрі абыроймен атқаруға дағдыланған мықты жігіттер.

Мамандарымызға қандай қиын сәт болса да сабырлылық, шапшаңдық, төзім мен әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Кез келген маманның бойында түтінге тұншыққан, күйік шалған жандарға алғашқы медициналық көмек көрсете алатындай қабілет болу керек. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қытымыр аязында да уақытпен санаспай еңбек етуге даяр тұруымыз тиіс. Өрт туралы хабар келгенде, бөлімше қызметкерлері арнайы форманы 19-20 секундта тез киіп үлгеруі қажет.

Одан кейін жоғары қабаттан түсіп, гараждан 1-2 минут ішінде шығып кету керек. Сол үшін формаларымызды ерекше әдіспен дайындап қоямыз. Өртте киетін күрте алдын ала теріс аударылып, шлем, шалбар, өрт белдігі – барлығы белгілі бір тәртіппен әзір тұрады. Ал, апат орнына неғұрлым тезірек бару үшін құтқару көліктері минутына екі шақырым жылдамдықпен жүруге міндетті. Себебі, уақыт санаулы болғандықтан, әрбір секунд алтынмен тең.

ИСАЕВА Майра Болысбекқызы, «Қазпошта» АҚ Шымкент қаласындағы поштамтының HR бөлім басшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері: – 1987 жылы №4 ОКТУ (қазіргі «Энергетика және байланыс колледжі») жергілікті арнаулы оқу орнындағы пошта байланысының операторы мамандығын тәмамдағанмын. Бұл саладағы еңбек өтілім – отыз бес жыл. Жас кезімде халықпен жұмыс істеу, қызмет көрсету мен үшін бір мәртебедей көрінетін. Сондықтан болар, басқа салаға бармай, күні бүгінге дейін поштада жұмыс жасаудамын.

Соңғы он бес жылда қалалық пошта байланыс бөлімшесінде оператордан бастап, пошта байланыс бөлімшесі басшысының орынбасары, ауысым, бөлімше басшысы міндеттерін адал әрі абыроймен атқаруда біліктілігім мен тәжірибеме сүйендім. Ұйымшыл ұжым ретінде қала мен облыс және республика деңгейіндегі кәсіби байқауларға белсене қатысып, талай мәрте жүлдемен оралдық. Поштаға ең алғаш жас маман ретінде жұмысқа орналасқан кезімде облыстық филиалдың директоры Ким Вадим Викторовичтің қамқорлығы мен қолдауын сезіндім.

Ол осы саланың қыры мен сырын түсіну үшін, ең алдымен, бір ай почтальон немесе почта маршруты бойынша сүйемелдеуші болуымды сұрады. Жасы үлкен аға буын өкілі әрі директорымыз айтқан соң, ұсынысынан бас тартқан жоқпын. Бірақ, балалықтың әсері шығар, пошта тасып жүргенде көпшіліктің көзіне түсуге ұялып, жұрттан жаман қысылатынмын. Алайда, сол кезең үлкен өмір мектебі болған еді. Қазіргі кезде Асылбекова Лаззат Абибуллақызы жетекшілік жасайтын салалық колледждің әлеуметтік серіктесі саналатын қалалық поштамттың қызметкері ретінде пошта байланыс операторы мамандығын таңдаған студент жастардың дуальды білім беру жүйесі бойынша өндірістік тәржірибеден өтуі үшін бар білгенімді үйретудемін.

СЕЙТАЕВ Мұхтар Төренұлы, Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Қосбөлтек ауылында шағын жеке шеберхана иесі: – Екнші дүниежүзілік соғысқа қатысқан марқұм әкей көзі тірісінде ағайынның арасында ағаш ұстасы атанып, ел-жұртқа тұрмыста пайдаланатын қажетті құрал-саймандарды жасап берумен айналысты. Әлі күнге дейін есімде, ол үйге түрлі құрал-саймандарды сатып әкелетін. Жағаласа жүріп, барлығын пайдаланып көруге қызығатынмын.

Кейде балалықпен сапалы әрі керекті тақтайларды кесіп, бүлдіріп қоятыным бар. Сол сәттерде дауыс көтеріп, ұрыспайтын. Сөйтсем, менің бойымдағы қызығушылығымды байқап, үйренуім үшін бетімнен қақпайды екен ғой. Мектеп бітірген соң, ағаш ұстасы мамандығы бойынша екі училищеде білім алдым. Әбілхан деген ағамыз ғасыр алмасқан қиын шақта ұжымдық шаруашылыққа темірмен жұмыс істейтін маман қажеттілігіне орай маған қосымша токарьлықты үйретті.

Жанынан қалмай үш күнде біраз дүниені үйренген соң, өзім істей бастадым. Ең алғаш тракторға бұрандалы болт жасап бергенім есімде. Алғашқы бұйымым тапсырыс берушінің көңілінен шыққанда қанаттанғаным рас. Бізге көбіне ауыл еңбеккерлері көп жүгінеді. Ерте көктемнен қара күзге дейін дамыл таппайтын қарапайым шаруалар үздіксіз пайдаланатын ескі үлгідегі техникаларының қосалқы бөлшектері жақын маңайдан оңай табыла бермейді. Сондықтан, олар көбіне жедел тапсырыс жасауға мәжбүр. Егер сұраныс көбейсе таңғы сағат алтыдан түннің жарымына дейін жұмыс істейміз. Өйткені, ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін егіс науқанындағы әрбір күн қымбат. Темірмен жұмыс істеуде дәлдік пен төзімділік аса қажет. Шеберханамда токарь станогы, тесу, қайрау, кесіп, кигізу станоктары бар. Сонымен қатар, дәнекерлеу қызметін ұсынамын. Бұл мамандықты да кезінде оқып, меңгеріп алған болатынмын.

БЕКМҰРАТОВА Сәния Серкешқызы, Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы емхананың медбикесі: – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 2003 жылы дүниеге келіп, атам мен әжемнің қолында тәрбиеленгенмін. Новоишим қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжінде емдеу ісі мамандығы бойынша білім алдым. Бала кезімде жиі ауырғандықтан шығар, ақ халатты абзал жандарға көп еліктеген екенмін. Жетінші сыныпқа көшкенде бастауыш сынып мұғалімі болуды армандадым.

Кейіннен атамның денсаулығы сыр беріп, қатты ауырғанда дәрігерлікті меңгерген соң, құлан таза емдеп алуға уәде бердім. Осылайша, медицина саласын таңдадым. Петропавлдағы №3 қалалық емханада алғашқы еңбек жолымды бастап, бір жылдан кейін ұжымға жұмысқа орналастым. Қойылатын ең басты талап – жүктелген міндетке жауапкершілігің мол әрі келушілерге мейірімді болуың қажет.

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсете білу – негізгі парызымыз. Қазіргі кезде әкімдіктің тарапынан берілген баспанада тұрамын. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша басқа да түрлі әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Осы салада біраз тәжірибе жинап, білімім мен біліктілігімді одан әрі жетілдіруге мүдделімін.

БЕКЕЕВ Болат Төлеуқұлұлы, Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы «Kazakhmys Smelting» мыс зауытының балқытушысы: – Шет ауданында 1977 жылы дүние есігін ашыппын. Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ұясында оқып, 1995-1996 жылдар аралығында әскер қатарында азаматтық борышымды өтедім. Балқыту цехындағы №5 ауысымда металмен жұмыс жасаймын. Жиырма жылдан астам тәжірибем бар. Ыстық пештің қасында тұру оңай емес. Біздің ауысым жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге жетіп, әрдайым алда келеді.

Ауысым шебері Айбол Асылбеков бастаған жиырма бес әріптес бір үйдің баласындай татумыз. Әр ауысымда 12 шөміш штейнді игереміз. Өндіріс бастауында тұрған, күндіз-түні от бүріккен пештердің жанында өткізген, қиын тұрмыстық жағдайда өмір сүрген адамдар еңбектің қадірін біледі. Мен қашанда осы салаға баулыған ұстазым, бригадир болған Мұрат аға Төлеубековке дән ризамын. Түсті металлургия флагманының жақсы дәстүрлерін бүгінгі күнге дейін сақтап қалған алдыңғы ардагер буын өкілдерінің өнегелі дәстүрін сәтімен сабақтастыратын жұмысшы мамандардың қатары кейінгі жастармен толығуда.

Адам кемеңгер болып жаратыла салмайды. Өмірден үйреніп барып, жақсы мен жаманның дәмін татып, кең арналы жолға түседі. Санаңда жарық сәуле болса, оқып-тоқып алған білімің, халықтан көргенің, жұрттан үйренгенің игілікке, абыройға айналады.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий