Жұмысшы мамандығының жаңа буыны: Жігерлі жастардың жобадағы жоғары жетістігі
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері өздері әзірлеген автономды жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйесін таныстырды. Ол орталықтандырылған желілерден дербес жұмыс істейді, энергияның жоғары тиімділігі мен экологиялық тазалықты қамтамасыз етеді.
Автоматты басқару жүйесінің арқасында температура жоғары дәлдікпен реттеледі, бұл жылу шығындарын азайтуға және жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялармен жұмыс істей отырып, студенттер өзекті инженерлік шешімдерді меңгеріп қана қоймай, болашақ кәсіби қызмет үшін қажетті практикалық тәжірибе алады.

– Бұл жоба теориялық білімді іс жүзінде қалай қолдануға болатындығын нақты көрсетеді. Біз жай ғана оқып жатқан жоқпыз – нақты жұмыс жағдайларына дайындалып жатырмыз, оқуды бітіргеннен кейін біздің түлектеріміз өндіріске дайын маман болып барады, – дейді колледж студенті Қырықбай Алпамыс. Мұндай бастамалар оқушылардың білімін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттерін дамытады. Инновациялық технологиялармен жұмыс тәжірибесі студенттердің заманауи өнеркәсіптің талаптарына бейімделуіне ықпал етеді.
Астана қаласының Сервис және туризм колледжінің студенттері ландшафттық дизайн бойынша ерекше жоба ретінде ландшафттық ғимарат ішін виртуалды аралауды ұсынды. Іс-шараға қатысушылар тек көркем абаттандырылған аумақты VR-технологияларының көмегімен толықтай виртуалды түрде көре алды. Бұл жоба студенттердің осы оқу жылында алғаш рет ашылған жаңа мамандықтар – ландшафттық дизайн және флористика бағыттары бойынша жұмыстарының нәтижесі.
– Бұл жобамен жұмыс істеу бізге ерекше қызықты болды. Біз 3D-моделдеу мен визуалдау бағдарламаларының қолданылуын меңгеріп, заманауи технологиялардың жобалау процесін қалай жақсартатынына көз жеткіздік. Жұмысшы мамандықтар фестивалі – біздің жаңа кәсіби мүмкіндіктерімізге жол ашатын маңызды алаң, – дейді колледж студенті Артур Васильев.

Ландшафттық дизайнер мамандығы қазіргі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Бұл сала мамандары аумақты тек көркемдеп қана қоймай, оның функционалды бөліктерін дұрыс ұйымдастыру, көгалдандыру, жайлы орта қалыптастырады. Студенттердің жобасы фестивальге келгендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі қыш тақтайшаға «Жұмысшы мамандықтары жылы» логотипін салды. Бұл жоба туралы идея фестивальге дайындық барысында туған. Кәсіби шеберлік пен шығармашылықтың жарқын көрінісі болған жобаны авторлары екі күнде дайындаған. Жобаның авторы – колледжде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Рымбек Қапашұлы. Бұл жұмысты орындауға колледж студенттері де белсенді қатысып, теориялық білімдерін тәжірибеде қолданды.

Сонымен қатар, колледж «Жұмысшы мамандықтары жылы» логотипі бейнеленген бұйымдар мен шыны ыдыстар әзірледі. Бұл кәдесыйлар фестиваль ұсынған ерекше жобалардың бірі болды. «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтар саласында қолданылатын заманауи технологияларды таныстыратын маңызды алаңға айналды.
Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері оқу шеберханасында алғашқы күн панельдерін өндіруді іске қосты. Олар өз жобаларын «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалінде таныстырды.
– Біз күн панельдерін толықтай өз қолымызбен жасаймыз. Алдымен, фотоэлементтерді өзара жалғап, арнайы негізге дәнекерлейміз. Кейін панельді сыртқы әсерлерден қорғау үшін ламинация жасаймыз және оны алюминий корпусқа бекітеміз. Соңғы кезеңде жүйені қосып, оның күн энергиясын электр қуатына қаншалықты тиімді айналдыратынын тексереміз, – деді колледждің 3-курс студенті Мәди Жанболат.

Бұл жоба студенттерге жаңартылатын энергетика саласындағы заманауи технологияларды игеруге көмектесіп қана қоймай, Қазақстанда күн панельдерінің өз өндірісін дамыту үшін перспективалар ашады. Бұдан басқа, колледждің жоғары курс студенттері жетекші компанияларында ақы төленетін практикадан өту мүмкіндігіне ие болады.
Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенттері Arduino технологиясымен әзірлеген инновациялық «Ақылды үйдің» макетін ұсынды. Автоматтандыру жүйесінде уақытқа қарай шамның жанып-сөнуін реттейтін интеллектуалды жарық сенсорлары, сондай-ақ дамыған қауіпсіздік жүйесі қарастырылған. Мұнда қозғалыс PIR-датчиктері, газ және түтін сенсорлары бар, олар ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алады.
Ал, температураны өлшейтін және ылғалдық сенсорлары желдету мен жылыту жүйесінің жұмысын автоматты түрде реттеп, жайлы микроклиматты қамтамасыз етеді. «Ақылды үйдің» барлық функцияларын Bluetooth және Wi-Fi арқылы смартфоннан қашықтан басқаруға болады. Қауіп төнген жағдайда, мәселен, газ немесе түтін шыққан кезде жүйе дереу хабарлама жібереді, ал зуммерлер мен LCD-дисплейлер қауіп туралы ескертеді.

– Біздің жобамыз заманауи технологиялардың баспананы қалай жайлы әрі қауіпсіз ететінін көрсетеді. Мысалы, газдың шығуын жүйе бірден анықтап, иесіне хабарлама жібереді, – дейді колледж студенті Ғаббас Баязитов. Жүйенің барлық элементтерін студенттер өздері құрастырып, бағдарламалаған. «Ақылды үйді» басқаруға арналған мобильді қосымша Play Market пен App Store қосымшаларында қолжетімді. Бұл жоба осындай технологияларды тұрғын үйлерге қоюдың нақты перспективаларын көрсетіп, олардың энергия тиімділігі мен қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде заман талабына сай пайда болған мамандықтардың бірі – дрон операторлары дайындалуда. Жұмысшы мамандықтар фестивалінде олар ұшақсыз ұшу аппаратының бірнеше түрін ұсынды. Қатысушылар ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың жұмысын іс жүзінде көріп, жаңа технологиялармен танысты.
Жетісулық жетекші оқу орнының директоры Нұрғожаев Шыңғыс Болатұлының айтуы бойынша, ұйымшыл ұжым NCCER халықаралық аккредитациясынан сәтті өткен. Бітіруші түлектер республикамыздың аумағында ғана емес, шет мемлекеттерде жұмыс істеуде. «Project Supervision» бағдарламасын тәмамдаған он бес студент халықаралық сертификаттың иегері.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...