Ақтөбе облысы: Цифрлық тәрбие платформасы жасалды

Қобда ауданының білім бөлімінің басшысы, «Үздік педагог» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» Талғат Абен оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін бірегей цифрлық платформаны іске қосты. «Біртұтас тәрбие» деп аталатын бұл жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, оқушылардың әлеуметтік бейімделуіне, цифрлық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған, – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Заманауи технологиялар білім беру процесін оңтайландырумен қатар, тәрбие саласына да тың серпін беріп отыр. «Біртұтас тәрбие» платформасы дәл осы бағытта жасалған алғашқы жобалардың бірі. Оның көмегімен мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс нығайып, оқушылардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы арта түспек.

Платформаның негізгі міндеттері: ұлттық мәдениет пен патриотизмді насихаттау; оқушылардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету; цифрлық сауаттылықты дамыту және қауіпсіз интернет ортасын қалыптастыру; кибербуллингтің алдын алу және инклюзивті білім беруді жетілдіру; тәрбие жұмыстарының тиімділігін бағалау және бақылау.

Платформа құрамына «Қамқор», «Smart Bala», «Шабыт», «Еңбегі адал – жас өркен», «Балалар кітапханасы» секілді ұлттық құндылықтарды насихаттайтын маңызды жобалар енген. Сонымен қатар, ата-аналарды педагогикалық қолдауға арналған бөлімдер де қарастырылған. – «Біртұтас тәрбие» – бұл жай ғана цифрлық бағдарлама емес, мектеп пен қоғамның өзара байланысын күшейтетін, болашақ ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған кешенді жүйе, – дейді осы жобаның авторы Талғат  Рүстемұлы.

Жаңа платформаның көмегімен оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар күнделікті іс-шараларды бақылап, фото-галереялар, әдістемелік ұсынымдар, мониторинг және статистикалық деректер арқылы тәрбие жұмысының тиімділігін бағалай алады. Қазіргі таңда ол осы жобаны мобильді қосымша ретінде қолжетімді ету жұмыстарын жүргізуде. Бұл – еліміздегі теңдесі жоқ бастама, әрі отандық білім беру жүйесіне тың серпін беретін жаңа қадам. Цифрлық дәуірде тәрбие жұмысын жаңаша форматта ұйымдастырып, ұлттық рухты дәріптеуді мақсат еткен бұл жоба – еліміздің келешегі үшін жасалған маңызды қадам екені сөзсіз!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий