Тағылым: Кең адам кеңесіп жүріп озады

Бүгіндері еліміз әділетті қоғам құру бағытында іргелі саяси-әлеуметтік, эканомикалық реформаларды қарқынды жүргізуде. Бұл бағыттарда халықтың білім, денсаулық, тұрмыс сапасы, мәдениет, тарих, әдебиет сынды құндылықтарын қадір-қасиетімен дамыту үздіксіз жан-жақты жүріп жатқанына куәміз. Солардың ішінде білім беру ісі заман қажеттілігіне, заман сұранысына сай жаңашылдықпен өрістеуде. Жаңашылдық даналығы өзіне дейінгі қалыптасқан игіліктерді ұлттық мүддеде өзіне тұғыр етуімен сипатталады.

Өрік Зейнуллақызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Ұрпаққа білім беру – ұлтқа қызмет ету”, – дегеніндей,  ұлттық болмыс сапасын көтеру қызметінде мыңдаған ұстаздар мен педагог ғалымдарымыз білімнің бүгінге дейінгі оң мұраларын жаңашылдықтармен  үйлестіре еңбек етуде. Осы қатардың алдыңғы легіндегі педагог ғалымдарымыздың бірі Өрік Иманғожинаның да ұлтқа қызметі ерекше. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Ұстаз – ұлы есім» дегеніндей, осынау ұлы есімнің иелері кімдер десе, мен алдымен Өрік Зейнуллақызын атар едім.

Кемел кейіпкеріміз педагогикалық білім алып, ұстаздық жолмен абыроймен өтіп, педагогикалық ғылымды меңгеріп, ғалымдық биікте еңбек етіп келе жатқан үлкен әріпті азамат. Ол – бастауыш мектеп мұғалімі, ол – аудандық әдіскер-инспектор, ол – облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары, ол – мектеп директоры, ол – ҚР Білім және ғылым министрлігінің орта білім беру басқармасының бастығының  орынбасары, оқулықтық әдебиетті мониторингілеу орталығының басшысы, ол – республикалық «Оқулық» атты ғылыми-әдістемелік орталық директорының орынбасары, ол – колледж директоры, ол – жоғары оқу орнындағы оқу-әдістемелік бөлімнің төрайымы, ол – университет проректоры және ректоры, «Қазақстанның ғалым әйелдері» қоғамдық бірліктің вице-президенті – осы педагогикалық еңбек жолы отандық сала мамандарына танымал тұлғаның ұлы есімді педагог екеніне айғақ бола алады деп ойлаймын.

Аягүл Төреқызы

Өрік Иманғожинаның ғылыми жолы да осындай толассыз өрлеуімен ерекшеленеді. «Білім беруді ақпараттандыру жағдайында оқушыларды кәсіби бағдарлау әдістемесі» деген тақырыптағы педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуда межелеген жаңашылдығын күні бүгінге дейін жалғастыруда. Ол – осы бағытын «Жаңа ақпараттық педагогикалық технодогияларды жасау және оқу-әдістемелік  әдебиеттің сапасын диагностикалау» деп аталатын зерттеулер кешенінде одан әрі дамытып, барлығы 150-дей еңбектерін жариялады. Жасыратыны жоқ, 1996 жылы үкіметіміз отандық оқулықтарды даярлау ісін қолға алып, білім стандарттарының концепцияларының, оқу бағдарламаларының, оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдардың жаңа буынын жасауды 2001 жылға дейін атқарғаны белгілі.

Тәуелсіздік идеялары аясында орындалған бұл аса күрделі жұмыс өз кезінде айтарлықтай жаңа ілгерілеу болды. Алайда уақыт тығыздығы және тағы да басқа факторлар ықпал тигізбей қойған жоқ. Нәтижесінде олардың кемшіліктері барлық білім беру буындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, билік сатыларында айтылғаны аян. Өзімізде осы майдан ішінде жүрдік. Еліміз түрлі әлемдік дағдарыстар жағдайында өз дамуының сара жолына түсіп, білім беру ісі жүйесіне де назар бөліп оның жоғарыда аталған кешендерін жетілдіру немесе қайта дайындау ісіне бағыт бұрды. Міне, осындай өтпелі шақта Өрік Зейнуллақызы білім беру кешенін жетілдіру зерттеулерінің бел ортасында жүрді.

Оның осы кездегі ғылыми жұмыстарының мазмұнын төмендегіше талдауға болады: оқулық құрылымын сараптаудың негізгі көрсеткіштерін анықтады; оқулық функцияларын айқындады; түрлі елдердің оқулықтарына салыстырма  сараптама жасалды; халықаралық оқулықтарыдың оқушы тұлғасына бағытталу икемділігі ақиқаттық сипаттары бағдарға алынды; бұл мәселелердің қазақстандық оқулықтарға қатыстығы бойынша ел президентіне ұсыныстары жасалды. Осылайша ол әріптес ғалымдардың ұжымдық еңбекпен оқу-әдебиеттеріне практикалық және теориялық сараптамалар жасауының  бейнесімен зейнетін көрді.

Сондай-ақ 9, 11, 12 сыныптарға арналған «Русская словесность» оқулығын, «оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сапасын мониторигілеу» еңбегін, «салауатты тамақтану мектебі» атты оқу құралы сындағы тағы да басқа шығармашылық туындылары педагогикалық қауым тарапынан оң бағасын алған еді. Отан игілігі жолындағы абыройлы да адал еңбегі мен қажырлы қызметі түрлі құрмет пен марапаттарға бөленді. Өрік Зейнуллақызына қалың қауымның қошамет көрсетуін үлкен биіктік дер едім. Ең алдымен ол қазақ халқының қымбатты, асыл, тұлғалық құндылықтарын игілікті істері арқылы таратуымен бірге, өзі де сондай мінездің иесі.

Кейіпкерімізбен алғаш ұшырасқан адамның сөзіне жылу жүзіне нұр дариды. Яғни кісімен қарым-қатынаста әдепті, инабатты сабырмен, кішіпейіл ұлылығымен танылған. Сөйте тұра ұлт мүдесін барлық факторлардан жоғары қоятын принципшілдігі кімнің не болса түсіністігін тудыра алатын ықпалдылығы ерекше. ҚР Президенті тарапынан ұлт болмысының сапасын арттыруда білім, еңбек, адалдық, әділдік, тиянақтылық құндылықтарын жастар бойына дарыту міндетін алғашқы кезекте қойып отырған осы уақытта өнегелі үлгіні осы ардақты аға буын өкілінің бойынан табамыз.

“Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы” қоғамдық бірлестігінің бастамасымен өткен аптаның жұма күні елордасындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында (директоры  – Сейітова Күміс Қарсақбайқызы, «Құрмет» орденінің иегері) педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ресей Экономика академиясының құрметті докторы, Мәскеу авиация институтының академигі Өрік Зейнуллақызы Имангожинаның 75 жылдығына арналған «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі ғалым-әйелдер: қиындықтар мен мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Бұл ауқымды шараның басты мақсаты – жасанды интеллект дәуірінде туындайтын мүмкіндіктер мен қиындықтарды талдау, цифрландыру процесіне ғалым әйелдердің қатысуының өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған болатын. Және қоғамның ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға, біртұтас ақпараттық білім беру кеңістігін қалыптастыруға, ғылыми нәтижелер мен зерттеу тәжірибесімен алмасуға, сондай-ақ цифрландырудың басым міндеттерін шешу үшін ғылыми қоғамдастықтағы байланыстарды дамытуға жәрдемдесу.

Жүздесуге жиналғандар негізінен жасанды интеллект мен цифрлық технологиялар саласындағы әйел ғалымдардың қазіргі заманғы жетістіктері; ЖИ технологияларын пайдалану перспективалары мен тәуекелдері; ЖИ саласында мамандар даярлау үшін қазіргі заманғы білім беру технологиялары; Цифрландыру әйел ғалымдарға жұмыс пен отбасын бірге алып жүрудегі көмегі немесе кедергісі; Цифрландырудың ғалым әйелдер өміріндегі ғылыми-зерттеу жұмысындағы жағымды ықпалы сынды басым бағыттарға ерекше назар аударды.

Басқосуға цифрландыру және жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін жетекші ғылыми зерттеушілер, оқытушылар, магистранттар мен докторанттар қатысып, жетекші мамандардың пленарлық баяндамалары тыңдалды. Панельдік пікірталастар және сұрақтар мен жауаптар сессиялары барысында ғылым мен техниканы дамытудағы ғалым әйел рөлінің өзекті мәселелерін, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктері талқыланды.

Зейнуллақызы Өрікті 75 жас мерейлі биігімен құттықтай отырып оданда биіктіктен көріне беруге Алла жазсын деген тілек білдіремін. Жетпіс бес жастың мазмұны бүгіндері денсаулық пен ел ықыласы арасында кеңейіп тұр. Өзінің педагогикалық бай, озық тәжирибелерін жас ұрпаққа тәрбиелі білім беруде әлі де пайдалануға болатыны Өрік Зейнуллақызына күш-қуат береді деп сенемін, шығармашылық табысқа жете берсін деймін. «Тар адам таласып жүріп тозады, кең адам кеңесіп жүріп озады», – деген халық мақалының даналығы тұрғысынан айтсам, замандасымның әр кезде ісін елмен кеңесіп атқаратын кеңдігі кейінгі толқын жастарға үлгі – өнеге дер едім.

Аягүл Төреқызы МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері,
«Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің
иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий