Түркістан облысы: Еңбектің тері тамған жерде, берекенің дәні өседі
Бұл өңірде шөл мен дала басым болса да, аймақтың негізгі экономикалық бағыты – ауыл шаруашылығы. Соңғы жылдары орман және балық өнімдерін дайындауға мән беріле бастаған. Шет мемлекеттер мен отандық инвесторлардың қаржысы негізінде басқа да салаларды дамытуға көп көңіл бөлінуде. Жергілікті азаматтарды еңбекпен қамтудың картасына сәйкес, биыл 130 мың 769 жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Елу жеті пайызы жұмысшы мамандықтар болмақ. «Ұлттық жобалар» аясында жүзеге асырылатын 375 жоба шеңберінде төрт мыңнан астам жұмыс орындары құрылмақ.
– «Еңбек» бағытындағы бос жұмыс орындары бойынша ашылатын 57 мың 221 жұмыс орындары мен 32 мың 448 субсидияланған жұмыс орындары бойынша да жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Бір жүз жиырма бес инвестициялық жоба негізінде ашылатын екі мыңнан астам жұмыс орындарының тең жартысы – жұмысшы мамандарына тиесілі. Жауапты басшыларға колледждер мен арнаулы білім орталықтарында мемлекеттік тапсырыспен оқытылып жатқан мамандықтарды қажетті жұмысшы мамандықтарына сәйкестендіруді тапсырамын. Өңірімізде іске асырылып жатқан жеке инвестиция жобаларына қажетті мамандықтарды айқындап, колледждерге кәсіби маман даярлауға ұсыныс енгізіңіздер. Жұмысшы мамандықтарын белсенді дамыту керек, – деді осы тақырыптағы алқалы жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
– Инвесторларға ең алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту бойынша талап қою қажет. Жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы, жалақы мен еңбек жағдайларын жақсарту, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты еңбекақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруды тапсырамын. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірде еңбекке қабілетті адам саны 800 мыңнан жоғары. Және екі жүз мыңнан астамы жұмысшы мамандығы бойынша тұрақты еңбекпен қамтылған. Жергілікті жұмыс берушілер тарапынан үш мың алты жүзден астам жұмысшы мамандықтарына сұраныс бар екен. Колледждерге бөлінетін мемлекеттік тапсырыс қалыптастыру барысы осы қажеттілікке қарай реттеледі. Яғни, қажетті мамандар еңбек нарығының талабымен даярланады.
Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, жаңа жұмыс орындарына жолданатын азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға ерекше мән берілуі қажет. Егер жеке инвестор өз базасында кәсіби оқытуды жүргізсе, оқытудың шығындары мемлекет тарапынан өтелген соң сол ұжымда тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, мақта өндіру саласын дамытып жатқан шетел инвесторына 1400 жұмыс орындары ұсынылуда. Яғни, аймақта ашылған және енді ашылатын өндіріс орындарында жұмыс істейтін жастарды даярлау – ең негізгі мәселе ретінде басты назарда болады. Жұмысшы мамандықтарының жылын ұтымды ұйымдастырудың өңірлік жоспары жеті бағыт пен 64 қадамнан тұрады.
– Жергілікті кәсіпорындарда – кәсіби бағдар, орта, ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен ашық есік күндері және «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері мен экскурсиялар ұйымдастырылады. «Mamandyk Fest» фестивалі, «Мамандықтар жәрмеңкесі», «Дублер күні» жобасы, «One School One Skill» (бір мектеп – бір дағды) жобасы, «Jas SkillsTurkistan», «Junior Skills Turkistan» кәсіби шеберлік байқаулар мен пәндік олимпиадалар қолға алынды. Жастардың арасында «Жұмысшының бір күні» аймақтық жұмысшы мамандықтар жәрмеңкесі, «Жұмысшы мамандығы – табысты болашақтың кілті» форумы, «Мен кәсіпкермін!» облыстық сайысы, «НаурызFEST», фестивалі, «Бизнес идея» байқауы, «Чемпиондар» және «Еңбек кубогы» спартакиадалары және тағы да басқа маңызды іс-шаралардың жоспары жыл бойына жасалған, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
– «Бір колледж – бір өнім» аталатын жаңа жоба енгізу арқылы бес техникалық және кәсіби білім беру ұйымының базасында арнайы цехтар ашып, кіші кәсіпорындарға айналдыру жұмысы атқарылауда. Білікті жұмысшы маман дайындаудың құралы саналатын дуальды оқытумен отыз бес колледж қамтылған. Алпыс төрт мамандық бойынша 654 орта және кіші кәсіпорынның қатысуымен 10 мың 353 студент осы жүйемен білім алуда. Инвесторлар мен кәсіпорындардың сұранысына сай жаңа мамандықтарды ашудың мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Мектептерде 10 бейіндік сыныптар және қосымша білім беру ұйымдарында техникалық клубтар ашылады. Колледждерге ребрендинг жасау, яғни білім мекемелерінің беделін көтеру және жұмыс берушілермен ынтымақтастық нығайтыла бастады.
Айгүл Ерғалиқызының мәліметіне сүйенсек, осы оқу жылында 15 мың 525 мемлекеттік тапсырыс орналастырылған және оның сегіз мың алты жүз жетпіс сегізі жұмысшы мамандықтары. 2025-2026 оқу жылында қамту жоспарланған 15 мың 500 мемлекеттік тапсырыстың тоғыз мың бес жүзін жұмысшы мамандықтарына бөлу көзделуде. Жалпы облыста елу колледж жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі көпсалалы колледждер. Жұмысшы мамандар даярланатын отыз арнаулы оқу орындарындағы студенттердің саны 16 мың 100-ді құрайды. Арнайы атлас бойынша жас түлектерді лифт және эскалатор, жылжымайтын мүлікті басқару, ет және ет өнімдерін өндіру, агрохимия, пилотсыз ұшу аппараттары, мақта шитін өңдеу және жіп иіру, вагон жөндеу слесары, жасыл энергетика, гидротехникалық құрылыс сынды жаңа мамандықтарға оқыту қарастырылған.
Астана қаласында ақпан айының 10-15 күндері ұйымдастырылған «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің ауыл шаруашылық және су ресурстары көшесінде орналасқан Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің (ветеринария және зоотехния мамандықтары бойынша оқу әдістемелік бірлестік) көрмесінде ауыл шаруашылығына қажетті «3W07161101 – Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы» біліктілігін ашу мақсатында Қытайдың елімізде орналасқан «Sunkar eavision international llp» компаниясымен және басқа да отандық әлеуетті кәсіпорындармен тиімді ынтымақтастық меморандум жасады. Басты мақсат – сұранысқа ие мамандықтарды сапалы даярлау, ал кәсіпорындар арнаулы оқу орнына материалдық-техникалық көмек көрсету арқылы ұжымға қажетті болашақ қызметкерлердің заман талабына сай білім алуына жайлы жағдай жасау.
– Біздің колледж ауыл шаруашылығы үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлайды. Осы оқу жылынан бастап аграрлық салада сұранысқа ие дрон мамандарын оқытуды қолға алдық. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің экономикалық ерекшеліктерін ескеру барысында білім беру бағдарламасына жаңадан енгізілген заманауи мамандықтардың бірі. Агродрондар химиялық препараттарды жиырма пайызға, суды сексен пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Жанармай шығынына қоса жұмыс күшін және техниканы қолдану көлемін азайтады. Сонымен қатар, олар тұқымдарды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын біркелкі енгізуді қамтамасыз етеді, – дейді Сарыағаш қаласында орналасқан тоқсан алты жылдық тағылымға толы терең тарихы бар осы жетекші колледждің директоры Бағлан Төлтайұлы Шығанов.
Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі (директоры – Асанов Ахан Шакенұлы) киелі шаһардағы оқу орындарының қарашаңырағы саналатын білім мен біліктің, тәрбие мен мәдениеттің ошағы. Осы техникалық және кәсіби білім беру ұйымындағы тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығының студентері үш жақты келісім бойынша өндірістік тәжірибелерін жауапкершілігі шектеулі «Turkestan Textile» серіктестігінде (директоры – Әлішер Ералыұлы Абултаев) өткізуде. Колледждегі тігін өндірісі және өнер бөлімінің меңгерушісі Күлжан Омарбаеваның сөзіне сүйенсек, отандық фабрикада түрлі саладағы жұмысшылар мен мектеп оқушыларының және дәрігерлерге қажетті арнайы киімдерге қоса құрақ көрпешелер тігіледі. Болашақ жас мамандар тәжірибелі аға буын өкілдерімен бірге заманауи техникалық жабдықтарда жұмыс істеу арқылы түрлі пішімдерді үлгілеуден бастап, дайын өнімдерді шығаруға үлес қосады.
– Қазіргі таңда жұмысшылардың арнайы киімдерін тігу мен өңдеудің қыр-сырын толық меңгеріп жатырмыз. Бұл кәсіпорын өңірдегі дара әрі жоғары қуатқа ие ірі фабрика саналады. Жас кезімде жіп сабақтап, кесте тігу және мата қиындыларынан құрақ жасауға бейім болғандықтан осы арнаулы оқу орнынан арнайы білім алуды таңдаған едім. Енді, міне, теориялық сабақтарды кәсіби мамандардың тәжірибесімен өндіріс орнында ұтымды ұштастырудамыз. Бізге жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсеткен мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдеріне алғысымыз шексіз. Диплом алған соң алғашқы еңбек жолымды осы ұйымшыл ұжымда бастап, еліміздің ілгері дамуына үлес қосқым келеді. «Еңбектің тері тамған жерде, берекенің дәні өседі», – деген дана сөзді байырғы бабаларымыз бекерге айтпағаны анық, – деді үшінші курс студенті Балжан Пернебек.
Түркістан облысы білім
басқармасының баспасөз қызметі