Мннистрдің іссапары: Алматының физика-математика мектебіндегі кездесу
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ оңтүстік астанаға кезекті жұмыс сапары барысында республикалық республикалық физика-математика мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Жарты ғасырлық тарихы бар бұл бірегей білім ордасынан елімізге белгілі мықты математиктер, саясаткерлер, ғалымдар, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары шыққан.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы мектеп түрлі халықаралық және континенттік олимпиадаларда 67 медаль жеңіп алды, оның ішінде әлем оқушылары арасындағы ТОП-7 пәндік олимпиадаға кіретін IMO, IPhO және IOI секілді ірі додаларда төрт медаль иеленген. Жүлдегерлер ішінде Әмірлан Аманжолов, Дінмұхамед Егеубаев, Марғұлан Нұрсағатов, Ілияс Қазымбек және Максим Цой бар.
Соңғы жиырма жылда бейіндік ведомствоның қолдауы негізінде және он бес шет мемлекеттен келетін үздік үміткерлердің қатысуымен математика, физика және информатика пәндерінен ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Орымбек Ахметбекұлы Жәутіковтің (1911 – 1989ж.ж) құрметіне халықаралық олимпиаданы дәстүрлі түрде тұрақты ұйымдастырып келеді.
– Президентіміздің, ұстаздарымның және ата-анамның қолдауы маған сенімділік пен күш-қуат береді. Болашақта еліміздің өркендеуіне, отандық ғылымның дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – деді жүздесуде сөйлеген IMO күміс жүлдегері Әмірлан Аманжолов. Еліміздің бас ұстазы жиналғандармен әңгімесінде мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың толыққанды дамуына барлық жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы үш жылдан бері халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды дайындаған педагогтерге ақшалай сыйақы беріліп келеді.
– Мемлекетті алға сүйрейтін – білімді, ойлы, елге жанашыр жастар. Бізге халқының қамын ойлайтын, елінің болашағына бейжай қарамайтын азаматтар қажет. Сіздер – еліміздің мақтанышы ғана емес, үздіксіз дамуға ұмтылған және негізін білім мен ілімнен алатын зиялы ұлттың болашақ өкілісіздер. Сіздердің қол жеткізген жетістіктеріңіз қатарластарыңызға үлгі болып қана қоймай, биік белестерге талпынуға шабыт береді. Мемлекет сіздерге толыққанды қолдау көрсетіп, әрі қарай өсулеріңіз, дамуларыңыз үшін қажетті жағдайды жасайды. Сіздердің білім алуға және оны жетілдіре түсуге деген ұмтылыстарыңыз тұтас ұлт үшін қозғаушы күшке айналатынына сенімдімін, – деді Ғани Бектайұлы.
Алтын ұя қара шаңырақтың баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек мәртебелі меймандар мектептің интернаты мен мұражайы және Zertte studio зертханасын аралаған. Ардагер ұстаздар мен халықаралық олимпиада жеңімпаздары министрмен емен-жарқын әңгімелесіп, көкейде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Және бірде-бір педагогтың сұрағы жауапсыз қалған жоқ. Атақты мектептің танымал түлегі, академик Асқар Жұмаділдаев дарынды оқушылардың жетістіктеріне тоқталса, «Fizmat Endowment» қорының президенті Әсет Алтыбаев мектептің болашағы мен білім беру жобаларын қаржыландыруға қатысты ойын ортаға салды.
Және оқу сапасын жақсарту, жаңа әдіс-тәсілдер енгізу, мектеп инфрақұрылымын дамыту жайлы келелі пікірлер мен ұтымды ұсыныстар ашық айтылды. Ал, оқушылар сан сауалмен қоса арманға толы алдағы мақсаттарын жеткізді. Сала жетекшісі сапарының соңында мектеп филиалының негізгі ғимаратына қосымша салынып жатқан жаңа нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын бағамдап, мердігер мекеменің қарқынды ісіне оң бағасын берді.
Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) – отандық білім беру жүйесінде өзіндік маңызды орны бар оқу ордасы. Бұл мектеп – елу жылдан бері математика, физика және информатика бағытына бейім дарынды балаларды анықтап, оларды дамытуды жүзеге асыруда биік белестерді бағындырып келеді. Республикалық физика-математика мектебінің негізгі мақсаты – тереңдетілген білім беру арқылы әрбір оқушының зияткерлік әлеуетін танып, оларды ғылыми ізденістер мен зерттеулерге бағыттау.
Нұрлан МЕРАЛЫ,
фото – almaty.fizmat.kz