Жоғары сынып оқушылары кәсіби мамандықты меңгеріп шығады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен ұйымдастырылған өткен аптадағы кезекті жалпы отырыс барысында депутаттар мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, ТМД аясындағы халықаралық келісімді ратификациялады. Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Түзетулерді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды.

Депутат заң жобасында халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған оқушыларға және оларды конкурсқа дайындаған мұғалімдерге біржолғы төлемақы төлеу туралы норма қарастырылғанын айтты. Бұрын мұндай төлемдерді тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары ғана алатын. – Бұл норма Мемлекет басшысының дарынды балаларды қолдау жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Бұл шара жастардың ғылыми әлеуетін дамыту және талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды деп санаймыз, – деді Асхат Қанатұлы. Сонымен қатар оқушылардың еліміздің мәдени өміріне араласуын арттыру көзделіп отыр.

Осы мақсатта мәдени ұйымдарға баруға мүмкіндік беретін «Ақылман» картасы енгізіледі. Шетелдік тәжірибеде де осындай бастамалар сәтті жүзеге асырылуда.  Тағы бір маңызды норма – университеттердің топтастыру жүйесін енгізу. Бұл ереже Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бюджеттен университеттерге бөлінетін гранттардың құнын олардың білім беру сапасына байланысты анықтау туралы тапсырмасына орай енгізілген. Заң жобасында жоғары оқу орындарының түлектеріне қолдауға арналған нормалар да ұсынылған.

Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедек адамды бағып отырған жоғары оқу орындарының түлектерін оқуға арналған мемлекеттік грантты міндетті түрде өтеуден босату қарастырылған. Ал шетелдік жоғары оқу орындарының резидентура, магистратура, аспирантура және докторантура бағдарламаларын аяқтаған тұлғаларға міндетті жұмысты өтеуді кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі. Депутаттың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласына да өзгерістер енгізіледі.

Біріншіден, балабақша салуға берілген жер телімдерін жеке меншікке беруге тыйым салу. Бұл шара балабақшаларға арналған жерлерді сақтап, мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Екіншіден, алты жасқа толған және мектепке дейінгі дайындықты аяқтаған балалардың шілде айының 31-іне дейін балабақшада қалуына мүмкіндік беру. Бұдан бөлек түзетулерде мемлекеттік кітапханалардың қорын сақтау және кеңейту шаралары қарастырылған.

Мемлекеттік кітапханаларға ақылы негізде білім беру және мәдени іс-шараларды өткізу құқығы беріледі, бұл олардың қосымша қаржы тартуына жол ашады. Заң жобасының маңызды бағыттарының бірі – жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімін беру және оны өзгерту процесін ономастикалық комиссиямен келісу тәртібін енгізу. Сондай-ақ 10-11 сынып оқушылары үшін мектеп бағдарламасымен қатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша кəсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру және басқа да нормалар ұсынылған. 

10-11 сыныпта оқитын оқушылар үшін, мектеп бағдарламасымен қатар, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кəсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру туралы нормалар ұсынылды. Ол осындай мүмкіндігі бар жерлерде оқушылардың қалауымен іске асырылады, міндетті емес. Мысалы, аудан орталықтарында оқушылар бір ауысымда оқиды. Олар түстен кейін сол жердегі колледжге барып, қосымша жұмысшы мамандығы бойынша білім алады. Сантехник, аспаз сияқты мамандықтар бойынша грантпен түсіп, тек қана профильді пəндерді оқып, осылайша қысқартылған бағдарламамен нақты дағдыларды игеріп, қосымша мамандық алып шығу үшін бұл жақсы мүмкіндік, – деді Асхат Аймағамбетов.

Халық қалаулысының айтуынша, 2022 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі 10-11 сынып оқушылары үшін кəсіптік даярлық беретін пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Пилоттық жоба аясында он жеті өңірде жүзден астам мектеп пен қырықтан астам колледжде 16 түрлі біліктілік бойынша оқыту жүргізілуде. Жоба аясында алғашқы оң нəтижелер байқалуда. Биыл жеті жүзден астам түлек жұмысшы біліктілігін растайтын құжат алады деп жоспарланған жəне бұл олардың еңбек нарығына еркін енуіне мүмкіндік береді. Қазір пилоттық жоба өзінің тиімділігін дəлелдеді, сондықтан оны заңнамалық түрде бекіту – бағдарламаның тұрақты жұмыс істеуіне кепілдік береді.

Сондай-ақ заң жобасында білім беру ұйымдарындағы штаттық құрылымның ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылған. Заң жобасында білім беру ұйымдарына штаттық бірліктер мен лауазымдар туралы ақпаратты өздерінің интернет- ресурстарында жəне бірыңғай платформада жариялау міндеті енгізіледі. Бұл шара білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам мен педагогтер үшін кадрлық саясаттың айқындығын арттырады, – деп толықтырды халық қалаулысы.

Одан бөлек заң жобасында жарыстарда озат болған оқушылардың ұстаздарына бір реттік сыйақы беруді заңдастыру мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар заң жобасы аясында кітапханаларда ақылы іс-шара өткізіп, табыс табуға рұқсат берілмек. Сол сияқты жекеменшік мектептер атауы ономастикалық комиссияның шешімімен берілмек. 

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ,
фото – parlam.kz

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий