Маңғыстау облысы: Білікті басшы, ұлағатты ұстазға құрмет
Аймақ жетекшісі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің білім беру саласына сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаз, Ақшұқыр мектеп-лицейін соңғы он жылдан бері басқарып келе жатқан тәжірибелі басшы, үздік директор Қаламқас Тілеубаеваны көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Облыс әкімі ұстаздың білім саласындағы еңбегін жоғары бағалап, шәкірт тәрбиелеудегі ісіне алғысын айтты, – деп хабарлайды Маңғыстау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
– Сіз саналы ғұмырыңызды бала тәрбиесіне, ұрпақ болашағына арнап, сапалы білім беруге жарты ғасырдан бері зор үлес қосып келесіз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Ақшұқыр мектеп-лицейі өңірдегі үздік білім ордаларының біріне айналды. Білікті басшы, ұлағатты ұстаз ретінде жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиенің негізін сіңіріп, олардың үлкен өмірге қадам басуына жол ашып келесіз. Осы айтулы мерекеде сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат пен шығармашылық табыс тілеймін!, – деді Нұрдәулет Игілікұлы.
Қаламқас Тілеубаева – ұлағатты ұстаз, тәжірибелі басшы, жоғары дәрежелі педагог. Ол – «ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің және облыстық «Жыл адамы» байқауындағы «Жыл мұғалімі» номинациясының иегері. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы білім саласындағы қажырлы еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болған. Ардақты ұстаз 2014 жылдан бері Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ақшұқыр мектеп-лицейі – өңірдегі білім сапасы жоғары оқу орындарының бірі. Білім ордасы «Үздік мектеп» номинациясы бойынша бірнеше мәрте марапатталып, сапалы білім берудегі жетістіктері үшін облыстық және республикалық дәрежеде түрлі грамоталар мен сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар, түлектері еліміздің және шетелдің беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, түрлі салада табысты еңбек етуде.
Загрузка...