23-28 наурыз аралығында Haileybury Алматы халықаралық мектебінің базасында математика және география пәндерінен 9-11 сынып оқушылары арасында Республикалық олимпиада өтеді
Бұл орынды таңдау қатысушыларға барынша жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігімен, сондай – ақ “бір оқушы – бір парта – бір компьютер” қағидаты бойынша оқушыларды бір уақытта отырғызуды ұйымдастыру мүмкіндігімен байланысты. Сонымен қатар, мектеп тұрақты интернет қосылымымен жабдықталған және оның орналасуы география пәні бойынша далалық турды ұйымдастыруға ыңғайлы.
Олимпиаданың мақсаттары мен міндеттері – шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, білім алушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және дайындау, Қазақстан Республикасында білім берудің беделін арттыру.
Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірлерінен 400-ге жуық қатысушылар, сондай-ақ команда басшылары мен қазылар алқасының мүшелерін қоса алғанда 100 адам қатысуы жоспарланған.
Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиаданы өткізу процесі онлайн режимінде бейнебақылау жүйесімен жабдықталатын болады. Олимпиаданың барысын тәжірибелі қазылар алқасы, ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер қадағалайды. Олимпиада аяқталғаннан кейін нәтижелер, қатысушылардың хаттамалары, тапсырмалар мен шешімдер daryn.kz сайтында жарияланады.
Олимпиада күндерінде қатысушылар үшін спорттық ойындар, психологиялық тренингтер, сондай-ақ Көк-төбе мәдениет және демалыс саябағына және ҚР Орталық мемлекеттік мұражайына экскурсиялар жоспарланған.
Пәндік қазылар алқасының шешімі бойынша жүлдегерлер бірінші, екінші, үшінші дәрежелі дипломдармен, грамоталармен, сондай-ақ арнайы және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Олимпиаданың жабылу салтанаты 2025 жылдың 28 наурызында сағат 11.00-де Нархоз университетінде өтеді.
Ұйымдастырушылар: Алматы қаласы Білім басқармасы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Алматы қаласы Білім басқармасының “Алматы дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы.
Загрузка...