Жеткіншек ұрпақ: Жастар – жаңа идеялардың жаршысы

Тәрбие үдерісі – қоғамның негізгі қызметтерінің бірі. Тәрбиелеу міндетін бір ғана әлеуметтік институт атқара алмайтынын жете түсінуіміз керек. Бұл үдеріске отбасы, білім беру және мәдениет мекемелері сынды көптеген субъекті атсалысады. Жеткіншек ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі кепілі – осы аталған ұйымдардың бірлесе жүйелі қызмет атқаруы.

Соның ішінде мектеп тек білімін ғана емес, өмірлік маңызды дағдыларын дамытуға да ықпал орда. Мектептерде оқушыларға жауапкершілікті сезінуге, бір-бірімен тіл табысуды және ортақ мақсатқа бірге жетуді көздейтін көптеген байқаулар өткізіліп тұрады. Тағылымды іс-шараның бірі біздің білім ордасында ұйымдастырылды. Шәкірттердің шығармашылық әлеуетін дамыту және топтық жұмыс дағдыларын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған «NEXT ұрпақ» дәстүрлі байқауына білім ордасының 8, 9 және 10-сынып оқушылары қатысты. Шараның өтуіне мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Авилова мен  білім ордасының «Өзін-өзі басқару» командасы ұйытқы болғанын атап өткен абзал.

Сайыс бірнеше кезең бойынша өтті. Қатысушы командалар өздерінің тапқырлығы мен зияткерлік әлеуетінің деңгейін әр кезең бойынша паш етіп, білімдері мен біліктіліктерін сынап көрді. Атап айтқанда, «Сәлемдесу» деп аталатын алғашқы кезеңде әр топ өзінің ерекше стилін көрсетіп, креативті түрде таныстырды. Қатысушылар команда атауын, ұранын және сыртқы көрінісін сәтті ойластырған. Бұл кезеңде оқушылардың көркемдік көзқарасы мен бірлескен жұмысына назар аударылды. Екінші кезең команда жетекшілеріне арналған «Топбасшылар сайысы» деп аталады. Бұл турда оқушылар жылдам ойлау және логикалық қабілеттерін сынады. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы командалар өз білімдерін дәлелдеуге тырысты.

Үй тапсырмасы ретінде орындалған «Бейнеролик» сайысында қатысушылар алдын ала дайындалған бейнероликтерін ұсынды. Қазылар сюжеттік қойылымды, эстетикалық безендіруді, дыбыстық сүйемелдеуді және шығармашылық тәсілді бағалады. Ал төртінші кезеңде оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді. «Зияткерлік ойын» деп аталатын бұл турда оқушылардың білімдерін тексеруге логикалық тапсырмалар мен қызықты сұрақтар ұсынылды. Соңғы айналымда қатысушылар өздері алдын-ала дайындаған музыкалық қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Бұл турда оқушылардың вокалдық, хореографиялық, актерлік шеберліктері назарға алынып, сахналық көркемдік және эмоционалдық жеткізуі бағаланды. – Байқау қатысушылары өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, топтық жұмыс пен өзара қолдаудың маңыздылығын сезінді. Бұл байқау – мектеп өміріндегі жарқын әрі маңызды оқиғалардың бірі. Ол оқушылардың таланттарын шыңдап, болашақ жетістіктеріне жол ашады. Алдағы уақөытта да білім ұясында осындай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын болады, – деді ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Сәуле Жамали.

Гаухар УТЕПБЕРГЕНОВА,
Әйгерім ОРАЗАЛИЕВА,
№118 мектеп-гимназиясының қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий