Үлкенге – құрмет: Аға ұрпақ – асыл қазына

Қазақ халқы – бағзы заманнан үлкенін ардақтаған ел. «Қария – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» деп тегін айтылмаса керек. Бүгінгі бейбіт әрі берекелі өміріміз – аға буынның қажырлы еңбегінің жемісі. Олар өткен ғасырдағы зор қиындықтар мен ауыр сынақтарды еңсеріп, жарқын болашағымызға жол ашты. Қазақта «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұлағатты сөз бар.

Жастар аға буынды әрдайым қадір тұтады, үлгі-өнеге алады. Қариялар ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулып келеді. Біздің мектептің ұжымы Алматы облысы, Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында орналасқан қарттар үйіне арнайы концерттік бағдарламамен барды. Мектеп директоры Сәуле Жамалидің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған іс-шарада мектеп оқушылары тағылымы мол концерт өткізді.

Кеш басталғанда-ақ қарттардың көзінен қуаныш байқалды. Көптен бері мұндай көңілді жиын көрмеген олардың жүздерінде жылулық пен сағыныш ұялағандай көрінді. Оқушылар ән айтып, би билеп, өлеңдер оқыды. 7 және 9-сынып оқушылары ата мен әже туралы жылылыққа толы жырдан шашу шашса, 10-11 сынып оқушылары ұлттық биімізді нақышына келтіре орындады. Оқушылар тек өнер көрсетіп қана қоймай, сыйлықтарын табыстап, қарттармен сыр-сұхбат өткізді. Оқушылар концертке келе алмаған ата-әжелерлі де назардан тыс қалдырмай, арнайы барып, сыйлықтарын берді.

Өз кезегінде қарттар өмірлерінен қызықты оқиғалар айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Кейбірі немерелерін есіне алып, жанарларына жас алды. Концерт соңында үлкендер оқушыларға алғыстарын айтып, баталарын берді. Бұл кездесу олардың өміріне шаттық сыйлағаны белгілі. Үлкендерге қуаныш сыйлау үшін ұйымдастырылған концерттік бағдарлама, ерекше әсер қалдырған кеш қарттардан өте жоғары баға алды. Бұл шара тек өнер көрсету ғана емес, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуға үлес қосқаны рас. Мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Егер әрбіріміз өз атамыз бен әжемізге көңіл бөлсек, олардың өмірі қарттар үйінің қабырғаларында емес, өз шаңырағында жылулыққа бөленер еді. Қарттық – қайғы емес, қарттық – өмірдің қазынасы. Тек сол қазынаны қадірлей білейік. Өмір жолын еліміздің гүлденуі арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас.

Бибигуль АБДРАХМАН,
№118 мектеп-гимназиясы директорының
оқу-ісі жөніндегі орынбасары,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий