Lesson Study – сыныпты зерттеу нысандарының бірі

Білім беру үдерісінде сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды  жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сандық технологияларда құзырлылық  танытатын  оқушы қалыптастыруда ең  тиімді әдіс – Lesson Study.

Ең алғаш батыс елдері оқу үдерісінде жүзеге асырған. Жапонияда педагогтер ұзақ уақыт бойы сабақты зерттеуді тәжірибеде қолданған. Әлем мемлекеттері де оқыту жүйесінде жаңашылдықты талап ететін әдіс ретінде қолданады. Американдық зерттеушілер  жапон педагогтерінің жалпы педагогика саласында да, сондай-ақ АҚШ-тың білім алушыларымен салыстырғанда жапон білім алушыларының білім деңгейлері анағұрлым жоғары болуын қамтамасыз ететін белгілі бір пәнді оқыту саласында да білімдері жоғары екендігін дәлелдегеннен кейін танымал бола бастаған. Lesson Study-«сабақты зерттеу» деген мағынаны білдіреді.

Жұмыс барысында білім алушылар мен педагогтер белсенді түрде сабақта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Іс-әрекеттер зерттеліп,  бірлескен жұмыс жолға қойылады. Топтық әдісті қолдана отырып, білім беру ұйымының педагогтері бірігіп топ құрады. Жоспарлау, оқыту, қадағалау, оқыту мен оқуды талдау, өз қорытындыларын тұжырымдап, құжаттарды бірлесіп жүзеге асыратын мұғалімдер тобы қатысады. Оқу мен оқыту сапасын арттыруға арналған таптырмайтын құрал ретінде қолданылып келеді. Құрылымы жағынан ашық сабақ іспеттес болғанымен, өзінің мазмұны тарапынан бірнеше ерекшеліктерді қамтиды.Оқушылардың білім деңгейін  айқындауда  және   нәтижеге  бағытталған  сабақтарды  өткізу  арқылы  зерттеу  сабақтары мұғалімнің  кәсіби өсуіне жан-жақты  ықпал етеді. Жақсы  құрылымдалған сабақ сапалы білімге  бастау алатыны белгілі. Оның бірі де бірегейі де –зерттеу сабақтары деп санаймын.

Lesson Study-ді  тәжірибеме  енгізу арқылы кәсіби даму  мен   ілгерілеудің  формуласын аңғардым.

Lesson Study циклін өткізу үшін зерттеу жұмыстарын жоспарлап,   ұйымдастыратын  мұғалімдерден топ құрылды. Lesson Study тәсілін жүзеге асыру үшін топ мүшелерімен ақылдаса келе  «Сабақ үрдісінде диалогтік оқытудың тиімділігі» тақырыбында 7 -сыныпта зерттеу сабақтарын жүргізу жоспарланды. Сыныпта диалогтік оқытуды басты назарға алғандағы  мақсатымыз – диалогтік оқыту арқылы сыныпта оқу мен оқыту үрдісінде белсенді, бәсекелестік  атмосфера тудыру болды. Сонымен қатар диалогтік оқыту арқылы оқушылардың таным белсенділігін арттыру, қызығушылығын ояту, білім сапасын көтеру. Осы үдерісті жүзеге асыру барысында бірлесе жоспарлап, бақылаған сабақтарда өзіндік бағалау дағдыларына аса мән берілді.

Негізінен жоспарланған іс-әрекеттерді оқушылар қалай қабылдайды,  тиімді және тиімсіз тұстары,  қажетті өзгерістер мен жетілдірулер  секілді сұрақтарыма оқушылар мен әріптестердің кері байланыстары,  өзара бағалаулар арқылы жетілдіру жолдарын ұсынғанда мен мұғалім ретінде даму жолына жол аштым.  

Демек, желілік қауымдастықтың дамуын қолға алу мектеп мұғалімдерінің шағын топта жұмыс істеу мәдениеттерін қалыптастыру арқылы қалануы керек деп ойлаймын. Осы тәсілді қолдана отырып, мұғалімдер ашық түрде сабақты зерттеп, оны зерделеу барысында оқыту мен оқуды жетілдіру арқылы өзінің кәсіби шеберлігін дамыта алады. Lesson Study тәжірибелі мұғалімдермен қатар, еңбек жолын жаңа бастаған мамандарға да кәсіби жетілуіне көмектеседі. Себебі, бірлесіп жоспарлау, қадағалау, талдау арқылы мұғалімдер оқыту туралы бірлескен пікір қалыптастырады. Бұл жағдайда оқыту аспектілерін жеке ұстаным тұрғысынан ғана емес, Lesson Study дайындаған әріптестерінің көзімен де қарастырады, соның нәтижесінде Lesson Study барысында бақылаған нақты сабақты жеке жоспарлаған сабақтарымен салыстырады. Бұл мұғалімдерге өздерінің әдетте мән бермейтін, елемейтін немесе  болжамды білім ретінде сақталып қалатын нәрселерді аңғаруларына түрткі болады. Жалпы  сабақты зерттеу тәсілі арқылы сабақты талдау барысының маңыздылығы жоғары, себебі талқылау кезінде сындарлы ұсыныстар беріледі, соның нәтижесінде келесі сабақтың іс-әрекет алгоритмі қалыптасады. Осы арқылы мұғалімдер өздері байқамайтын өзгерістерді бақылаушылары арқылы ескеріп, сабақты жетілдіру жолдарын ұсынады.    Әр оқушының қажеттілігін, олардың жаңа білімді қабылдай алу іскерлігін ескере отырып, әр түрлі ресурстарды қолдану қажеттігіне, тапсырмалардың іріктелуіне, мұғалім қолдауының қажеттілігіне көз жеткіздім. Өйткені, біреуі естіп, біреуі көріп, ал кейбіреуі өз қолымен жасап қабылдайды. Әрқайсысының деңгейі әрқилы.Осы кезде саралауды дұрыс ұйымдастырып, оқушыларға дер кезінде қолдау көрсете білу өте маңызды екенін аңғарттым, сабақты зерттеу кезінде саралаудың маңыздылығына тағы да тоқтау қажет. Өйткені оқушылардың таным белсенділігін арттыруда, сұрақты түрлендіре қою арқылы белсенділік оятуда, оқушылардың жауап берудегі бәсекелестігін тудыруда диалогтік оқыту бағдарламасы бұл оқыту түрін тиімді әдіс ретінде дәлелдеп отыр.   

Диалогтік оқытуды жүзеге асыру бағытында әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, зерттеу сабақтарының кестесі жоспарланды. Lesson Study тобы зерттеудің басты мақсаты мен міндеттерін анықтап алғаннан соң әр пән мұғаліміне негізгі нысандарды анықтау міндеттелді.

–  Осы сыныптағы зерттелетін  үш оқушыны анықтау;

– Lesson Study бағытында жұмыс істейтін әрбір оқушының деңгейін анықтау;

– Lesson Study-дің соңында әр оқушының  нәтижесі  туралы анықтама;                                 

Диалогтік оқыту– белсенді, бәсекелестік атмосфера тудырудың кепілі. Тәжірибеде «белсенді емес сыныптың» мәселесі бірден шешілмейді, бірақ оқушыны   топтық   жұмысқа тарта отырып, ашық сөйлесу, пікірін тыңдау арқылы ортаға бейімдеуді  және  «оқушы-мұғалім», «оқушы-оқушы» үдерісін үнемі дағдыға айналдырсақ, үнемі оқушы пікірімен санаса отырып, оларға  ұнайтындай  әдістерді қолдана отырып  сабағымызды жоспарласақ заман талабына сай сындарлы ой айта алатын жеке тұлға тәрбиелеуге болатынын  әр сабақтан соң оқушыдан алған  пікірден аңғарттым.

Педагогика тарихына көз жүгіртсек, сабақ жоспарларын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, бақылау, проблемаларды бірігіп шешу деген бұрын болмаған.

Lesson Study мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білім жетілдірудің, тәжірибе  алмасудың оңтайлы әдісі деп санаймын. Lesson Study- оқушыға саналы білім беруді көздеген бір мақсатқа жұмылған  ұстаздар шеберханасы десек артық айтқандық емес. Өйткені,мұғалім мектептегі негізі тұлға болып қала бермек, себебі оқушы білімді өз бетімен меңгеруі үшін оған жетекшілік қызмет атқаратын мұғалім. Мұғалім тек өз сабағында өз шәкірттерін жетелеуші  ғана емес, кәсіби құзіретті, жан-жақты білімді, заман ағымына сай жаңашыл болса,  өз идеялары мен ой-мақсаттарын әріптестерінің де  санасына сәуледей сіңіріп, еріксіз еліктіріп, соңынан ілестіріп  көшбасшы  бола алады.

«Сабақ – зерттеудің қарапайым идеясы. Егер сіз оқытуды жақсартқыңыз келсе, онда  басқа мұғалімдермен  жоспарлауды, бақылауды, сабақты талқылауды бірлесе жұмыс істеуден басқа тиімді жолын таба алмайсыз» деген Левис сөзін тілге тиек етуге болады.

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай», – деген грек оқымыстысы Сократтың сөзіне мән бере қарасаңыз, ұстаз ұлағаты мен өнегесін, даналығы мен шапағатын, жетістігін  сезінесіз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.ҚР жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру курсының бағдарламасы, бірінші басылым «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016ж.

2.Басшыға арналған нұсқаулық, екінші басылым, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы.

3.Үлестірме материалдар, екінші басылым, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы.

4.Интербелсенді әдістемені   мектепте қолдану  Асхат Әлімов, Алматы 2015

5.«Деңгейлі бағдарлама бойынша педагог қызметкерлердің  біліктілігін  арттыру  курстарында  оқыту үдерісінде  бірлескен ортаны құру»  Астана,2015

 

Беркимбаева Жамила Калжановна
Ақтөбе  облыстық  мамандандырылған  физика –математикалық лицей-интернатының  тәрбиешісі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий