Ұстазға құрмет

Астана қаласы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінде білім саласының дамуына мол үлес қосқан ұлағатты ұстаз, география пәнінің мұғалімі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасының иегері Байулова Гүлназия Сабырқызының құрметіне арнайы «География» кабинеті ашылды.

Гүлназия Сабырқызы 45 жыл педагогикалық өтілінің соңғы 16 жылын Елордамыздың төріндегі өз орыны бар білім ордасы Астана   қаласы  №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне арнаған,  лицейдің оқу-тәрбие үдерісі мен әдістемелік жұмысын басқарудың өзіндік стилі қалыптасқан білімді менеджер.

Кабинеттің салтанатты ашылуына Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Дауешова Сындар, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасы басшысы Дүйсембаева Айман, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде аталған №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің директоры   Аманов Нұрбек Қамбарбекұлы  «атаулы кабинеттің ашылуы ұстазға деген құрмет белгісі, өзге ұстаздарға жігер беретін шара» деп атап өтті. 

Кабинетте интерактивті тақталар, цифрлық оқыту құралдары және заманауи оқу жабдықтары және географиялық коллекциялар жинағы,  пән бойынша ақпараттық стендпен жабдықталған. Сонымен қатар, кабинетте Гүлназия Сабырқызының жетістіктері, әдістемелік материалдары мен жеке еңбектері де жинақталған.

Шараның негізгі бөлімі мектептің акт залында жалғасын тапты.

Гүлназия Сабырқызының еңбегі мен әдістемелік тәсілдері бүгінгі ұстаздарға үлгі болып, білім беру саласында жаңа бастамаларға жол ашуда.

Оның шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы – «Әр оқушы – ерекше дарын иесі» деген сенімге негізделген.

Аталған шарада мектеп оқушылары сүйікті ұстаздарының құрметіне арнап, ән мен жырдан шашу шашты.

 «Ұстаздардың мәртебесін арттыру жолында ауқымды жұмыстар жүйелі жүргізіліп тұрады. Парасатты педагогтердің іс тәжірибесін кейінгі буынға үлгі ету қажетті шаралардың бірі. Мемлекеттік жоғары марапатқа ие болған ұстаздарымызды қалай қадірлесе те жарасады. Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сенғазыевтің қолдауымен бұған дейін №66 мектеп-лиейінде Тердікбай Күшай ұстаздың кабинеті ашылса, бүгін сол үрдіс жалғасын тауып отыр»,– деді алғашқы болып тілек білдірген Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар  Мұратқызы.

 ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасы басшысы Дүйсембаева Айман ұстаздардың мемлекеттің дамуындағы, қоғамдағы орнына кеңінен тоқталып, кеш иесіне, министрліктің Алғыс хатын табыстады.

 «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері Тердікбай Күшай, Гүлназия Сабырқызының ұстазы ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Серкебаева Майра, шәкірті Қазақстан Парламенті мәжілісі депутаты Сатыбалдин Ерболат, белгілі ақын Дүйсенғазы Серікзат,  Астана қаласындағы №44 орта мектебінің директоры әріптесі Култаева Ляззат Мұханбетқызы,   белгілі ғалымдар, басқа да Ұлытау өңірінен келген жерлестері ыстық лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын жасады.

Шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов, Клара Төленбаева әннен шашу шашса, мектеп оқушылары, ұстаздары «Ұстазым әнін» хормен орындады.

Ерғазы Манапұлы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий