Ақтөбе облысы: Мектеп оқушысы жарнама әлемінде жаңалық ашты
Бүгінде ұлттық тағамдарымызды заманауи тәсілмен насихаттау – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда М.Ғабдуллин атындағы №70 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Бекайдар Талгаров «Дәмді дәстүрлер» атты ғылыми жобасы арқылы ел назарын аударды, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Оқушының бастамасы – тек ғылыми жоба емес, жарнама саласында жаңалық ашуға бір қадам. Бекайдар өз жобасында қазақтың ұлттық тағамдарын – қымыз, бауырсақ, наурыз көже, қуырдақ, бешбармақ секілді асыл мұраларды қазіргі жастарға заманауи жарнама арқылы ұсынудың жаңа әдісін ұсынды. Жас ізденуші тағамдар туралы толық ақпаратты QR-код арқылы тарату идеясын ұсынды. Әр тағамның жанында орналасқан QR-кодты сканерлеген адам сол тағамның шығу тарихы, құрамы, шипалық қасиеті мен дайындалу жолдары туралы мәлімет ала алады.
— «Ұлттық тағамды тек дәмі арқылы емес, оның артындағы рухани құндылықтармен бірге насихаттау қажет. Қазіргі технологияны тиімді пайдалану арқылы біз өз мәдениетімізді кеңінен таныта аламыз, — дейді Бекайдар өз сөзінде. Жобада ұсынылған тағы бір ерекше идея — тағамдарға арналған қысқаметражды бейнероликтер мен креативті мәтіндер әзірлеу. Бұл тәсіл, әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары үшін қызықты әрі тартымды болмақ.
Мектеп ұжымы мен жетекшілері оқушының тың ұсынысын жоғары бағалап отыр. Болашақта бұл идеяны кең көлемде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бекайдардың жобасы жастарды ұлттық құндылықты заманауи үлгіде ұсынуға баулып, жарнама арқылы мәдениет пен тарихты жаңғыртуға жол ашпақ. Оның айтуынша, ұлттық тағам – тек ас мәзірі ғана емес, ол – ұлттың болмысы мен рухының айнасы.
Жас дарынның бұл еңбегі – еліміздің мәдениеті мен жарнама саласының тоғысында туған ерекше бастама.