2025 жылдың 18 сәуір күні Наурызбай ауданы «Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында» Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Алматы қаласы білім саласының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті
Кездесу жылы әрі конструктивті атмосферада өтіп, мектептердегі ғылым мен техникалық шығармашылықты дамыту жолдары жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай қаладағы барлық жалпы білім беретін мекемелерде табысты іске асырылып жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, педагогтер ұлттық деңгейдегі бағдарлама аясында білікті жаттықтырушылар өткізген оқыту курстарынан өтті. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында «Адал ұрпақ» жобасы аясында түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Оқу жылының басынан бері педагогтерге арналған 19 практикалық семинар және әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам кездесу мен конференция ұйымдастырылған.
Алматы қаласы Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, цифрлық зертханалар, AR/VR сыныптары белсенді түрде енгізілуде, STEM бағыттары кеңейтілуде. Бұл бастамалар әрбір оқушыға өз қабілетін ашуға жағдай жасауға бағытталып отыр.
Білім берудегі жаңа технологиялар жөніндегі ғылыми-әдістемелік орталықтың директоры Даурен Наурызбайұлы Сағынғалиев «Біртұтас тәрбие» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді. 2024 жылдан бастап 15 өңірлік орталықта экологиялық еріктілер жасақтары, патриоттық квесттер мен инженерлік марафондар жобалары іске қосылды. Сонымен қатар, педагогтер тәлімгерліктің заманауи әдістері бойынша оқытылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – академиялық білім мен әлеуметтік бастамаларды біріктіре отырып, елге қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу.
Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Салтанат Амангелдіқызы Құсайынова Алматы қаласының мектептерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, білім беру ұйымдары мен ата-аналар қауымдастығының ортақ мақсаты – балаларға ұлттық бірегейлік пен халықтық дүниетанымды сіңіру, олардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту. Осы бағытта тұрақты түрде мәдени-ағартушылық және спорттық іс-шаралар, қалалық семинарлар өткізіліп тұрады. Аудан бойынша отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмысы да белсенді түрде жүргізілуде.
Президенттің кеңесшісі білім беру ұйымдарының басшыларын жобалық оқытуды кеңінен енгізуге, экологиялық және технологиялық үйірмелерді дамытуға, жасөспірімдердің бастамаларына қолдау көрсетуге және оларды еңбек нарығына бағдарлауға шақырды.
Наурызбай ауданы «Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының» тәрбиеленушілері Мемлекет басшысы кеңесшісіне өздерінің ғылыми-техникалық бағыттағы жобалары — интеллектуалды робот модельдерімен және жаңашыл шешімдерімен таныстырды. Жас инженерлер өз жобаларының жұмыс істеу принциптері туралы баяндап, орталықтағы сабақтардың шығармашылық ойлау мен командалық жұмысты дамытуға қалай әсер ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, аудан мектептері ұлттық қолданбалы өнер бойынша шығармашылық жұмыстарының көрмесін ұйымдастырды. Балалар өз жетістіктері мен болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.
Загрузка...