Ақтөбе облысы: “Мектеп орманшылығы” жобасы алғаш рет іске қосылды

Ақтөбе облысы – елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылып отырған «Мектеп орманшылығы» жобасына бастамашы болған алғашқы өңір атанды. Табиғатты аялауға, балалардың экологиялық сауатын арттыруға бағытталған бұл жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда, – деп хабарлайды осы аймақтағы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Жаңа бастама мектеп пен орман шаруашылығы мекемесінің өзара тығыз байланысы негізінде құрылып отыр. Жобаның басты мақсаты – оқушыларды орманды қалпына келтіру, жасыл желек көлемін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Балалар өз қолдарымен ағаш отырғызып, өсіп-жетілуіне жауапкершілікпен қарайды. Ал орман шаруашылығы мамандары жас орманшыларға бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөліседі.

Жоба аясында мектеп орманшылығына арнайы жер телімі бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ақтөбе қаласындағы Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушылары Марат Олжас пен Арен Алина жобаның алғашқы қатысушылары қатарында өз пікірлерімен бөлісіп, табиғатты қорғауға қосқан үлестерімен мақтанатындарын жеткізді. Орман шаруашылығы саласының ардагері Амантай Сатыбалдин бұл жобаның тәрбиелік маңызы мен болашақ ұрпақ үшін берер пайдасын ерекше атап өтті.

Ең маңызды сәт – алғашқы көшеттердің отырғызылуы болды. Бұл – балалар үшін үлкен тәжірибе, ал қоғам үшін – табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын көрінісі. Жоба тек Ақтөбе қаласында ғана емес, сондай-ақ Ойыл, Қобда, Мәртөк, Әйтеке би аудандарында да жүзеге аспақ. Бүгінде облыс бойынша 400-ден астам оқушы атсалысып, 850 түп ағаш отырғызылады деп жоспарлануда. Жалпы, жыл соңына дейін өңірде 17 миллионға жуық жасыл көшет отырғызу көзделген.

Айта кету керек, бұл орман алқаптары алдағы уақытта жаратылыстану мен биология пәндерінен практикалық сабақтар өткізуге арналған ашық экологиялық сынып ретінде де пайдаланылмақ. «Мектеп орманшылығы» – бұл тек табиғатты қорғау емес, жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеуі. Ақтөбе облысындағы бұл игі жоба өңір басшысы Асхат Берлешұлы Шахаровтың бастамасымен қолға алынды. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий