Абай және Алаш: таным мен тағылым
Қазақ халқының рухани жаңғыруы мен ұлттық санасының оянуына өлшеусіз үлес қосқан қос ұлы тұлға – Абай Құнанбайұлы мен Алаш қайраткерлері. Бұл екі арнаның сабақтастығы – қазақтың мәдени, саяси және философиялық ой-санасының дамуындағы аса маңызды кезең. Абай Құнанбайұлы – XIX ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын, ағартушы.
Ол қазақ даласына Еуропа мен Шығыс өркениетінен сусындаған жаңаша ойлау жүйесін алып келді. Абайдың қара сөздері мен өлеңдері – адамзаттық құндылықтар мен ұлттық болмысты ұштастырған терең дүниетаным иесі екенін көрсетеді. Ол ел ішіндегі надандықты, жалқаулықты, екіжүзділікті сынап, ғылым мен білімге үндеді.
Алаш – Абай идеясының жалғасы. XX ғасырдың басында саяси аренаға шыққан Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және басқалары – Абайдың ағартушылық мұратын өз істеріне арқау етті. Олар Абайдың «қазақты адам қылайын» деген ұлы мұратын саяси және әлеуметтік салада жүзеге асыруға тырысты.
Алаштың көсемдері Абайды тек ақын ретінде емес, ұлттық ой-сананың реформаторы деп таныды. Олар Абай көтерген мәселелерді (білім, тәрбие, еңбек, әділет) саяси бағдарламаларына енгізіп, қазақ қоғамын жаңғыртуды көздеді. Осы мақсатпен ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мақсатымен Абай Құнанбайұлы мен Алаш қайраткерлері, ұлт көсемінің өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа жаңаша түрде жеткізудің жолдарын іздестіре отырып, «Абай әлемі», «Әлихан және АЛАШ» атты зияткерлік үстел ойындарын құрастырдым.
Ойындардың жалпы мақсаты – ұяшықтағы сұрақтарға дұрыс жауап бере отырып, өз қазыналарындағы ақшаны сақтап қалу, тығырықтан шыға білу. Қызықты ойын мазмұнына ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығынан сұрақтар кірістірілген. Осы ойынды ойнай отырып, қатысушылар бос уақытын тиімді пайдаланады, қатысушылар арасында көшбасшылық қабілеттері ашылады. Олар жаңа нәрсені жеңіл, қызықты формада қабылдауға, тез ойлай білуге, дұрыс шешім қабылдауға, ойын алаңында қалу үшін қолдарындағы қаражатты үнемді пайдалануды үйренеді.
Үстел ойындарының пайдасы өте зор, ол есте сақтау қабілетін дамытып қана қоймай, тез шешім қабылдауға, алдын-ала ойлау, жоспарлау секілді нәрселерге үйретеді.
Ойын ережесі: Ойын құрамы – бұл ойынға 2-6 адамға дейін қатыса алады. Уақыт шектеулі жағдайда «Бастау» алаңына бірінші болып жеткен қатысушы жеңімпаз атанады, ал белгілі бір уақытқа ойнатылса, ең көп қаражат жинаған қатысушы жеңімпаз атанады. Ойын басында «қазына» иесі тағайындалып, сол адам ойынды жүргізіп отырады. Ойын алаңы 32 ұяшықтан, түрлі-түсті алаңда жүру туларынан және жүру санын анықтайтын текшеден тұрады. Сондай – ақ, ортақ қазына беріліп, әр қатысушыға қазынадан өздері келісіп, бірдей көлемде қаражат бөлінеді.
Қалай ойнау керек? Ойыншылар уақытты белгілеп, таймерді қояды. Барлық ойыншылар 1-6 нүктесі бар текшені (кубик) лақытырып, көп ұпай алған ойыншы бастайды. Жүріс сағат тілімен беріледі. Жүріс жүретін ойыншы текшені лақтырады да, жүру туын (фишка) сан текшесіне байланысты жылжытады. Текшенің түсуіне байланысты ойыншыға әр түрлі мүмкіндіктер беріледі. «Бастау» алаңынан өткен сайын, ойыншы қазынадан 5000 теңге алып отырады.
Текше қайда түсті? «Абай әлемі» үстел ойыны – «Абайды білмек керек ойлы жасқа» – ұлы ғұламаның өмірбаяны бойынша сұрақтар, «Асыл сөзді іздесең» – қара сөздері, «Өлең – сөздің патшасы» – өлеңдері, поэмалары, аудармалары, «Тарихи сапарға шық», «Музыкалық сұрақ» карталарынан тұрады. «Әлихан және Алаш» үстел ойыны – «Ұлт көсемі-Әлихан» – өмір жолы, еңбектері бойынша, «Ұраны –Алаш, мұраты-Азаттық» – Алаш қайраткерлерінің өмірбаяны, «Алаш тағылымы» – шығармашылығы бойынша сұрақтардан тұрады.
“Бүгінде ІТ мен биотехнология саласындағы революция адамзатты өзгертіп жатыр. Әлемдегі жетекші мектептер балалардың креативтік потенциалын дамытумен айналысады, цифрлық технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагогтар оқыту әдістемесін ойын форматына ауыстырып, үнемі жаңа мамандықтар мен дағдыларды ізденеді. Бәріміз Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің кілті – сапалы және қолжетімді, қазіргі заманғы білім» – деп Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев баса назар аударып айтып өткеніндей, қазіргі уақытта білім алушылар білім беруші ұстаздармен бірлесе отырып, білім алудың онтайлы тәсілдерін қарастыруымыз керек.
Жас ұрпаққа үлкендердің тәжірибесін беру үшін адамдар ойын әдісін ерте замманнан-ақ қолданған. Заманауи мектептерде ойын іс-әрекеті келесі жағдайларда пайдаланылады: түсініктерді, тақырыпты және тіпті оқу пәнінің бөлімін игеруге арналған дербес технология ретінде, технология элементі ретінде, сабақ немесе оның бөлігі (кіріспе, түсіндіру, бекіту, жаттығу, бақылау) , сыныптан тыс жұмыс технологиясы ретінде қолданылады.
Әдебиеттер тізімі:
Азамат Әбілдаев, «Алаш» идеясының өзектілігі және ХХI ғасырдағы қазақ қоғамында жаңғыртылуы, «Ана тілі» газеті, 2012 ж, 3 б.
Майра Мырзахметова, «Алашым мақтанышым» https://adebiportal.kz /kz/news/view/
Қ.К.Тоқаев «Міндет – жеті түрлі ілім беретін ұрпақ тәрбиелеу» – https://egemen.kz
Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан»- akorda.kz-2020 ж.
Еркеназ Амантаевна ДОСАНОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76
мектеп-лицейдің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Астана қаласы