Астана қаласы: Оқушының екі тілдегі күнделік кітабы
Тіл үйрену мен рухани дамуға бағытталған тың жобаны Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Рахимбаев Әлихан жазған. Абайдың 180 жылдығына орай «Abai shyń» атты ерекше күнделік тек арман мен мақсаттарға жетелейтін мотивациялық жазбалар емес, сонымен қатар ағылшын тілін жүйелі меңгеруге, Абай Құнанбайұлының терең философиясын игеруге мүмкіндік беретін әмбебап бағытта құрылған, – деп хабарлайды Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Оның басты ерекшеліктерінің бірі – ағылшын тілін кезең-кезеңімен үйренуге бағытталуы. Алты айға немесе жиырма алты аптаға жоспарланған күнделікте әр аптаға бір сөздік тақырып бекітіліп, күн сайын бес жаңа сөз үйрену әдісі ұсынылады. Осы жүйелі тәсіл арқылы қолданушы бір мыңға жуық ағылшын сөзін еркін меңгеріп, кез келген шетелдік ортада өз ойын еркін жеткізе алатын деңгейге жетеді. Күнделіктің екінші қыры – Абай мұрасымен сабақтастығында. Жоба авторы күнделік арқылы жастардың бойына ұлы ақынның даналық ойларын сіңіруді мақсат етеді.
Загрузка...Ұстазы, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының: «Қазақты оятатын үш нәрсе бар – Абай, Айтыс, Жылқы» деген сөзіне сүйене отырып, Әлихан өзінің қолынан келген бір саланы – Абай философиясын кеңінен насихаттауды жөн көрген. «Abai shyń» – жай ғана күнделік емес, бұл – армандарға апарар жолды көрсететін, ұлт руханиятын ұлықтай отырып, заманауи білімге жетелейтін көпір. Жоба авторының көздегені – қазақ жастарының бойына ұлттық сана мен тілдік білім қатар сіңіп, нағыз «толық адам» болуға ұмтылуы.