Ақтөбе облысы: 180 мың оқушы бір мезетте Абай шығармаларын оқыды
Ақтөбе облысында «Абайды оқы, таңырқа!» атты бірыңғай оқу сағаты ұйымдастырылды. Игі шараға облыстың барлық білім беру ұйымдарындағы 180 мыңнан астам оқушы бір мезетте қатысып, ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін тебірене оқыды, – деп хабарлайды осы аймақтағы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Оқу сағатының мақсаты – Абай шығармашылығын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беру, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды. Іс-шара бастауыш, орта және жоғары буын оқушыларына арнайы ұсынылған шығармалармен жүргізілді.
Бүлдіршіндер Абайдың «Жаз», «Қыс», «Күз», «Ғылым таппай мақтанба» секілді өлеңдерін оқыса, орта және жоғары сынып оқушылары ақынның терең философиялық ойлары мен ұлт тағдырына арналған қара сөздерін мәнерлеп жеткізді. Білім мен тәрбиені ұштастырған бұл рухани сағат оқушыларға үлкен әсер қалдырып, ұлы Абай мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.