Абай облысы: Бесқарағай колледжінің студенттері республикалық форумда жүлделі орындарға ие болды
Теміртау қаласында «Кәсіби бастау: жұмысшы мамандықтардағы жастар» республикалық студенттер форумы өтті. Іс-шараға еліміздің түрлі өңірлерінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың өкілдері, әлеуметтік серіктестер қатысты.

Форум іріктеу және қорытынды кезеңдерден тұрды. Іріктеу кезеңіне 8 облыстан 54 колледждің студенттері қатысып, соның ішінде Абай облысынан Бесқарағай колледжінің студенттері Айымжан Досымбек пен Нұрсұлтан Бейсеков финалға өтті. Жетекшілері: арнайы пәндер оқытушысы Ақмарал Құсбекова.
Форумның қорытынды кезеңінде Айымжан «Абай облысының дамуына орман шаруашылығы мамандығының рөлі» тақырыбындағы ғылыми жобасын қорғап, «Жұмысшы мамандықтар – аймақтық дамудың негізі» номинациясы бойынша I орынға ие болса, Нұрсұлтан «Ландшафтық дизайн» мамандығы бойынша әзірлеген бейнеролигімен III орынға ие болды.
Форум аясында студенттердің ғылыми-техникалық жобалар көрмесі өтті. Бесқарағай колледжі атынан қылқан жапырақты және жеміс ағаштары, сәндік гүлдерден тұратын көрме ұйымдастырылып, апарылған өсімдіктер Теміртау колледжінің ауласына сыйлық ретінде егілді. Сонымен қатар екі колледж арасында әріптестікті нығайту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.