Елорда білімі: Жасанды интеллект – заман талабы
Астана қаласы білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың қолдауымен Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында серіктес мектеп ұйымдарының педагогтері (Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицей мен Рақымжан Қошқарбаев атындағы №44 орта мектеп және Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназия) қатысумен “Жасанды интеллект – заман талабы” тақырыбында қалалық семинар ұйымдастырылды.
Бұл басқосудың басты басты мақсаты – заманауи технологияларды білім беру жүйесіне тиімді енгізудің жолдарын қарастыру, педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және AI құралдарын оқу үдерісіне тиімді қолдану тәжірибесімен бөлісуге бағытталған болатын. Іс-шараға әдістемелік орталықтың әдіскері Мәдениет Қабатұлы арнайы қатысып, жүздесуге жиналған жетекші және серіктес білім ордаларының ұстаздары мен сала мамандарының жасанды интеллект тақырыбын жан-жақты талқылау алаңындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназияның директоры Арай Чаймардановна Сатиева мен директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Абдимутәли Темирбекович Баяков семинардың күн тәртібінде жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, оқыту платформаларындағы интеграциясы, оқу сапасына әсері сынды өзекті тақырыптардың қозғалатындығын еске салып, пайымды пікірлер мен оралымды ойлардың ортаға салынатындығына сенім білдірді.
Қатысушылар ашық сабақтар мен шеберлік сағаттарына қатысып, заманауи цифрлық құралдармен танысты. Ерекше шығармашылық атмосферада ұйымдастырылған семинардың – пікір алмасу, тәжірибе бөлісу, жаңашыл идеялармен шабыттану арқылы жиналғандар үшін өте пайдалы әрі әсерлі шара болғаны даусыз. Рас білім – болашақтың кілті десек, ал жасанды интеллект – сол болашаққа бастатын заманауи тұрғыдағы сенімді көпір.
Қалалық семинарға қатысушылар шара аясында гидропоника әдісі аталатын ерекше жобаның жетістіктерін бағамдауға мүмкіндік алды. Гидропоника — бұл өсімдіктерді топырақсыз, қоректік заттарға бай су ерітіндісінде өсіру тәсілі. Бұл әдіс арқылы өсімдіктер қажетті дәрумендер мен минералдарды тікелей судан алады, ал өнімділік әлдеқайда жоғары болады.
Осы жаңашыл әдісті мектеп жағдайында қолданып, жас эколог оқушылармен бірге тәжірибе жасау барысында көптеген қызықты мәліметтерді ұсынған осы білім ордасының ұлағатты ұстаздары — Амирова Айнұр Өскенқызы, Салам Салтанат Мұратқызы және Тасаева Индира Болатбековнаға жиналғандар ризашылышқтарын жеткізіп, зерттеушілік ізденістеріне табыс тіледі.
Бұл жобаның мектепте қолданысқа енуі экологиялық білім мен заманауи агротехнологияларға қызығатын оқушылардың ынтасын арттыра түсері айдын анық. Семинар соңында қатысушылардан құралған құрама командалар түрлі тақырыптағы логикалық сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң жауап беруге негізделген «Blitz Quiz» интеллектуалды сайыста бақтарын сынап, жеңімпаз атанған үздіктерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлық және бас жүлде кубогы табысталды.
– Осы семинарды ұйымдастырушылар тарапынан таңдап алынған түрлі тақырыптарда өткізілген үлгі сабақтар мен шеберлік сыныптардың барысын бағамдау барысында ең басты байқағаным және қуаныштысы қатысушы пән мұғалімдерінің дені жастар. Республикалық немесе қалалық деңгейдегі педагогтердің біліктілігін арттыруға маманданған тиісті құрылымдар арнайы оқытпса да кейінгі буын ұстаздардың жасанды интеллекті тақырыбын өздігінше зерттеп, тиімді тұстарын оқушыларға сабақ беру барысында кеңінен қолдана бастағаны әрине қолдайтын құптарлық.
Себебі қазіргі кезде мектеп қабырғасында білім алып жүрген жастар «Альфа ұрпақ» саналады. Олардың алғашқы тобы осыдан он жыл бұрын, яғни Instagram іске қосылған және алғашқы iPad-тың тұсаукесері болған жылы дүниеге келе бастағанын айтады халықаралың зерттеушілер. Кейбір әлеуметтанушылар бұл балалардың кітап пен сурет дәптерінен бұрын планшетке тезірек қол жеткізгенін, сонысымен жоспарланбаған жаһандық сынақтың бір бөлігіне айналғанын айтады.
Демек оларды пән сабақтарына қызықтыру үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгіну әріптестердің уакытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетумен қатар білімнің сапасын арттырудағы пайдасы зор, – деді қорытынды кезеңдегі сөзінде әдістемелік орталықтың әдіскері Мәдениет Қабатұлы.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...