Тау тұлға: Ұлттық ұстаз – Құмаш Нұрғалиев
Бүгіндері еліміздің білім беру саласында түбірлі өзгерістер үрдісі кең жүріп жатқаны аян. Білім берудің мазмұны, оны жүзеге асыруда қолданылатын оқу құралдары мен жабдықтары, атқару технологиялары және әдістері, материалдық-техникалық базалары тағы басқа жаңаруда. Қоғамның жаппай цифрландырылуына байланысты білім беру үрдісі электрондық жүйеге көшуде. Алайда, бұл жасампаздық білім берудің дәстүрлі және тарихи негіздерінен алшықтау емес, қайта сол негіздерді жаңа қоғамдық, әлемдік өзгерістерге үлестіріп, одан әрі жетілдіру және дамыту болып табылады.
Міне, осы көз көзқарас тұрғысынан алғанда, қазіргі білім беру өзінің тарихи және дәстүрлі сипаттарымен тұтастану жолында дамуда деп қарауға болады. Бұл сабақтастықты, бұл тамырластықты, заңды қыбылыс деп бағалау қазіргі және ертеңгі педагогикамызды дұрыс анықтауға негіз береді. Осы тарихи желіде еліміздің тәуелсіздікке ие болу алдындағы 50-90 жылдардағы мектеп идеялары айрықша орын алатыны көрінеді. Аталған кезеңде басымдыққа ие болған іргелі көзқарастар мен жетістіктердің жүйесі күні бүгіндері де құнды.
Осы бағытта адамды қоғамға пайдалы етіп тәрбиелеу үшін білім беру, тиесілі дайындау міндетін сапалы әрі жаңашылдықпен атқарған Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Нұртазина, КСРО Халық мұғалімі Құсейін Айтқалиев, білім беруді республикамызда ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева сынды тағы басқа ұлт тұлғаларының алдыңғы қатарында жанкешті ерлік еңбек еткен, азаматтық, ұлттық армандарын жүзеге асыра алған КСРО Халық мұғалімі ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ұстаздық бейнесі ерекше.
Осы тұрғыда, мектеп дамуы тарихында із қалдырған ұстаз Құмаш Нұрғалиевтей нағыз патриот тұлғаның педагогикалық-азаматтық үлгілерін қазіргі ұрпақ назарына ұсыну өзектілікті ғибрат болмақ. Иә, Құмаш Нұрғалиұлының ұстаздық ізгілігі мен тұлғалық зиялылығы біртұтас құбылыс болды. Тәуелсіздік жылдарында қазақтың азат ойлы, дербес тарихнамасын қалыптастырған ең ірі тарихшы ғалымдарымыздың бірі Манаш Қабашұлы Қозыбаев: ”Тұлға – қандай қасиеттермен, елден ерек, жұрттан бөлек болуы керек.
Тұлға – интеллект, ақыл, парасат иесі. Ол өткірлігімен, тапқырлығымен, көрегендігімен, қажымас күш-қуатымен, басқаша айтқанда көсемдігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшеленген жан,” – дегені кемел кейіпкеріміздің де тұлғалық, ұстаздық бейнесіне тән. Құмаш Нұрғалиевтің “мектеп директоры, педагогикалық жетекші, білгір ұйымдастырушы ретіндегі өз заманынан озық” (ҚР бұрынғы Білім және ғылым министрі Б.Айтымованың пікірі) идеялары қашанда қымбат.
Үлкен әріпті педагогтың ұлт рухын көтерген ерен еңбегі, азаматтық-адами тұлғасы, биік прасаты, қазақи ой-сананың, дәстүрдің қорғаны екені, халықтың болашағы үшін қам жеген тұлға болғаны өзіне назар аударады. Белгілі педагог ғалым С.Қалиев “Өскеменнің әрі Мересьеві, әрі Сухамлинскиі” атты мақаласында “Қ.Нұрғалиев басқарған мектеп ұжымы үнемі жаңашылдықтың жаршысы бола білді. Мектеп республикада бірінші болып компьютерлік кабинеттік жүйеге көптен бұрын көшті. Ол басқарған мектеп-озат тәжірбиенің лабораториасы,”- деп үлгі етіп ұсынған.
“Қазақтың тәлімдік ой-пікірлер антологиясы” атты кітапта 1920-2000 жылдар аралығында мектеп, оқу-ағарту саласында аянбай еңбек сіңірген, жүрегі халқым деп соққан, тіпті сол үшін шыбын жанында құрбан еткен А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Е.Бекмаханов, тағы басқа сол сияқты тұғырлы тұлғалармен Қ.Нұрғалиевтің қатар тұруы оның тарихи орнын көрсетеді. Кеңестер Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысы майдангері көрнекті ғалым Мәлік Ғабдуллин Құмаш Нұрғалиевке жазған хатында:”Кеше майдан ері едің, бүгін еңбек ері болғаныңа мақтанамын”- деп жазған екен.
Қазақ зиялыларының арасында Қ.Нұрғалиевтің көзқарастары мен кәсіби -шығармашылық мұрасының орыны бөлекше және халыққа қызмет етудің үлгісіндей көрінеді. Кезінде ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай ұлттық зиялылар қатарына өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алатынын айтқан екен. Шәкәрімде осы ойды өлеңмен жеткізіп кеткен:
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта оны біл.
Кейінгі ұрпақ үшін Қ.Нұрғалиевтің ерлік, даналық өмірі, ұстанымдары, көзқарастары, кәсіби мұрасы азаматтық мектеп бола алады. Құмаш Нұрғалиұлы 1925 жылдың қазан айында, Шығыс Қазақстан облысы Марқакөлдегі Бұғымүйіз ауылында дүниеге келеді. Мектептен кейін педагогикалық училищеде оқуды арман етеді. Алайда әкесінің науқастанып, қайтыс болуы ол арманға тежеу салады. Сөйтіп, он бес жастағы Құмаш мектептен қол үзіп күн көріс үшін ауылда қоймашы, сатушы, ауылдық кеңес хатшысы жұмыстарын абыройлы атқарып, алғырлығы мен жауапкершілігі ел көзіне елініп, жергілікті жастар ұйым-комсамол камитетінің басшысы болып сайланады.
Ол мектепте оқи алмағанымен, көпшілікті басқаруда ысылып, алдын болжау, өзіне мақсат қою қасиеттері қалыптасады. Өз бетінше 9-класс оқулықтарын зерделеп оқиды. 1943 жылы әскерге алынып, командирлер курсында дайындықтан өтеді. Бұл оның ой өрісін кеңітіп, саяси саналыққа үйретеді. 1944 жылы майданның алғы шебінде кіші сержант дәрежесінде Латвияны фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысады. 1944 жылдың күзінде Рига үшін қанды шайқаста Қ.Нұрғалиев ауыр жараланады.
29 октябрьде, тура өзінің туған күнінде қазақтың жас жігітіне тағдырдың сыйы осы болады. “Диагнозы: амплутация обеих бедр и левого крецплечи“, – деп жазылады госпиталда. Ол 1944 жылы желтоқсанда Мәскеудегі әскери госпиталға жеткізіледі. Сонда он екі күрделі отаға төтеп береді. Осы госпитальде болған уақытта 9-10 кластар оқу бағдарламаларын өз бетінші толық меңгеріп, экстернант түрінде емтихандар тапсырады.
1945 жылы үш айлық коммуналдық кәсіпорын бухгалтері курсын үздік бітіріп, есепші мамандығын иеленеді. Бұл білім кейін оған директорлық қызметі кезінде көп көмек болады. 1946 жылы күзде қос балдақпен елге оралады. Орыс тіліне жетіктігі пайда беріп, ауылға келгеніне 10 күн өтпей, өз ауылындағы мектепке мұғалім болып, тағайындалып педагогика әлеміне кіреді. 1946 жылы өзінің туған күні қазан айының жиырма тоғызы күніне сәйкес келген аптаның жұмасында Қанипа Әйкенқызымен отау құрады.
Осылайша рухы күшті жігіт, тағдыр тауқыметіне мойынсұнбай, қайсарлықпен алға өрлей береді. Сол кездегі Марқакөл ауданында бірде-бір қазақ мектебі болмаған жағдай жас-педагог жанына батып жүргенде ауданда Сармөңке ауылында бірінші рет қазақ мектебі ашылып, сонда мектеп директорының орынбасары лауазымында іске кірседі. Оның замандастарының пікірінше, Құмаш Нұрғалиевтің маңдайына бірінші жол бастаушылық бақыты яғни көсемдік өмір салты жазылыпты. Туа біткен ұстаз халықтың болашағы үшін балалар өз ана тілінде оқуы керектігін талмай-танбай ғибраттауға өмірін арнайды.
Өзге тілдерді өз тілі арқылы менгерсе дұрыс болар деген ұстаным ұстанады. 1948 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне сырттай түсіп, оны үздік бітіреді. Адам өзіне сыншы болып, өмірге саналы көзбен қарауға үйренсе, әр нәрсенің себеп -салдарын анық танып біле алады. Сонда ол өз ісінің сәтсіздігін өзгеден көрмей әділдікке жетеді. Содан өзіне сабақ алады деген ғибратты ұстанған ол өмірден артта қалмай, бірінші топтағы мүгедектігіне қарамастан биік армандарға қол созып, бір жола ұстаздық жолға түседі.
Қ.Нұрғалиевтің басшылық және ұйымдастырушылық қызметі “Боран”мектебіндегі директорлық қызметінен басталады. Ол 1957 жылы Марқакөлдегі “Боран” кеңшарындағы орта мектепке директор және тарихшы мұғалім ретінде жіберіледі. Содан өз өмірінің соңғы минутына дейін өзін осы мектепке арнайды. 1968 жылы Мәскеуде өткен мұғалімдер съезіне қатысқан Қ.Нұрғалиев сондағы Мемлекеттік биліктен мектеп салуға рұқсат алады. Сөйтіп, 1978 жылы өз заманына сай сәулетті зәулім мектеп үйі тұрғызылады.
Мектептің кіре беріс қабырғасына “Боран мектебінің оқушылары Мәскеу мектебінің оқышыларынан несі кем?!”, – деп, қояды. Жаңа мектеппен қатар мектеп маңынан мұғалімдер қалашығының негізін салады. «Менің ауылдық балаларымның қалалықтар сияқты техникалық базада оқуға құқы бар», – деген Қ.Нұрғалиев, “Боран” орта мектебінде барлық пәндер үшін кабинеттер жасап талапқа сай жабдықтайды. Республика бойынша ең алғашқы техникалық және теледидар орталығын құрады.
1978 жылы Ленинград қазіргі Санкт-Петербург қаласының оптика-механикалық ұйымынан бейне магнитофонмен теледидарлық кешенді Қазақстан бойынша бірінші болып алады. Сол кезде іздесең таба алмайтын алпыстай теледидардың әр класс бөлмесінде болуы таң қаларлық жай еді. Сөйтіп, жетпісінші жылдардың өзінде ол жетекшілік еткен мектеп сол кезеңдегі жаңа техникаларды тиімді пайдаланып, оқу үрдісін ақпараттандыру мәселесін бастайды.
Олар Қ.Нұрғалиевтің Алматы мен Мәскеу биліктерінің табалдырығын тоздырып, немқұрайлы қаратқызбай қайта-қайта мазалап бастамашылдығымен ерекше құлшынысы мен қолжеткізгені қазір айтуға оңай, ал ол кезде бұл директорлық ерлік ең үлкен тәуекелшілдік еді. Ол өмірінің соңғы сәтіне дейін қазақ мектебінің қамы үшін күресті. Сонымен қатар ол мектеп кадрларының сапалы болуын ойлады. Педагогикалық жоғары оқу орындарында мектептің қызметін басқару, ұйымдастыру мәселелеріне оқытуды ұсынды.
Қазіргі заманның тілімен айтқанда мектеп директоры, білім беру менеджері, ол басқару ғылымын, маркетинтті меңгеруі тиіс деп бұл мәселеге баса назар аударатын. Ұйымшыл ұстаздар ұжымының жаңашыл жетекшісі педагогикалық көзқарастарында мектептегі пән мұғалімдерінің басым көпшілігінің ер адам болуын дұрыс көреді. «Бұл әйел мұғалімдерінің намысына тиетін талап емес дер едім… Отбасында әке тәрбиесін көрмеген ұл қандай болмақ, әкесінің қасында өскен ұлдың айырмасына ой жүгіртіңізші. Айырма көп», – деп, әлеуметтік мәселе ретінде қарауға шақырады.
Әділін айтсақ, қазіргі уақытта бұл әлеуметтік өзеттілік мәселеге жеткілікті көңіл бөлініп жатқан ешкім жоқ. Ер мұғалімнің бала тәрбиесінде ықпалын артыру бүгін де көкейкесті әңгіме екені аян. Қ.Нұрғалиев үнемі үздіксіз білім беру мен тәрбелеу жолдарын жетілдіру мен айналысады. Ол алғаш рет, оқушылардың өзін-өзі басқаруын еңгізді. Бұл балалардың жауапкершілігін арттырды. Өзін өзі дұрыс ұстауға үйретті. Оқу белсенділігін күшейтті. Мысалы 1988 жылғы мектеп түліктерінің сексен сегіз пайызы жоғары оқу орындарына түскен.
Құмаш Нұрғалиевке өзінің жасаған жаңалықтарының өте керек және өте маңызды екенін, қоғамның да қажетсінгені және өзінің сезінген бақыты күш-қуат береді. Өмірінің кемел шағында Халық мұғалімі адамға берілетін ең жоғары нағыз шынайы бақытты иеленді. Ол – балаларға ұлы және ізгілікті қызмет ете алғанын білу. Сондай-ақ ол дүниедегі ең үлкен бақыт халықтың сүйіспеншілігімен құрметіне бөлену және бұдан зор байлық та жоқ деп білді.
Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев 1980 жылы шыққан «Советский Казақстан» атты еңбегінде: «Бұл ғажап адамның өзінің өмірі ерлік, ол шәкірттерді рухани адамгершілікке тәрбиелеуге, олардың азаматтық сапасын, саяси санасын қалыптастыруда ғибратты өнеге болып табылады», – деп бағаланғанындай бұл парасатты педагогтың өмір салты және асыл мұраты еді. Ол ауыл мектебінің авторлық үлгісін құрды. 1975 жылы мектеп КСРО Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде екінші орын алады. 1978 жылы Мәскеуде екінші рет мұғалімдер съезіне қатысады.
1980 жылы Қазақ КСР ауылшаруашылығының қола медалін иеленіп, үшінші орын алады. 1980-1981 оқу жылы сол кездегі Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі Қажахмет Балахметұлы Балахметов министірлік қызметкерлерімен мектептегі сабақтарға қатысады. Жұмыс үстіндегі теледидарлық-техникалық жүйені сынақтан өткізіп, танымал тау тұлға басқарған мектепті озат тәжірибенің лабораториясы деп таниды. 1982 жылы Қазақ КСР Оқу-ағарту министірлігінің коллегиясы Боран мектебінің іс-тәжірибесін талқылап республика мектептеріне тарату туралы ұйғарым қабылдайды.
Оған мектептің жаңаша оқыту технологиясына көшуі, 1981 жылы Бүкілодақтық халықшаруашылық көрмесіне қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталуы негіз болған. Ұлағатты ұстаз 1985, 1987 жылдары Алматыда өткен Қазақстан мұғалімдерінің III және VI сездеріне қатысып, өз тәжірибесімен бөліседі. 1981 жылы «КСРО Халық мұғалімі» атағын алады. Жалпы Қазақстан бойынша КСРО Халық мұғалімі атағына бар болғаны төрт-ақ азаматтар: Құмаш Нұрғалиев, Айтқалиев Құсейін, Касимов Төлепберген, Кубраков Григорий – ие болғаны бұл атақтың аса жоғары мәртебе, айрықша құрмет екенін көрсетеді.
Ол әскери ҚызылТу, Отан соғысының I-дәрежелі орденімен, Еңбек ҚызылТу, Ленин ордендерімен, бес медальмен «Қазақ КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» және «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгілерімен және атаулы әрі жоғары дәрежелі Құрмет грамоталарымен марапатталады. Осынау биіктегі өзге де алған марапаттары оның шын мәніндегі ардақты азамат ретінде танылғанын көрсетсе керек. «Азамат деп ез болып отыра бермейтін, замана талқысына көнбейтін, талап пен талантын жегіп, терін төгіп, сүрінсе мұқалмай тұла бойы құласа да, тіккен туды құлатпаған, тірісінде есімі аңызға айналған бір туар ұлын айтады», – деп ғалым Манаш Қабашұлы айрықша атап айтқандай Құмаш Нұрғалиұлы ғибаратты ғұмырында шыққан биігінен түспеген және мектептің жаңа үлгісін құру арманынан қайтқан емес, қайта одан да әрі биіктерге ұмтыла берген.
1988 жылы мамыр айында ауруханада жатып, Құмаш Нұрғалиев тұңғыш рет Қазақстан бойынша мектепке «Ямаха» компьютер сыныптарын жеткізу мәселесімен шұғылданады. Бұл оның осы өмірден озуына бірнеше күн қалған кез еді. Мәскеуде Қазақ КСР-на бөлінген компьютерлердің бірі министрлікке, бірі ҚазМУ-ге, бірі Шығыс Қазақстандағы Боран орта мектебіне Құмаш Нұрғалиевті халық соңғы сапарға шығарып, қоштасып жатқан кезде жеткізіледі. Ардақты азамат 1988 жылғы мамыр айының 27-сінде бұл дүниеден бақилыққа өтеді.
Жараланған кезде оның қасында болған медсестра Мария Васильевна Ракова кейін: «Мен Құмаш Нұрғалиев тірі қалғанын, екі аяқсыз бір ғана қолмен Қазақстанда өмір сүріп жатқанын білдім. Ол жай ғана тіршілік етіп емес, ол өз өмірін қайта құрып, өзі сүйген ұстаздықтың іргетасын біртіндеп қалап, қажымай-талмай асқан төзімділікпен жеңіске жетті. Бұл оның бейбіт өмірдегі жеңісі емеспе?!», – деп естелігінде тамсана жазған. Оның жаңашыл жетістіктері педагогика тарихында алтын әріппен жазылды.
Бүгінде ол армандағандай тәуелсіз мемлекетіміздің барлың аумағында заманауи мектептер салынып, интернет желісіне қосылып, ақпараттық қызмет көрсетумен қамтылып, оқу-тәрбие ісін цифрландыруға көшуде. Егеменді еліміздің ұл-қыздары соңғы үлгіде жабдықталған мектептерде білім алуда. Қ.Нұрғалиев мектеп басқарған жылдардағы қызметін республикамыздың сол кездегі халықа білім беру ісінің дамуымен тығыз байланысты болғанын ескере отырып, оның өзіндік ұстанымы бар, білім беру жүйесінің, мектептің даму бағыты жайлы балама жол ұсына алған ұлттық денгейдегі тұлғалардың бірі екенін мақтан етеміз.
Майталман мұғалімнің педагогтық, басшылық- ұйымдастырушылық қызметінде авторлық мектеп қалыпдастыруды, ауыл мектебін сақтау және дамытудағы тарихи қызметі айрықша. Ауыл мектебінің жергілікті тұрған мекені мен оның тұрғындарының арасында, ата-аналар әлемінде ағарту-мәдени ошағы, педагогтық қолдау орыны болу мәртебесінде болуына үлгі салды. Оның ой-пікірлері ана тілін құрметтеуге, сақтауға шақырды, ұлттық тәрбие нәрін жасұрпақ ойына сіңіруге күш салды.
Құмаш Нұрғалиев: «Әрбір адам ізгілік сабақтастығының алдындағы парызын бастан кешуі тиіс, өзінің бүкіл өмірімен, еңбек шаттығымен адами қарым-қатынас, сұлулығын орнықтыруы керек», – дейтін. Ол осы бағытта, өз мектебінің базасында «Балалықтың рухани және ақыл-ой әлемі» деп аталған авторлық мектепті дүниеге әкелді. Осы модельдің және оның авторының өмірінің үлгісі, мәңгілік құндылықтарды негізге ала отырып, жас ұрпақ тәрбиесінде ұрпақтар сабақтастығын жүзеге асыруға себеп болады.
Бүгіндері жаңашыл педагогтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, оның аталған моделінің құндылықтары жаңартылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында көрініс тауып отыр. Қ.Нұрғалиұлының: «Менің оқушыларым өздерін бақытты сезінуі тиіс. Алдыңғылардың ерлігін құрметтесін және өмірде адамдармен қарым-қатынасын, түсіністігін бекіте түссін», – дегені тәуелсіздігіміздің және патриотизмнің мұратына қызмет етеді. Сондай-ақ, еңбекқорылық пен кәсібилік құндылықтарымен және «Еңбекке оқытуда оқушылардың жеке қабілеттері мен жас ерекшеліктері ескерілуі керек», – деген біліктілігімен үндесіп жатыр.
Ал бірлік пен ынтымақтастық тәрбиесінің бағыттарына қоса кейіпкеріміздің «Біз барлық мүмкін болған құралдармен жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге тырысамыз, бар күшті саламыз», -дегені ұтымды үйлесіп тұтастық құрады. Сонымен қатар жасампаздықпен жаңашылдық құндылықтары да озық оқытушының пайымды пікірінде көрініс табатынын байқаймыз. Ол өз мектебінің дамуы ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарын ескеруден көрінетінін айтты.
Сонымен бірге педагогика мен ғылым байланысы тәрбие жұмысында шарт екенін ескерді. Техникалық құралдар қаншалықты жетілдірілсе, де мұғалімнің жүрек жылуын алмастыра алмайтының айта отырып, мұғалім бүкіл болмысы мен мұғалім болуы керектігін талап етеді. Қ.Нұрғалиевтің мектебі болашақтың білім ордасы бола алды. Мектептің бас ғимараты жанында спортпен, еңбекпен, музыкамен айналысу үшін арнаулы жайларда бой көтеріп тұрады, ал бүкіл мектеп гүлге оранып көрінеді.
Шындығында да, бұл мектеп балалықтың рухани және ақыл-ой моделінің кішкене нұсқасы деп танылды заманында. Ол республикамызда тұңғыш рет мектеп тарихында мектептік-теледидарлық, техникалық орталық ашып, компьютерлік сыныпты, оқушылардың өзін-өзі басқаруын еңгізді, сол жылдар техникасын пайдаланып, оқу үрдісін ақпараттандыру мәселесімен айналысты. Мектеппен педагогикалық жоғары оқу орнының біріккен оқу әдістемелік, ғылыми практикалық кластерін құру идеясын бірінші рет көтеріп, өзі басшылық ететін Боран мектебін осы кешеннің базасы ете алды.
Қамаш Нұрғалиұлының бұл ғылыми-әдістемелік тұрғыдан тарихи, негізделген, заманмен үйлестірілген, көзқарастарымен, жаңашыл жасампаздық ізденістерімен, олардың практикадағы қолданыстарымен, ізгілікті идеялары күні бүгіндері де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Халық мұғалімі атағын алған дарабоздың да отбасылық әлеміде ерекше. Оның шаңырағынан қырыққа жуық мұғалімнің шығуы сирек құбылыс. Бұл педагогикалық әулетте әкенің арман-мұратының орындалып жатқан көрінісіндей ізгілікті іс.
Қ.Нұрғалиевтің егеменді еліміздің білім саласына үлес қосқан, әлі де қоса беретін, республикамызға ғана емес халықаралық деңгейде танымал педагог ұл-қыздарының шығармашылық, педагогикалық еңбектері бүгінде халық игілігіне айналуда. Үлкен қызы Манира Құмашқызы ағылшын тілі мұғалімі, «Отличник просвещения КазССР» марапатының иесі. Білім саласындағы табысты жетістіктері үшін ұлы Талант Құмашұлы «Парасат», ал қызы Гүл Құмашқызы Нұрғалиева – «Құрмет» орденімен марапатталған.
Кенже ұлы Марат Құмашұлы Қ.Нұрғалиев атындағы жоғары колледжді құрып, техникалық және кәсіптік білім беру идеясын әзірледі. Осы арнаулы оқу орнының сайтында бейне материалдармен және мәтіндік сипаттамалар ұсынылған, ол осы саладағы үздік табыстары үшін «Білім беру саласына ерекше сіңірген еңбегі үшін» марапатталған.

Бүгінде көрнекті педагог, мектеп жұмысын басқару және ұйымдастырудың авторлық мектебін қалаған, қоғам қайраткері, ұлттық ұстазымыз Құмаш Нұрғалиевтің ғасырлық мерейтойына байланысты оның ұрпақтарына құттықтау жолдай отырып, ұлы әкенің ізгі армандарын жүзеге асырудағы еңбектерін табысты жалғастыра берулеріне тіліктестік білдіремін. Құмаш Нұрғалиевтің қайталанбас қолтаңбасы мен халық қамы үшін еткен педагогикалық еңбегі ел есінен ешқашан ұмытылмайтынына сенім білдіремін.
Аягүл Төреқызы МИРАЗОВА,
Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері,
“Алтын жұлдыз” және “Отан” орденінің
иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы