Жамбыл облысының білім кәсіподағы: Білім мен спорттың салтанат құруы – уақыт талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша» деген болатын. Бүгінгі күні бұқаралық спорт білім қызметкерлері арасында да кеңінен насихатталуда.

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» ІХ облыстық спартакиадасы Президентіміздің «Жұмысшы мамандықтар жылы», Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл, Білім және ғылым салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналды.

Айтулы іс-шараның ашылу салтанаты Тараз қалалық «Ұлан» стадионында өтті. Жалпы кәсіподақтың бастамасымен Білім басқармасының қолдауымен алғашқы спартакиада «Денсаулық жылы» аясында 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығына орай ұйымдастырылған болса, бүгінгі күні спорт додасы кәсіподақ мүшелерінің қызу қолдауының арқасында ауқымы кеңейіп, дами түскенін көріп отырмыз.

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбековтың айтуынша, облыстық спартакиадаға дейін барлық аудандар мен Тараз қаласында іріктеу кезеңдері өтіп, онда үздіктер анықталып, облыстық кезеңге жолдаманы сарапқа салған. Жалпы, осы спорттық іс-шара аясында аймақтардағы іріктеу кезеңдерін қоса есептегенде орта есеппен 10 мыңға жуық білім және ғылым саласының өкілі-кәсіподақ мүшелері бұқаралық шарамен қамтылған.

Кәсіподақтар өз қызметінде саламатты өмір салтын қалыптастыруды, өз мүшелерінің денсаулығын жақсартып, оны сақтауды аса маңызды шара ретінде қарастырады. Бұл спартакиада кәсіподақ ұйымдарының өз мүшелерінің денсаулығын жақсартуға, саламатты өмір салтын насихаттауға қомақты үлес қосып отыр. Қайраты кемел, саналы азамат өсіріп шығару үшін ұстаздар біліммен қоса бұқаралық спортты қатар алып жүргенде ғана қуатты қоғам қалыптасатыны белгілі.

Спартакиаданы ұйымдастыру және оны дәстүрлі түрде өткізу еліміздің, қоғамымыздың алға жылжып, әл-ауқаттың жақсарғандығының және бір белгісі болуда. Екі күнге созылатын спартакиада барысында мақсатшыл ұстаздар ұлт болашағы саналатын жастарға үлгі-өнеге бола отырып, саламатты өмір салтын ұстанудың озық үлгісін паш етері анық. Сөзімің қорытындысында айтарым, еңбек адамының қашанда мерейі үстем, мәртебесі жоғары болсын, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.

Спартакиадаға 10 ауданның ұстаздары, Тараз қаласы мектептерінің ұстаздары мен облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелері ұстаздарынан құралған командалар, сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз Университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық университетінің профессор-оқытушылар құрамынан жасақталған ғалымдар командалары қатысып, бұқаралық спорттың 9 түрі бойынша сынға түсті. Салтанатты іс-шара ІХ спартакиада жалауының көтерілуімен ашылды.

Осыдан кейін білім қызметкерлерінің шеруі басталды. Спартакиадаға қатысқан командалардың бұған дейінгі ойындарда жеткен жетістігі мен үздік команда ойыншылары жұртшылыққа таныстырылды. Мемлекеттік әнұран орындалды. Алғашқы құттықтау сөз Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақовқа берілді. «Президентіміз Жолдауында халық арасында бұқаралық спортты дамытуды, оған қатысушыларды 30 пайызға дейін жеткізуді тапсырды.

Мен бүгін білім қызметкерлері арасында ұйымдастырылып отырған спартакиададан байқағаным, ел ішіндегі бұқаралық спорт 30 емес 35 пайызға одан да жоғарылай түскенін көріп отырмын» деп атап өтті. Одан кейін сөз сөйлеген облыстық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Білім және Кәсіподақ саласының ардагері, «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» спартакиадасының негізін қалаушы Гүлсін Орынбаева мен білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бұл іс-шараның маңызына тоқталып, командаларға ойында сәттілік тіледі.

Жалпы барлық спорт түрлерін қоса есептегенде облысымыздағы білім және ғылым саласының 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі спартакиадада армрестлинг, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, үстел теннисі, кіші футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд және асық ату түрлері бойынша бақ сынап, бәсекеге түсіп, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе №67 жайлы мектепте волейболдан өткен ойын тартысты өтті. Мұнда ширек финал ойындарынан бастап ақтық ойындарға дейін командалар арасында бәсекелестік пен жеңіске деген ұмтылыс жоғары болды.

Жанкүйерлердің демеуі Тараз қаласы мен Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов және Шу ауданы ойыншыларына үлкен сүйеу болды. Осы мектеп базасында өткен тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық ойындары да тартысты өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің технологиялық кешенінің ашық спорт алаңында ерлер арасында кіші футболдан жарыс өтсе, ал №61 орта, №67 жайлы және №24 мектеп-гимназиясында ерлер мен қыздар арасындағы ойындар бәсекеге толы болды.

Үстел теннисінен белгіленген жарыстар №67 және №64 мектептерде ұйымдастырылса, бильярд «Тараз Профсоюз Турист» ЖШС-нің базасында, ал жеңіл атлетика, армрестлинг, гір тасын көтеру «Ұлан» стадионында өтті. Бұл ойындарда көзге түскен, тамаша ойын көрсеткен білім қызметкерлері аз болған жоқ. Тоғызқұмалақтан әйелдер арасында сарысулық Әсем Мұсаахметова мен ерлерден шулық Нұрбол Әлдибайдың бағы жанды.

Ал үстел теннисінен әйелдер арасында қордайлық Сәуле Иманалы, ерлерден Асхат Асанов өзгелерден мықты болғандығын атап өткен жөн. Асық атудан ерлер арасында меркілік Қуандық Раев пен Рашид Рыскелдиев үздік шықты. Гір тасын көтеруден 90 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде тараздық Абдрасул Машенов, 90 килограмнан жоғарыда Біріккен комитет өкілі Ерік Мамадияров жақсы нәтижелер көрсетіп, чемпион атанды. Қол күресінен 90 килограмға дейінгі салмақта таластық Мамед Мамедовқа тең келер ешкім болмаса, 90 килограмнан жоғары салмақта байзақтық Ілияс Жансақалов қарсылас шақ келтірмеді.

Ал кіші футболдан өткен финалдық ойын да тартысты болды. Ақтық ойында Байзақ пен Шу командасының арасындағы тартысты ойын көптің есінде ұзақ сақталары анық. Өйткені екі команда да жан салып, аянып қалмады. Нәтижесінде байзақтық ұстаздар жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, байзақтық ұстаздар 90 килограмнан жоғары салмақта гір тасын көтеруден, әйелдер арасында бес асықтан топ жарса, волейболдан ерлер, жеңіл атлетикадан әйелдер 2 орын иеленді. Ал үстел теннисінен ерлер арасында және әйелдер арасында тоғызқұмалақтан үшінші орынды місе тұтып, ІХ спартакиаданың жеңімпазы атанып, 1 000 000 теңге жүлде қорын қанжығасына байлады.

Ал жуалылық желаяқ ұстаздар 100 метрге жүгіру мен әйелдер арасында бильярдтан 1 орынды қанжығалап, эстафетадан екінші орынды жеңіп, жалпы командалық есепте ІІ орынды (750 000 теңге) иеленді. Волейболдан финалдық ойында Шудың ерлер құрамасы байзақтық ұстаздар құрамасын жеңіп, өз командасының үздік үштіктер қатарынан табылуына үлестерін қосты (500 000 теңге). Спорт сайыстарының қорытындысы бойынша «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

«Үздік спорттық киім» номинациясын екінші спартакиада қатарынан жеңіп алған қордайлық құрама команда да сыйлықсыз қалмады. Ұйымдастыру комитеті үздік төрешілік жасаған Марианна Досжанова, Абылайхан Сейдехан, Амангелді Жүсіповты атап өтіп, волейболдан үздік ойыншы деп танылған байзақтық Мөлдір Сейтханова, мойынқұмдық Фарида Сүлейменова, Дулати университетінің оқытушысы Асылбек Умаров пен жуалылық Мамыт Мухановты да Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыс етті.

Алпысты алқымдаса да спорттан қол үзбей келе жатқан шулық Татьяна Колесникова, Т.Рысқұлов ауданынан Есқали Тойлыбай мен Біріккен комитет өкілі Майра Бимұратова «Ардагер спортшы» номинациясымен марапатталды. Кіші футболдан «Үздік қақпашы» атанған байзақтық Еламан Төлегенов, «Үздік қорғаушы» атанған жуалылық Еламан Қалдыбаев пен «Үздік шабуылдаушы» шулық Самат Бұралқиев арнайы сыйлыққа ие болды.

Жеңіс тұғырынан көрінген командалар мен жеке ойыншыларды спартакиада қорытындысында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова мен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков марапаттады. Сөйтіп, бас-аяғы екі күнге созылған спартакиада барысында мақсатшыл ұстаздар ұлт болашағы – жастарға үлгі-өнеге бола отырып, саламатты өмір салтын ұстанудың озық үлгісін паш етті.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий