“Өркен” балалардың әл-ауқатын арттыру ғылыми-практикалық институты: Отбасы институтын халық дәстүрлері негізінде дамыту

Бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде отбасы тәрбиесінің алатын орны    ерекше маңызға ие. Себебі тәрбиенің негізі – отбасында қаланады.  Өмірге келген күннен бастап нәрестені  жан – жақтан қоршап қамқорлық жасап оны жамандықтан қорғап жақсылыққа баулитын, бар мейірімін төгетін ата-анасы.  «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі»  – дейді бабаларымыз.  Сондықтанда баланың алғашқы  ұстазы ол – ата-анасы. Әр ата-ананың парызы да міндеті де тәрбиелі саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Ең бастысы денсаулығына ерекше көңіл бөлу, еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке баулу.  Бала бойындағы жақсы мінез – құлық ата-анамен үлкендердің көрсетер үлгі өнегесіне байланысты.  Баланың алғашқы ортасы отбасы сонан соң ауладан бастау алатын қоғаммен араласуы.  Келешекте қандай адам болатыны отбасындағы  тәлім – тәрбиемен ондағы қарым-қатынасқа байланысты.  Өйткені отбасы – ұлттық құндылықтардың, тәрбиенің бастауы . Себебі ұрпақ жалғастыратын шағын мемлекет ол – Отбасы.

Қазақ отбасында бала тәрбиесі әр ата-ананың, әулеттің өзіндік ережелері қалыптасып, ұрпақтан – ұрпаққа жазылмаған заң тәрізді ауызша жалғасын тауып отырған. Отбасы дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралардың сақтаушысы. Алғаш рет бала өмір жолдарымен танысады, моральдық нормаларды игереді. Өйткені отбасы азамат болып өсудің негізі. Бала өсіру, тәрбиелеу отбасының маңызды функциясы, ал басқа функциялардың маңыздылығы соған орай өзгеріп отырады. Отбасы тәрбиесі оның ұлттық ерекшеліктеріне, әлеуметтік – мәдени салт – дәстүрлеріне байланысты. Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы баспалдағы.

Отбасы тәрбиесі бастауын қайдан алу қажет және ұлттық құндылықтар дегеніміз не?, – орынды сауалдарға нақты жауап ретінде  ұлы Түркі қағанаты (VI – IХ ғ.ғ.)  мұраларының ішіндегі бізге кеңірек мәлім  Орхон – Енисей бойынан табылған тасқа қашалған  ескерткіштері қазіргі қазақтардың сөз саптау үлгісіне өте жақын шешендік өнердің дәстүрлі формалары, тұрмысы мен салтынан, мәдениетінен айқын байқалатындығын айрықша атап айтқанымыз абзал. Сол заманда өмір сүрген Қорқыттың: «Анадан  өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман… Менмен, тәкаппар адамды  тәңір сүймейді…», – деп келетін нақыл  сөздері өз мәнін әлі  де жоймай  келеді. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіндегі даналығы  мыңдаған жылдар бойы жинақталған өмірлік тәжрибеге негізделген. Қазақ дүниетанымында ұрпақ тәрбиесі ұлттық құндылықтарға негізделуі керек.

Ол халықтың салт – дәстүрімен әдет – ғұрпынан, мәдени мұраларынан орын алады.   «Тәрбие басы – тал бесік», – дейді халық даналығы. Ал тәрбиенің бастауы – отбасы. Яғни ұрпақ тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуы, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленуі отбасынан. Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ұлттық құндылықтарды насихаттаушы адам. Ал енді ұлттық құндылықтар дегеніміз – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадыр қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақталған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.

Оларға меймандостық, кісілік, силастық, имандылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, салауаттық, еркіндік, ізгілік, сыпайылық, өнерпаздық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, сияқты қасиеттер жатады. Халықтық тәлім – тәрбие мектебінің өкілдері деп кімдерді атауға болады? Халықтық тәрбиенің тамыры өте тереңде, ғасырлар қойнауында. Тәрбие құндылықтарын  айтқанда бірінші кезекте тіліміз тұрады. Өйткені тәрбие тілден басталады.

Тілсіз ұлт болмайды. Отбасы құндылықтарын қадірлеп түсінген  ұрпақ біртіндеп Отан алдындағы азаматтық борышын да өтеуге дайын болады. Ұлттық құндылықтарды ұрпақтан – ұрпаққа қалыптастырып жеткізіп отыратын, ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта бұл – отбасы. Бала тәрбиесіне жастайынан ұлттық қасиеттер мен имандылықты сіңіре алсақ, сонда ғана ұлттық рухы дамыған ұрпақ қалыптастыра аламыз. 

Сондықтан бала жанына ұлттық рухты сіңіру үшін  халықтық педагогиканың алғашқы іргетасының  қалана бастауына негіз  болған Асан қайғы, Мұхаммед – Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетей, Сыпыра, Доспамбет, Бұхар, Жиембет, Марқасқа тағы да басқа көптеген ақын – жыраулардың шығармаларына сүйенуіміз керек. Жыршы – жыраулармен данагөй билердің өсиеттері, ғибраттары және халық мақал – мәтелдері, тыйым сөздері мен ұлттық салт – дәстүрлері, әдет – ғұрпы  ұрпақ тәрбиесінің қазақи мектебі десек артық айтқандық емес. Себебі олар халықтық тәлім – тәрбие мектебінің ұстаздары бола білді.

Рухани тәрбие көрмеген адам алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесі үшін адамзатқа апат әкелуі мүмкін. Қазіргі қалыптасқан педагогика ғылымы өмірге келгенше адамзат тәрбиесімен қалай айналысқан. Әрине отбасында. Өййткені отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы баспалдағы. Баланы дұрыс тәрбиелеу болашаққа салынған сенімді инвестиция. Бабаларымыз ғасырлар бойы жинаған бай өмір тәжрибесін, рухани қазынасын  бала тәрбиесіне жұмсаған соған зор үміт артқан.

Оны халық ауыз әдебиетінде, жыршы – жыраулар шығармаларында, бейнелеу және қолөнер туындыларында көрсетіп отырған. Ұлдың тәрбиесін  әкесіне, қыздың тәрбиесін  шешесіне қарап бағалаған. Әр балаға ананың сүтімен, атаның қанымен келетін туа бітті  қасиеттер бала бойына отбасында дариды. «Ұлттық тәрбие бастауы отбасынан басталады» – деуіміз осыдан. Бүгінгі  қалыптасқан ғылыми – теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмірге келгенше де адамзат тәрбие ісімен айналысып келді.

Қағазға жазылмасада ұрпақтан – ұрпаққа ауызша нақыл – ақыл, өсиет – өнеге, қағида болып жалғасып отырды. Ол халықтық педагогика деп аталады. Отбасы мен тәрбие ұйымының ортақ мақсаты бар. Себебі болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ақын – жыраулар  өздерінің жыр маржандарымен жастардың  сана – сезімдерін тәрбиелеп жетілдіруде қоғамдық  тәрбиешілердің ролін атқарды. Тәрбиелі білім – қазына, тәрбиесіз білім – қасірет.  Отбасынан басталған тәрбие өмір бойы жалғасады.

Ұрпақтарымыз ол ертеңгі ел болашағы. Ал, ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарау болашағымызға балта шабумен бірдей. Ата – аналар  ұрпағына қандай жас кезеңінде болмасын ілтипатпен, ізгілікпен және мейіріммен қарауға  міндетті. Бабаларымыз баланың жас ерекшелігіне байланысты: «Балаңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң  ақылшы досыңдай бағала» деп еркін тәрбиелеген.

«Балаға үміт арту – әкенің парызы, ақтау баланың парызы», – деп ой түйген. Кез келген тәрбие құрамына талдау жасасақ адамгершілікпен сабақтасып жатады. Адамның  адамдық келбеті мен адамдық болмысы  оның адамгершілігінде. Адамгершілік – адам  бойындағы ізгілік, құндылық, әдеп ұғымы, адами қасиеттер мен құндылықтардың жалпы ұғымы. Отбасы мен тәрбие ұйымының мақсаты : білікті білім мен саналы тәрбиенің құндылықтарын бере отырып ұлттық үлгімен әлемдік білім кеңістігіне шығу.

Есжан Сарманқұлұлы ӘМІРОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
“Өркен” балалардың әл-ауқатын арттыру
ғылыми-практикалық институтты
жетекші сарапшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий