Астана қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясына 20 жыл: Ынтымағы жарасқан білім ордасы

Мектеп деген білім кені, жыр кені.
Мектеп деген ғылымның ең үлкені,
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені, –деп ақындар жырға қосқан білім ордасы Алтын ұя мектебімізге жиырма жыл.

2005 жылғы қыркүйек айының 1-і күні Астана қаласындағы №51 орта мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ел Тәуелсіздігінің жемісі болып саналатын бұл білім ордасы алғаш өз есігін шәкірттеріне айқара ашты. Бұл жаңалықты естіп, жүрегі қазақ деп соққан ата-аналар балаларын білім ордасына әкелді. Біздің білім ордасының басты мақсаты – оқушылардың бойына адалдық пен  құрмет, ұлттық құндылықтар мен рухани мәдениетті, еңбекқорлық пен  шығармашылықты, отансүйгіштік пен ұлтжандылықты әрбір шәкірттің бойына терең сіңіре отырып, жарқын болашаққа бағыттау.

Білім ордасының мектеп директоры болып Дүйсенова Күнімхан Смағұлқызы тағайындалды. Жаңа ашылған бұл мектепте 2005-2006 оқу жылында бір жүз алпыс мұғалімнің 45-і жоғары санатты болса, отыз алты педагог бірінші санатты еді. Білім беру ұйымының жеті ұстазы Ы.Алтынсарин  төсбелгісін иеленсе, үш мұғалім ҚР Білім беру ісінің үздігі атағын алды. Мектеп директоры Дүйсенова Күнімхан Смағұлқызы Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Халықаралық  бейбітшілік елшісі, «Колледж серіктесі» 70 жылдық, «Мұстафа Шоқай – 125 жыл», Халықаралық ұстаздар Одағының  мүшесі төсбелгілерімен марапатталған.

Ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті ұстану, ұрпақтарға аманат ретінде сабақтастыру – ол да ұстаздықтың, шеберліктің шыңы екенін басшы ретінде көрсете білді. Мектептің негізін қалап, ең қиын кезең – ашылу, қалыптасу жылдарын басқарды. Инфрақұрылымның дамуына, ұстаздардың сапалық құрамның жасақталуына, алғашқы оқу бағдарламаларының жүзеге асуына атсалысты. Жаңа ұжымның ұйымшылдығын қалыптастыруда зор еңбек сіңірді.

Қызмет еткен жылдарда жаңашыл, бастамашыл жетекші Күнімхан Смағұлқызы мектеп өміріне жаңа инновацияны енгізу, саннан сапаға өту сынды жаңалықтарымен ерекшеленді. Астана қаласы әкімдігінің (31.08.2011 ж, № 22-866) қаулысына сәйкес Мұстафа Шоқай атындағы “№51 мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып аталды. Мектеп есімін иеленіп отырған Мұстафа Шоқай – ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы, Алаш арысы. Мұстафа Шоқай атындағы мектеп тек білім ордасы ғана емес, жас ұрпақтың бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіретін тәрбие ошағы.

Мектептің алғашқы директоры – Күнімхан Дүйсенова

Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың өмірі мен еңбегі оқушыларға үлгі ретінде ұсынылып, мектептегі тәрбие жұмысының негізгі арқауына айналған. 2011 жылы «мектеп – гимназия» мәртебесі беріліп, мектептің тәрбие моделі, оқу-тәрбие үрдісін психологиялық қолдау жұмысының моделі, дарынды балаларды анықтау мен дарындылығын арттыру, мектеп модельдері жасалып, іске қосылды. Тарихы осылай басталған №51 гиназия-мектебі 20 жыл ішінде тек өрлеу жолында келеді.

Білікті басшы Джумартова Данара Мейранбековна басқарған жылдары мектептің сапалық деңгейін арттыруға баса назар аударылды. Білім сапасы мен тәрбие жұмыстары қатар жүргізіліп, мектеп түрлі олимпиадалар мен жарыстарда жоғары нәтижелер көрсете бастады. Материалдық-техникалық база нығайып, жаңа жобалар қолға алынды. «Мектептің жүрегі – мұғалім» демекші, сол жылдарда қазақ мектебінің аяғына тік тұрып кетуіне көп еңбек еткен ардагер ұстаздар: Г.А.Байбулова, О.Т.Ибраева, С.К.Аккожина, Н.А.Сейтова, Л.А.Бозшаева, А.А.Тулегенова, А.А.Алмабаева, А.М.Налиева, Р.С.Утеулина, Б.А.Ахатова, С.Б.Жусупова, К.И.Рысмағанбетов, А.Ж.Зермухамбетова, Ж.А.Жылқыбаева, З.Т.Акишева, М.А.Айбусинова, С.Х.Кзылова, А.К.Назарбек, К.И.Ильясова, С.А. Молашева аға буын әріптестердің есімдерін ерекше атағым келеді.  

Бүгінде №51 мектеп-гимназиясы елордасындағы еңселі, өзіндік дәстүрі қалыптасып, ұйымшылдығы  жарасқан іргелі оқу орнына айналды. Қазіргі таңда мектепте қырық жеті 1-4-ші сыныптар, 5-9-ші сыныптар-57, он үш 10-11 сыныптарды құрайтын барлығы 117 сынып бар. Білім ордасы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша жұмыс жасайды. Мұғалімдердің саны бір жүз сексен бір. Бастауыш білім беру -1336 оқушы, негізгі орта білім беру-1599 оқушы, жалпы орта білім беру -392  оқушы, барлығы 3326 шәкіртін білім нәрімен сусындатып, сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы қоғамға пайдалы азаматтарды қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді.

Он бірінші сынып оқушылары 193. Биылғы жылдың мектеп түлектерінен 15 оқушы «Алтын белгі» үміткері және алтауы үздік аттестатты қорғамақ. Гимназия  білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және басқа бағыттар бойынша кеңейтілген және тереңдетілген білім беруді қамтамасыз ететін жалпы және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны болғандықтан, білім беру мазмұнына жаңаша көзқарас қалыптасты. Мектеп ұстаздары тарапынан қазіргі таңда бірнеше авторлық бағдарлама мен арнаулы курстар жасалып, оқу үрдісіне енгізілді.

Мектеп оқушылары облыс, республика, халықаралық сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, биіктерді бағындырды. Жиырма жылдық тарихы бар мектебімізде мыңдаған түлектер білім алып, жаңа өмірге қанат қақты. Сан мыңдаған шәкірттің ішінде үздік білімімен ерекше көзге түскен «Алтын  белгі» иегерлері бар. «Білімнің алтын қоры – мектеп кітапханасы» дегендей, мектеп  кітапханасы – оқушылар мен ұстаздардың рухани және зияткерлік дамуына ықпал ететін маңызды орталық. Кітапхана қоры көркем әдебиет, ғылыми-танымдық, әдістемелік және анықтамалық басылымдармен жабдықталған.

Қазіргі таңдағы кітапхана қоры – 53230. Мектеп  оқулықтары 44820, жалпы көркем әдебиеттер 8410 дана, әдістемелік нұсқаулықтар 841, электрондық  кітаптар екі жүз сексен тоғызды құрайды. 2022-2023 оқу жылында кітапхана 10964800 теңгеге қайта құрылымдалды. Дизайны өзгеріп, жаңа  жиһаздармен жабдықталды. Мектебіміздің кітапханашымыз Қарлыға Жұманазарқызы Дуйсеманова ширек ғасырлық еңбек өтілі бар, білікті маман. Іс-шаралар жоспарға сай кітапханашының ұйымдастыруымен  іске асуда.

«Оқуға құштар мектеп», “Бір сынып-бір кітап”, «Әжемнің ертегісі», «Сегіз минуттық оқу», «Отбасымен бірге оқимыз» атты іс-шаралар оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. «Кітап оқып, табысты болыңыз»  жобасы мен бірге  «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған, 2025 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында әдебиетімізде өзіндік қолтаңбаларын қалдырған екі автордың шығармаларын бүкіл ел болып оқитын, Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденов  шығармаларына арналған жобалар, іс-шаралар жоспарланып, өткізілуде.

Мектеп кітапханасы – білім мен тәрбие берудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қызмет етеді.​ Оқушының  білім сапасына мектептің материалдық базасының дұрыс жабдықталуы да көп көмегін тигізетіні анық. Мектебіміздегі пән кабинеттері жаңаша үлгіде жарақтандырылған. Білім ордасының заманауи үлгісін қалыптастыруда материалдық-техникалық базасы уақыт ұзаған сайын нығайып келеді. Бүгінде компьютерлік сыныптар, мультимедиалық-лингафондық сыныптар, жаңа талапқа сай химия, физика, биология кабинеттері, интербелсенді тақталар, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі оқушылар игілігіне берілген.

Арай Чаймардановна САТИЕВА

Қазіргі уақыт – жаңалық пен инновация кезеңі. Күнделікті өмір жаңа білім мен түрлі ақпараттарға толы. Мұғалімдер заманауи білім беру технологияларын, дифференциалды оқыту, критериалды бағалау секілді әдістерді сәтті қолданып келеді. Сонымен қатар ұстаздар оқушының тек білімін ғана емес, тұлғалық дамуын да басты назарда ұстайды. Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – жан-жақты дамыған, рухани бай, мәдениетті және бәсекеге қабілеті бар жеке тұлғаны қалыптастыру.

Бұл міндетті жүзеге асыруда мектеп әкімшілігіне, әсіресе директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Туленова Ахинкуль Атабековна, Утеулина Раушан  Сайлауовна, Сагындыкова Алма Жумкеновна, директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Баяков Абдимутәли Темирбекович; директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Ысмайыл Ғалия Қыдырбайқызы, Смагулова Гулжанат Идрисовнаға жүктелетін жауапкершілік орасан.

Мектептегі оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастыратын, мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін арттырып, білім сапасын жетілдіруге бағыт пен бағдар беретін  тұлғалар. Мұғалім мен оқушы, ата-ана мен мектеп арасындағы алтын көпір. Ол мектептегі тәртіп пен мәдениеттіліктің, рухани орта мен құндылықтар жүйесінің сақталуына жауапты. Бұл қызмет білім мен тәрбиені қатар алып жүруді, ұйымдастырушылық қабілетті, педагогикалық шеберлік пен көшбасшылықты талап етеді.

Биылғы Наурыз мерекесінде біздің ұстаздар ұжымына «Алматы» ауданының әкімі Рүстем Серікұлы Тауекелов ұлттық салт-дәстүр рәсімдерінің көрсетілімін жоғары деңгейде орындағанымыз үшін екінші дәрежелі Дипломды табыстаған болатын. Мектеп ұжымы – бірлігі мен ұйымшылдығы жарасқан, оқушыға өнеге, ата-анаға серік бола білген ұжым. Осындай 20 жылдық тарихы бар мектебіміздің келешегі кемел, болашағы жарқын екені даусыз, жыл өткен сайын білімді шәкіртер мен ұлағатты ұстаздарымыз, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосу үшін елеулі  еңбек ететіне сенімдіміз!

Арай Чаймардановна САТИЕВА,
Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп
гимназияның директоры, Астана қаласы
    

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий