Кәсіби жаңа буын: Қазақстан колледждерінің 100 үздік студенті

Сәуір айының 30-ы, яғни өткен аптаның сәрсенбі күні елордасында биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенті» республикалық байқауының үздік жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі жан-жақты қолдау көрсеткен бұл ауқымды шараға еліміздің барлық өңірдегі техникалық және кәсіби білім беретін арнаулы оқу орындарынан үздік көрсеткіштерімен дараланаған жүзден астам ең дарынды және болашағы зор студент жастар қатысып, бақ сынған болатын. Жобаны жүзеге асырушы – «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды студенттерді анықтау және қолдау, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы үшін кадрлық резерв қалыптастыру. Жобаның ерекшелігі – жүйелі тәсілінде. Бұл жай ғана жарыс емес, студенттерді, бизнесті және мемлекетті біріктіретін, сұранысқа ие жаңа буын мамандарын қолдауға арналған тұғырнама. Бұл байқау жеңімпаздарының есімі мен зерттеу жұмыстарын «Қазақстан Республикасының колледждерінің үздік 100 студенті» деректер базасына енгізу көзделген және жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттарға қол жеткізеді. Сонымен қатар олардың үздік жобаларын жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетілетін болады.

Салтанатты шараға Оқу-ағарту министрі, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, бизнес қауымдастықтардың өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, педагогтер мен ардагерлер қатысты. Бейіндік ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметке жүгінсек тағдырды өзгертетін бұл бірегей байқаудың бірінші іріктеу барысында еліміздің 512 колледжінен шамамен екі мың алты жүз студент қатысқан. Аймақтық бәсекенің қорытындысы бойынша 809 студент келесі кезеңге жолдама алса, ал екі жүз үміткердің арасынан ең үздік ретінде танылған 100 білімгер республикалық деңгейде жеңімпаз атанды.

Қатысушылар кадрлар даярлаудың негізгі бағыттары саналатын сервис, ақпараттық технологиялар және агроөнеркәсіп салалары бойынша сынға түсті. Сарапшылардың пайымдауынша бұл біліктілік бәсекесі білім мен дағдыны бағалау ғана емес, сонымен қатар жас маманның табысты мансабына бастар жол болғаны даусыз. Байқау жеңімпаздардың бірқатар бірегей мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда ірі өңірлік компаниялар мен шағын және орта бизнес тарапынан жұмысқа орналасу ұсыныстары; стартаптарды дамыту және тұлғалық өсу бойынша тренингтерге қатысу; өңір әкімдіктері гранты есебінен жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтары бойынша оқуын жалғастыруы (қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде); үздік студенттер жайлы имидждік электронды журналда жариялану.

– Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру саласы еліміздің білім беру экожүйесінде стратегиялық маңызға ие. Еліміздің болашағы – интеллектуалды, білімді, заманауи жастардың қолында. Сіздердің сапалы білім алып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуларыңыз – мемлекет назарындағы басты мәселе. Бүгінде техникалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс жыл сайын ұлғайып келеді, студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты. Сонымен қатар, білім алушыларға өз кәсібін бастауға, халықаралық сертификаттаудан өтуге барлық мүмкіндік қарастырылған, Жастарға бағытталған ірі жобалар мен бағдарламалар – еліміздің жарқын болашағына жасалған инвестиция. Кәсіпті игерген адам – бақытын табады. Сондықтан бұл жыл сіздер үшін үлкен мүмкіндіктер жылы. Биылғы жылы көшбастаған үздік 100 студентті болашақтың құрылысшылары ретінде елге таныстыру арқылы олардың есімдерін кеңінен дәріптеудің маңызы зор. Сондықтан олардың ізденісін қатарластарына үлгі ету үшін министрліктің қарамағындағы жауапты құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар жүктеледі, – деді жиналған жастарға ізгі лебізін білдірген Ғани Бектайұлы.

– Astana polytechnic жоғары колледжінің студенті Мұхаметжан Ағыбайдың “WorldSkills Hungary – 2025” чемпионатында (Будапешт, Венгрия) «Веб-технологиялар» құзыреттілігі бойынша жүлделі бірінші орынға қол жеткізіп, алтын медаль жеңіп алғаны туралы қуанышты хабар алдық. WorldSkills Kazakhstan чемпионатының жеңімпазы атанған ол биылғы күзде Данияда ұйымдастырылатын EuroSkills чемпионатына қатысуға үміткерлердің қатарында. Осы халықаралық жарысқа дайындық аясында бақ сынаған дарабоз дарын Бельгия, Ұлыбритания, Испания және Кипр сияқты шет елдік үміткерлермен тартыста айқын басымдығымен тәуелсіз мемлекетіміздің абройын асқақтатты. Бұл жеңіс — отандық техникалық және кәсіби білім жүйесінің сапасын көрсетіп, қазақстандық жастардың дүние жүзілік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

– Бүгінде бизнес өндірістік процеске бірден кірісуге дайын құзыретті мамандарға мұқтаж. “ТОП-100 студент” конкурсы колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын мысалына айналды. Бұл байқау қазақстандық колледждердің жоғары деңгейде маман дайындай алатынын көрсетті. Жеңімпаздар қазіргі кезде «Allur» («СарыарқаАвтоПром»), «Qarmet», Rixos және Wyndham Garden Astana қонақүйлері, «Казцинк» және басқа да компаниялардан нақты жұмыс ұсыныстарын алды. Демек отандық бизнесті – кәсіптік білімнің басты серіктесі ретінде бағалауйымызға болады, – дейді «Talap» КеАҚ президенті Санжар Татибеков.

– Үздік жүздіктер тобы – бұл жай ғана сайыс емес. Бұл – кәсіби білім берудің маңыздылығын мойындау, еңбек пен білімге негізделген талант тек студенттің ғана емес, тұтас елдің болашағын өзгертуге қауқарлы екенін дәлелдеу. Кезекті жеңіпаздардың толық тізімі ұйымдастырушылардың ресми ресурстарында жариялануда. Олар тек үздік академиялық көрсеткіштерімен ғана емес, сонымен қатар қоғамдық істердегі көшбасшылығымен, ерекше қабілеттерімен және халықаралық олимпиадалар, WorldSkills чемпионаттары мен стартап сынды басқа да түрлі жобаларға белсене қатысуымен ерекшеленді.  

«Үздік 100 студент» байқауы – ел болашағы үшін маңызды бастама. Жастардың кәсіби дамуына жағдай жасалып, еңбегі лайықты бағаланып жатқаны қалың көпшілікті әрине қуантады. Өйткені бұл – техникалық және кәсіптік білімге деген көзқарастың жаңа деңгейге көтеріле бастағанының нақты белгісі, айқын дәлелі. Жұмысшы мамандықтар – тек экономика ғана емес, табиғатты қорғау ісінде де алдыңғы қатарда. «ТОП-100 студент» қатысушыларының экологиялық бастамаларға белсенді атсалысуы – олардың азаматтық ұстанымының шынайы көрінісі.

Жасыл болашақ үшін бірлесіп әрекет ету – әр азаматтың міндеті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған осы жобаның үздіктері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен ұтымды ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық деңгейдегі экологиялық акцияға серпінді қолдау көрсетті. «Жұмысшы мамандықтар – жасыл болашақ үшін!» деген ортақ мақсатты ұстанған «ТОП-100 студент» қатысушылары азаматтық жауапкершіліктің белгісі ретінде «Бірлік және келісім» саябағында бірлескен түрде ағаш көшеттерін отырғызды.

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий