Жеңіске – 80: Аталарымызға мың алғыс

1941-1945 жылдар аралығына созылған Ұлы Отан соғысына биыл сексен жыл толып отыр. Ұлы жеңіс – ұлы мереке. Ұлы Отан соғысында елін қорғаған, қан майданда Отаны үшін қаза тапқан ата-бабаларымыздың  жеңіс үшін жанын пида еткен ерліктері ешқашан ұмытылмас, әркез жадымызда.

Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні отбасымызбен бірге сол бір ауыр жылдарды айтып,  әкеміздің ерлігін әрқашан абыроймен еске аламыз. Байзулин Шакен Байзолдаұлы 1922 жылы дүниеге келген. 1941 жылғы маусым айының 22-і күні таңғы сағат 04.00  шамасында дабыл қағылып, он тоғыз жасында майдан кезінде соғысқа аттанды. «Отаным, жерім» деп, жан аямай күрескен.

Германиядағы Одер өзенді кешіп өтіп, немістердің бетін қайтарған. 1945 жылы Германия астанасы – Берлинді алған. Өкінішке орай, Берлинде мойнына оқ тиіп, қатты жарақат алған. 1941-1945 жылдары төрт жыл бойы соғыста от кешіп, КСРО әскерінің киімін киген неміс разведчигін ұстаған ерліктері еленіп, ерен ерлігі үшін жиырма бір жасында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Одан басқа көптеген юбелей медальдары да берілген.

Соғыс аяқталған соң күз айында туған жері Қызылағаш ауылына келіп, фермада завхоз, жылқы заводта зоотехник, поштада басшы болып жұмыстар атқарған. 1945 жылдың қараша айында Калибекова Ажар апамызбен отбасын құрып, дүниеге жеті баланы әкеліп, жеткізген. Ажар апамыздың екі бауыры Кеңес-Фин соғысынан, 1 бауыры – Калибеков Қажымұрат он жеті асында Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағына өтіп, Ұлы Отан соғысынан оралмаған.

Атамыз алпыс жасында 1982 жылғы алтыншы мамырда дүниеден өтті. «Орнында қалған оңалады», – демекші, ашаршылықты да, соғысты да бастан кешірген атамыздың ұрпақтары әр салады қызмет етеді. 2022 жылы ғасырлық мерейтойына орай балалары, немерелері ас берді. Биыл тірі болғанда 103 жасқа келер еді атамыз. Міне, осы алдыңғы аға буын майдангерлердің еңбегі мен ерлігінің арқасында бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Аталарымызға мың алғыс!   

Аблай БАЙЗУЛИН,
Жетісу облысы, Ақсу ауданы,
Қызылағаш ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий