Ерекше білім беруді қажет ететін студенттердің цифрлық әлеуетін ашу: инклюзивті білім беру аясындағы тәжірибе мен жаңашыл тәсілдер
XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның ғасырлық тоғысы. Бұл дәуірде цифрлық сауаттылық адамның кәсіби жетістігінің ғана емес, күнделікті өмірінің де негізіне айналды. Банктік операциялардан бастап, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, ақпаратты іріктеу мен сын тұрғысынан бағалау – барлығы да қазіргі заман адамы үшін өмірлік маңызы бар дағды.
Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жастар үшін цифрлық сауаттылық – олардың әлеммен байланыс орнату, өз ойын білдіру, білім алу және қоғамға бейімделуінің басты құралына айналып отыр. Ақпараттық технологиялар оларға жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып, шынайы өмірге қатысуына жол ашады. Бұл – олардың қоғамда өз орнын табуына және толыққанды азамат ретінде қалыптасуына бағыт беретін көпір.
Қазақстанның білім беру жүйесі бүгінде инклюзивті қағидаттарды енгізу арқылы әр баланың жеке даралығын мойындап, оның әлеуетін ашуға, білім мен қоғамнан шет қалмауына жағдай жасауда. Бұл – жай ғана салалық реформа емес, бұл – әлеуметтік әділеттілік пен ұлттық адами капиталды дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы.
Осыған орай ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалардың ақпараттық және цифрлық сауаттылығын қалыптастыру – бұл педагогикалық міндет қана емес, бұл – адам құқығын қорғауға, тең мүмкіндіктер беруге және әділетті қоғам құруға бағытталған жалпыұлттық миссия. Бұл міндет әр педагогтан жаңа көзқарас, бейімделген ресурстар және оқытудың заманауи әдістемесін талап етеді.
Атап айтқанда, аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балаларға арналған арнайы бейімделген оқу бағдарламаларын әзірлеу – ғылыми, әдістемелік әрі адами өлшемдер тұрғысынан бүгінгі күннің өзекті талабы. АСБ бар балалар – өз бойында ерекше қабылдау жүйесін, терең ішкі әлем мен өзгеше таным қабілетін жинақтаған жеке тұлғалар. Олардың оқу үдерісі стандартты тәсілдермен емес, педагогтың терең түсінігі, ықыласы және шығармашылықпен бейімделген амалдарымен жүргізілуі қажет.
Инклюзивті білім беру – бұл тек арнайы мамандардың емес, бүкіл қоғамның, ата-аналардың, білім беру ұйымдары мен мемлекеттің ұжымдық жауапкершілігі. АСБ бар білім алушыларға арналған жеке оқу бағдарламасы – тек пәнді үйретудің құралы емес, бұл – тұлғаның әлеуетін оятып, оның қоғаммен үндесіп дамуына жол ашатын кешенді педагогикалық бастама.
Инклюзия – бұл тек ерекше білім алушыларға қолайлы орта қалыптастыру емес, бұл – әрбір адамды тұлға ретінде қабылдайтын, сан алуандылықты қоғамның байлығы ретінде бағалайтын және шынайы теңдікке негізделген өркениетті ортаны құрудың іргетасы. Егер бұл үрдіс тек қағаз жүзінде қалып қойса, онда оның шынайы мүмкіндіктері іске аспай, білім беру жүйесі өзінің адамгершілік бағытынан айырылады.
Сондықтан бүгінгі педагог – тек білім беруші емес, инклюзия идеяларын жүрегімен түсініп, оны қоғам санасына терең сіңіре білетін тұлға болуы керек. Бұл – кәсіби міндет қана емес, азаматтық жауапкершілік. Осы орайда, Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінің тәжірибесі ерекше атап өтуге лайық. Мұнда АСБ бар студенттерге арналған «Информатика» пәні бойынша бейімделген оқу бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, инклюзивті педагогиканың заманауи үлгісіне айналды.
Бұл бағдарлама – білім алушыны оқулыққа емес, оқулықты білім алушыға бейімдеу қағидасына негізделген, адами құндылық пен технологияны ұштастырған жаңа формат. Бағдарлама мазмұны модульдік құрылымда ұсынылып, визуалды қолдау, қадамдық үйрету және бейімделген бағалау критерийлерімен толықтырылды. Курстың әр тарауына чек-парақтар, әрекет карталары, сызбалар мен пиктограммалар енгізіліп, білім алушылардың уайымын азайтуға, өз-өзіне деген сенімін арттыруға және оқу материалын меңгеруге мүмкіндік берді.
Бағалау жүйесі де инклюзивті принциптерге сай құрылып, «иә/жоқ» бинарлық әдіс арқылы нақты әрі әділ кері байланыс қамтамасыз етілді. Бұл педагогқа оқыту стратегиясын уақтылы түзетуге, ал студентке өзінің ілгерілеуін бағалауға жол ашты. Осылайша, Түпқараған гуманитарлық-кәсптік колледжінде әзірленген оқу бағдарламасы – тек оқыту әдістемесі ғана емес, ол – әрбір балаға тең мүмкіндік ұсынатын, цифрлық қоғамға қадам бастырар жаңа білім кеңістігінің нақты моделі.
Айнат КАБДУЛЛИНА,
Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік
колледжінің өндірістік оқыту шебері