«Мәңгілік есте де, жүректе де»: Жеңіс рухы мен жас ұрпақтың патриоттық белсенділігі
6 мамыр күні Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери-патриоттық клубтар мен бірлестіктер жиынының салтанатты ашылуы өтті. Бұл — еліміздің әр өңірінен жиналған жас патриоттар үшін үлкен шабыт көзіне айналған ерекше шара.
Салтанатты іс-шара барысында клубтар сап түзеп өтті, ту көтерілді, патриоттық әндер шырқалды. Театралды қойылым мен құттықтау сөздер мерекелік көңіл-күйді одан әрі күшейтті.
Ашылу рәсімінен кейін өткен «Патриоттық сағат» барысында Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Алматы қаласынан келген жастар өз өңірлеріндегі патриоттық бағыттағы жобалар мен тәжірибелерімен бөлісті. Бұл кездесу жасөспірімдер үшін үлкен мотивация болды.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында:
Жас патриоттар Академиясының негізгі қалаушысы Битуова Т. Р.
— ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалар мен жастарды тәрбиелеу департаментінің өкілдері, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры
Алматы қаласы делегациясы атынан Ұлы Жеңіске үлес қосқан барша ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, елді қайта көтерген жандарға алғысымыз шексіз! Сіздердің ерліктеріңіз — мәңгілік. Біздің парызымыз — сол ерлікті жүректе сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу.
2024 жылдың қараша айынан бастап алматылық оқушылар «Жеңіс мұрагерлері» халықаралық жобасына қатысып келеді. Жоба аясында:
— «Менің отбасымның батыры» — оқушылар өз ата-әжелерінің ерлік жолын зерттеді;
— «Алматының картасындағы Ұлы Отан соғысы» — тарихи орындарды зерттеп, танымдық маршруттар әзірледі;
— «Естен кетпес. Есімізде.» — еріктілік акциялар, ардагерлермен кездесулер, ескерткіштерді күтіп-баптау ұйымдастырылды.
Жобаның нәтижесі ретінде жарыққа шыққан «Жеңіс мұрагерлері» атты кітапты Алматы қаласы Білім басқармасының өкілі Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы таныстырды. Бұл жинақ — оқушылардың зерттеу мен шығармашылық еңбегінің жемісі, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс пен халық жадының тірі ескерткіші.
Соғыс жылдарында Алма-Ата сенімді тылға айналып, мыңдаған адамға пана болды. Бүгінде біз сол ерлікті мақтанышпен еске аламыз және болашақ ұрпақтың жүрегіне патриоттық сезім мен бейбіт өмірге деген жауапкершілікті сіңіруді басты міндет деп білеміз.
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Батырларға — мәңгілік даңқ!
Бейбітшілік — біздің басты аманатымыз!