Түркістан облысы: Майдангер жүрегін тебіренткен хат
Созақ даласы — тарихтың үнсіз шежіресі. Қозмолдақ ауылында ғасыр жүгін арқалаған бір ғана майдангер қалды. Ол — Мырзахмет Жылысбаев. Жасы жүзге таяса да, жанары нұрлы, жүрегі ел деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын білім мен тәрбие ісіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ұлт руханиятына еселі үлес қосқан, ел есінде мәңгілік сақталатын асыл азамат, – деп хабарлайды Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Аққолтық ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы мектептің бірінші сынып оқушысы — 6 жасар Түйеші Жігер Бекжанұлы осы ардагер қарияның үйіне арнайы барып, ұстаздар әулетінде тәрбиеленіп жатқан балапан жүрегімен жазған хатын майдангер атасына өз аузымен оқып берді. Саф алтындай мөлдір сөздермен өрілген хатты тыңдаған Мырзахмет ата тебіреніп, көзінен жас алды. Ол жас ұрпақтың ізгілігіне, елжандылығына риза болып, аталық ақ батасын берді.
Загрузка...“Мырзахмет ата, сіз соғыста елді қорғадыңыз. Бізге бейбіт өмір сыйладыңыз. Сол үшін сізге алғыс білдіремін. Мен сабағымды жақсы оқып жүрмін. Сіз секілді батыр болғым келеді. Сізді мақтан тұтамын. Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін,” – деп жазған бала жүректің ізгі лебізі ел қорғаған ер жүректі атаның жүрегін елжіретті.