Атырау облысы: Жас дирижерге министрліктің алғысы
Балалар шығармашылығының шынайы үлгісін көрсеткен «Еркемай» оркестрі жақында әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналды. Кішкентай өнерпаздардың шынайы өнері мен ерекше таланты жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, орындалған шығармалар залдағы көрерменнің жүрегіне жол тапты. Осы шығармашылық ұжым республикалық «Дала үні» байқауында өнер көрсетіп, Гран-при жүлдесін жеңіп алды, – деп хабарлайды Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл жеңіс – тек кішкентай өнерпаздардың ғана емес, сонымен қатар тәрбиешілер мен саз жетекшілерінің де ерен еңбегінің нәтижесі. 2008 жылы құрылған оркестр құрамына бүгінде Аққыстау және Тұщықұдық ауылдық округтеріндегі «Қарлығаш», «Балдырған», «Өркен» және «Құлыншақ» бөбекжай-бақшаларының тәрбиеленушілері кіреді. Оркестрдің ең үлкен мүшесі – небәрі бес жаста, ал қалғандары 3-4 жастағы бүлдіршіндер. Әсіресе, «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының үш жастан бастап өнер көрсетіп жүрген тәрбиеленушісі Ясина Нәбен көпшіліктің назарын аударды.
Загрузка...Оның сахнадағы еркін қимылы мен музыканы сезіну қабілеті кәсіби мамандардан кем емес деңгейде бағаланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның Ясина Нәбенге жолдаған арнайы алғыс хатын облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әлменұлы Абуов салтанатты түрде табыстады. Оркестрдің жетекшілері мен ата-аналар салалық құрылымның алғыс хаттарымен марапатталды.