Республикалық форум: Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға
Биыл – адамзат тарихындағы ең қасіретті де қасиетті күндердің бірі саналатын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – сан миллиондаған жүректің табандылығы мен ерлігінің жемісі. Сол Жеңістің шежіресінде Орта Азия халықтарының ішінен жарып шыққан, Шығыстың қос шынары атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовадай батыр қыздарымыздың өшпес ерлігі алтын әріптермен жазылды.
Ерліктің қос қанаты саналған батыр қыздарымыздың жанқиярлығы мен Отанға деген шексіз махаббаты – бүгінгі ұрпаққа өлшеусіз өнеге, шексіз рухани байлық. Осы қасиетті есімнің бірін иеленген оқу орнына батыр атына лайықты болу – үлкен мақтаныш әрі орасан жауапкершілік. Сыр елінде жасампаз жастардың басын қосқан патриоттық үлкен іс-шара өткізілді.
Мүддесі мен тілегі бір, елім деп соғар жүрегі – бір, көш бастайтын керуені де – бір бақытты ұрпақ бүгін өрлік пен ерлік жолын ұлықтаудың әдемі көрінісін паш етті. Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің қолдауымен, облыстық білім басқармасы, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» атты республикалық жастар форумы жаңа мазмұнға ие болып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жылдың басында «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығының мән-мағынасына тоқтала келіп: «Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз», – деген болатын. Мәншүктің ерлігіне тағзым жасауды сан түрлі форматта насихаттап келе жатқан оқу орнындағы бүгінгі форум соның бір көрінісі болды.
Жастар форумының қонақтары қатарында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ш.Байманов, Ақтөбеден «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығының басшысы Б.Тупенова және республикамыздың түкпір-түкпірінен педагогикалық колледж басшылары мен студенттері, ардагер ұстаздар, жұлдызды түлектер, колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты. Форум барысында жалынды жастар атынан Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Н.Алпысбаева сөз алып, оң пікірін білдірді.
Іс-шара барысында Сыр елі батырлары жайлы қалам тартып жүрген жас ғалым – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторанты Ахметбек Бақытжан Мұқарамұлы өзінің құнды ізденістерімен бөлісті. Әр кезеңдерде түлеп ұшқан табысты түлектер – оқу орнының әрдайым мақтаныштары. Олардың әрбір табысы – бүгінгі жас буын үшін үлгі мен бағыт.
Форум аясында колледждің мақтанышына айналған түлек, студент кезінде-ақ «Әкелер даңқы жолымен» жорығына қатысқан, бүгінде «ҚР Еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері Нағиша Есбосын әсерлі естеліктерімен бөлісіп, жастарға тағылымды ой арнады. Ғасырға жуық тарихы бар оқу орнының білім алушылары – бойларына ұлттық құндылықтарды заманауи үйлестіре сіңіріп жүрген білімді де іскер, жаңашыл жастар.
Олар – болашақ ұстаздар, кәсіби өнерпаздар, жұмысшы мамандығының өкілдері. Колледж студенттері атынан «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығының студенті Берік Ақмоншақ сөз алып, форум жұмысының жастарды ерекше шабыттандырғанын атап өтті. Форум аясында колледждің озат жастары қатысқан «Жетістіктер шеруі» өтті. Ғылым, спорт, өнер салаларында жетістікке жеткен студенттер, педагогикалық отряд мүшелері, «Топ-100» үздіктері мен «Мәншүк ізбасарлары» атанған белсенділер салтанатты түрде сап түзеп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Шеруге қатысушылар атынан Әбілқасым Орынбасар жастардың елге, білімге деген адал ниетін білдіретін үндеуін оқыды. Мен форумнан үлкен әсер алдым. Бұл форум – нағыз елдік пен ерлікке үндейтін, жүректі тербейтін тағылымды жиын болды. Біз Отанға деген сүйіспеншілігі шексіз, ойы сергек, көзқарасы кең, бәсекеге қабілетті жас буынды көрдік. Жастардың белсенділігі, сөз саптауы, өз ойын еркін жеткізе алуы – білім мен тәрбиенің өз деңгейінде екенін айғақтайды.
Форум аясында дәстүрлі түрде өткізілетін тек қана қыздардан құралған «Мәншүк маршына» бес жүзден аса студент қыздар қатысты. Биылғы республикалық форумға республика бойынша педагогикалық мамандар даярлайтын 11 колледжден сексенге жуық қатысушы, аймақтағы 27 колледжден бір жүзге жуық қатысушы келіп, рухани сабақ алды деуге болады. «Мәншүк маршының» басты мақсаты – Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр майдангерлер рухына тағзым жасау болса, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара өз мүддесіне жетті деуге болады.
Марш құрамында республиканың және облыстың педагогикалық колледждерінен келген студент қыздар қатары орын алды. Марш командирі – Қызылорда облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшісі, майор Искакова Нэлля Набиқызының қыздар сабын басқару шеберлігі салтанатты шараның мәнін аша түсті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының орындалуымен басталған салтанатты іс-шарада оқытушылар мен студенттердің бір демде үйлескен іс-әрекеттері айтулы күннің мән-маңызын арттырып, ерлікке тағзым етудің ұлағатты үлесін көрсетті. Барлық қатысушылар Ұлы Отан соғысында асқан ерлік, қайтпас қайсарлық көрсетіп, небәрі 21 жасында қаза тапқан қазақтың батыр қызы – Мәншүк рухына бас иіп, тағзым еткені, ескерткішіне гүл қойып, үнсіздікпен еске алғаны жастардың бойында отансүйгіштік сезімін оятады.
Колледждің халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болып жүрген «Япурай» хоры «Жеңіс күні» әнін орындап, жеңістің рухты үнін танытқандай болды. Батыр қызды еске алып, лайықты ізбасары бола білген колледж студенттерінің атынан көшбасшы студент сөз сөйлеп, жастар атынан жалынды лебізін білдірді. 1942 жылдың аяғындағы деректер бойынша осы оқу орнындағы оқушылар мен оқытушылар арасынан бір жүз бес адам өз еркімен соғысқа аттанған екен.
Отан үшін жанын отқа салуға дайын екендіктерін білдіріп, қан майданға аттанған өрімдей жігіттердің көпшілігі шаңырақтарына қайтып оралмаған. Сағынған ана, күткен жарды, бейкүнә сәбилердің көз жасын, соғыс өтінде болған есіл ғұмырлардың тағдырын еске алып, кейінгі ұрпаққа бейбіт күннің құнын ұғындыратын салмағы үлкен мерекеде мыңдаған жастарды жұмылдыра әр бағыттағы шаралар ұйымдастырылған.
«Мәншүк маршы» қазақтың батыр қыздарының лайықты ізбасарлары бар екеніне, бейбіт күнде елі үшін жан аямай еңбек ете алатына, Отанына адал қызмет етіп, мақтанышы бола алатын жастар барына сендірді. Біз осындай жалынды жастарымызбен мақтанамыз және ел болашағының жарқын боларына сенім артамыз.Аға буынның жанқиярлық ерлігі – бізге аманат. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» деген сөз бекер айтылмаған.
Жеңістің рухы – әр жүректе, ал сол рухты сақтау әрқайсымыздың парызымыз. Өткенге құрмет, болашаққа сеніммен қарау арқылы біз Ұлы Жеңістің рухын сақтап қаламыз. Бейбітшілік пен еркіндік – бүгін ғана емес, ертең де біздің басты құндылығымыз болатыны сөзсіз. Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын оқу орны – ерлік пен елдіктің, білім мен парасаттың қасиетті ордасы. Мәншүк ерлігі – құр сөз емес, ол – жүрекке орнаған сенім, рухымызды асқақтатар ұлы ұстаным.
Осы рухты жалғау – бүгінгі жастардың қасиетті борышы. Себебі патриотизм – тек соғыс даласында ерлік көрсету емес, ол – бейбіт күнде де елге адал қызмет ету, туған жердің тағдырына бей-жай қарамау, ұлт болашағы үшін аянбай тер төгу. Осы ұйымдастырылып отырған іс-шара да – сондай патриоттық рухты ояту, жастардың жүрегіне елдік сана мен ерлік өнегесінің дәнін себу жолындағы маңызды басқосу.
Патриоттық жиын – жүректерде намыс пен рухты оятар, сананы серпілтіп, жастық жалынды жаңа биікке жетелейтін тәрбиелік мәні мол сағат, оқу орны есімін иеленген Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өнегелі өмірі, ерлік жолдарын жас ұрпаққа насихаттайтын рухани танымдық іс-шара болды. Осы рухани мерекеде баршамыз бірлік пен ынтымақтың, елжандылық пен ұлтжандылықтың биік үлгісін бірге паш етейік!
Мәншүк Мәметова есімімен аталған білім ордасында дәл осындай патриоттық рухтағы шараның өтуі – үлкен мәнге ие. Себебі тарихты ұлықтау – тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағдар. Жастардың бойынан көрген жалын, жігер – бізді шын сеніммен алдағы күндерге жетелейді. Осындай мазмұнды бастамалар өз жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде жастардың дауысы айқын естіліп, ел мүддесі жолында жаңашыл ойлары мен жетістіктері көбейе берсін! Сүйікті Отанымыз үшін – жалындап жанатын жастық жалын ешқашан сөнбесін!
Қадырбек Қозыбайұлы БӨРІБЕКОВ,
ҚР Оқу-ағарту министрінің кеңесшісі