Аналар күні: Махаббат пен алғысқа толы мереке
Халықаралық аналар күні — бұл мереке күнтізбеде жай ғана дата емес, терең мағынаға ие, ерекше мәні бар мейрам. Қазақстанда бұл мереке мамыр айының 12-сі күні аталып өтеді және жыл сайын маңызы артып келеді. Бұл — ең жақын адамға, яғни анаға деген махаббатымызды, алғысымызды білдірудің ерекше мүмкіндігі.
Қазақстанда Аналар күні ресми түрде 2012 жылдан бастап ерекше маңызға ие болды. Бұл мейрамның мақсаты — ананың қоғамдағы рөлін, ана болудың қадір-қасиетін дәріптеу, отбасы мен бала тәрбиесіндегі ананың орнының маңыздылығын көрсету. Осы уақыттан бері еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді: мектептерде, балабақшаларда концерттер, көрмелер, шығармашылық жұмыстар өткізіледі.
Балалар аналарына арнап өлеңдер оқып, қолөнер бұйымдарын жасап, сыйлықтар ұсынады. Бұл күн — аналарға деген құрмет пен махаббаттың белгісі. Бұл күні әрбір ана өз баласының жүрекжарды сөздерін естіп, қуанышқа бөленсе керек. Балалардың жазған хаттары — олардың шынайы сезімдерін, махаббатын білдіретін ең таза әрі әсерлі сөздер. Төменде біздің балабақшадағы кішкентай балапандардың аналарына арнаған хаттарын ұсынамыз:
– «Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін. Сіз өте әдемесіз. Мені өмірге әкелгеніңіз үшін сізге алғысымды айтамын. Аяулы анашым, мені бағып, мәпелеп, осы күнге жеткізгеніңіз үшін рақмет. Менің әр қалауымды орындап, маған үнемі қолдау жасап жүресіз. Мен сіздің үмітіңізді ақтап, үздік оқушы боламын және болашақта сіз менің қасымда әркез әдемі, білімді, сұлу болып жүре беріңіз. Мен сізді қатты жақсы көремін және мақтан етемін!», – сүйікті қызың Зере.
– «Аяулы анашым, мен сізді қатты жақсы көремін. Мен сізге әлемнің жақсы гүлдерін сыйлаймын. Сіз өте әдемесіз. Мен болашақта жазушы боламын. Сізді жетістіктеріммен қуантатын боламын. Сіз мені мақтан ететін боласыз», – ұлыңыз Дархан
– «Анашым, мен ең бақытты баламын. Себібін айтайыншы, менің сіз сияқты әдемі, сүйкімді, қамқор анам бар. Мен сіздің мейріміңізге бөленіп өсіп келемін. Сізбен бірге саябаққа, ойын-сауық орталықтарына барып серуендеген қатты ұнайды. Екеуміз велосипедпен жүрген едік, әлі менің есімде», – сүйікті ұлыңыз, Даниэль.
– «Сәлем анашым! Сіздің жылы мейірімге толы жүзіңіз,аялы алақаныңыз,қоңыр әдемі даусыңыз,ұзын қара бұрымыңыз мен үшін әлемнің жарығы.Сіз мына дүниеде маған жарық беріп жол сілтейтін жарық әлемімсіз,түнде жарық жұлдызымсыз анашым», – қара қызың Айша.
– «Аяулы анам, мен өзімді бақыттымын деп санаймын, себебі, анасы бар адамдар – бақытты жандар. Олар қанат астындағы балапандар сияқты үнемі ана жылуын, махаббатын, мейірімін сезініп жүреді.Анашым сіз менің қамқоршымсыз, ақылшымсыз, тәрбиешімсіз», – балаңыз Айтөре.
– «Анашым — менің ең жақсы адамымсың. Сен мені ойнатасың және маған ертегі айтасың. Сен маған жақсы болуды үйретесің. Сен менің батыр анамсың! Мен сені қатты жақсы көремін!», – қызың Кәусәр
– «Сәлем анашым! Дүниеде не тәтті – Ананың сүті. Дүниеде не жұмсақ – Ананың алақаны. Ақ сүт берген, әлпештеген анашым, сіз мен үшін әлемдегі ең жақын да сүйікті жансыз. Сіздің бізге, балаларыңызға деген ана махаббатыңыз шексіз. Деніңіз сау болып, үнемі қасымыздан табыла беріңіз. Мен сізді сүйемін!», – тәтті қызыңыз Айзиба.
Бұл хаттар — балалардың аналарға деген шексіз махаббатының айқын көрінісі. Әрбір сөзде жылулық, қамқорлық және шынайы сезімдер жатыр. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарымыз аман болсын.
Лаура АЛТЫНБЕК,
“Қарлығаш” балабақшасының
баспасөз хатшысы, Астана қаласы