Қазақ руханиятының темірқазығы
Біздің білім шаңырағында Абай Құнанбайұлының кемеңгерлік ой-танымына негізделген «Абайдың «Толық адам» ілімі – қазақ руханиятының темірқазығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Іс-шараны Астана халықаралық университетінің педагогикалық институты, Астана қаласы білім басқармасы, әдістемелік орталық, №101 мектеп ұжымы бірлескен түрде қолға алған болатын.
Ауқымды жиынға Қазақстанмен қатар Түркия, Әзербайжан, Моңғолия елдерінен келген абайтанушы ғалымдар, мектеп мұғалімдері мен білім алушылар – барлығы 500-ге жуық адам қатысты. Бұл басқосудың басты мақсаты – ұлы ойшыл Абайдың «Толық адам» ілімін заманауи білім беру үрдісіне енгізу, ұлттық дүниетаным мен тәрбие жүйесін ұштастыру болды. Семинар жұмысы көрмеден басталды. «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез…» тақырыбындағы көрме алаңында ұсынылған электронды ресурстар, креативті жобалар, әдістемелік кешендер – барлығы Абай мұрасын бүгінгі ұрпаққа заманауи тәсілдермен жеткізудің тиімді үлгісін көрсетті.
Оқушылар мен ұстаздардың бірлескен еңбегінен туған шығармашылық өнімдер Абай әлемін жаңа қырынан тануға жол ашты. Семинар шеңберінде ұйымдастырылған Podcast алаңы – «Абай мұрасы – ұрпақ жадындағы шамшырақ» тақырыбында өрбіді. Сонымен қатар «Абай жолы кейіпкерлері және Абай» атты әдеби-танымдық кітаптың тұсаукесері өтіп, жаңа буынның Абайды тануы мен сезінуі жөнінде тұшымды ойлар ортаға салынды. Іс-шара аясындағы пленарлық отырыс – ой мен парасаттың, ғылым мен руханияттың шынайы тоғысқан алаңына айналды.
Бұл жиында Абай ілімінің қазіргі педагогикалық үдерістегі орны, тұлға тәрбиесіндегі жетекші рөлі және халықаралық деңгейдегі маңызы жан-жақты талқыланды. Семинарға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар өз баяндамаларында ұлы ойшылдың адамтану іліміне негізделген терең тұжырымдарын қазіргі заманғы білім беру жүйесінің өзегіне айналдыру қажеттігін нақты ғылыми дәйектермен негіздеп көрсетті. Олар Абайдың «үш сүю» қағидаты – Адамды сүю, Хақиқатты сүю, Әділетті сүю мен «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» үштігінің өзара үйлесімін – тұлғаның интеллектуалдық, эмоционалдық және рухани даму модельдерімен үндесетін, заманауи педагогика мен психология талаптарына жауап беретін тәрбиенің алтын қазығы ретінде қарастырды.
Бұл қағидаттар тек моральдық-этикалық бағдар ғана емес, сонымен қатар оқушының ішкі әлеуетін ашуға, өзін-өзі тануына, қоғаммен үйлесімді өмір сүруіне бағытталған кешенді тәрбие жүйесінің негізі ретінде бағаланды. Ғалымдар Абай ілімінің мәнін тек ұлттық құндылықтармен шектемей, оны жалпыадамзаттық рухани мұра ретінде қарастырып, әлемдік философия мен педагогикалық ойдың көрнекті өкілдерімен идеялық үндестігін нақты мысалдар арқылы ашып көрсетті. Абайдың ой-тұжырымдары Сократтың өзін-өзі тану идеясымен, Конфуцийдің моральдық тәртіпке негізделген қоғам моделімен, Толстой мен Ганди сынды гуманист тұлғалардың адамгершілікке құрылған дүниетанымымен сабақтасатынына ерекше назар аударылды.
Осылайша, Абай мұрасы – жаһандану дәуірінде өзінің өзектілігін жоймақ түгіл, қайта заман өткен сайын жаңа қырынан ашыла беретініне тоқталды. Секциялық жұмыстар төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды. Бірінші бағыт – «Өнерпаз болсаң арқалан» аясында Абай әндерін орындау, ақындар мүшәйрасы және сурет байқауы өтті. Екінші бағыт – «Ғылым таппай мақтанба…» – ғылым мен білімді ұштастыруға арналған шығармашылық зерттеулерге арналды. Үшінші бағыт – «Ұстаздық қылған жалықпас…» секциясында педагогтер инновациялық тәжірибелерімен бөлісіп, Абай шығармаларын негізге ала отырып комикс әзірлеу сынды жаңа форматтағы жұмыстарды ұсынды. Төртінші бағыт – «Ақыл, қайрат, жүректі бірге ұста» атты бағытта білім беру менеджменті мен педагогикалық хакатон ұйымдастырылып, мұғалімдердің басқарушылық және шығармашылық қабілеттері сараланды.
Семинар соңында өткен дөңгелек үстелде абайтанушы ғалымдар мен ұстаздар ойшылдың «Адам бол!» идеясын пәндік мазмұнмен ұштастыру тәжірибесін ортаға салды. Қатысушылар ұлттық дүниетанымды білім мазмұнына енгізудің маңызына ерекше тоқталып, рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың сабақтастығын тереңнен қозғады. Абайдың 180 жылдығы аясында өткізілген бұл халықаралық семинар – мектебіміздің рухани бағытын айқындайтын тағылымды іс-шара, ұлы ойшылдың мұрасын жаңа ғасыр оқушысының танымына лайықтап жеткізу жолында жасалған нақты қадам болды.
Абайды ұғыну – оны іс жүзінде жүзеге асырумен мәнді. Осы орайда мектебімізде заманауи жабдықталған абайтану залы мен «Толық адам» ілімін терең меңгеруге бағытталған арнайы кабинет ашылды. Мұнда хәкімнің шығармашылығына арналған цифрлық платформалар, бейнематериалдар, аудиожазбалар, электронды оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен мультимедиалық құралдар жүйеленіп ұсынылатын болады. Сонымен қатар шәкірттер мен мұғалімдердің бірлесіп жүзеге асыратын жобалық-зерттеу жұмыстарына арналған арнайы ресурстармен қамтамасыз етіледі. Бұл рухани кеңістік – Абайды тек ақын ретінде ғана емес, хәкім ретінде тануға мүмкіндік беретін шынайы оқу ортасына айналдыруды жоспарлап отырмыз.
Алма ЖУМАБЕКОВА,
№101 орта мектептің директоры, Астана қаласы