«Рухы биік, парасаты кемел – ұлт үміті дарынды ұрпақ!»

Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде әр оқушының еңбегі мен талпынысы бағаланып, еңбегі ақталған жарқын іс-шара – «Жұлдызды шеру» өтті. Бұл – білім мен еңбектің, төзімділік пен табандылықтың мерекесі. «Рухы биік, парасаты кемел – ұлт үміті дарынды ұрпақ!» атты дәстүрлі «Жұлдызды шерудің» мақсаты – оқу жылы бойы түрлі білім, өнер, спорт, робототехника және шығармашылық бағыттарда жетістікке жеткен үздік оқушыларды марапаттау, оларды көпшілік алдында тану және шабыт беру.

Мектептің ұстаздары және ата-аналарымен естелік сурет

Биыл мектеп алаңы мерекеге сай безендіріліп, түрлі концерттік нөмірлер мен марапаттау сәттері қатар өтті. «Зияткер оқушы», «Ел үміті», «Ұлы дала дарыны», «Robo Stars», «Спорт тарландары», «Мектеп жүрегі», «B-FEST жұлдызы» сынды номинациялар бойынша 706 оқушы лайықты марапаттарына ие болды.

Еліміздің түрлі саласында еңбек етіп жүрген құрметті қонақтарымыз жұлдызды оқушыларымызды қуанышын атап өтуге және үздіктердің үздігін марапаттауға арнайы шақырылды. Олар: Арайлым Қуанышовна – «BI EDUCATION» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры; Туркестанова Ляззат Мақсұтқызы – «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің бас редакторы; Мұхтар Дастан Бекболатұлы – Басқарушы компанияның тәрбие бөлімінің жетекшісі; Бекзат Смағұл – ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері; Жұлқаш Жұмажан Амандықұлы – Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театры директорының орынбасары, «Ұлағат» әкелер мектебінің өкілі; Жанат Айдос Жанатұлы – «Ұлағат» әкелер мектебінің мүшесі, спорт жанашыры.

Биылғы жұлдызды шерудің үздіктерінің үздігі болып «Жыл дарыны-2025» номинациясының иегері – мектебіміздің түлегі Ақжолтай Арнұр марапатталды. Арнур – 2024 жылы Мәскеу қаласында өткен шетел оқушылары үшін орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша ХХ халықаралық олимпиаданың бас жүлдегері. ММУ университетінің пән олимпиадасының бас жүлдесін жеңіп, аталған университеттің толық грантын иеленді. Сонымен қатар Арнур өткен оқу жылында Республикалық пән олимпиадасының 3-орын жүлдегері атанған.

Қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі әдеби-шығармашылық байқауларда, мәнерлеп оқу сайыстары, «Әбіш оқуы», «Ілияс оқуы», «Ақберен оқуы», «Мағжан оқуы», ТЕДх, ReadX және B-FEST фестивалінің B-BOOKMAN бағытында мектеп-лицейіміздің намысын қорғап жүрген өнерлі оқушыларымыздың үздігі «Үздік оқырман-2025» номинациясының иегері – Бақытқали Нұрасыл. Нұрасыл осы оқу жылында 18 әдеби кітап оқып, «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының ІІІ орын жүлдегері атанды.

«Үздік робототехник-2025» номинациясының иегері – Наурызбай Асқар ІІІ өңірлік «Science Fair at NIS PhMDAstana» робототехника сайысының жүлдегері, «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық ғылыми конкурсы, сонымен қатар «First Robotics» робототехника бойынша халықаралық біріншілігінің жүлдегері атанды.

«Үздік сахна шебері-2025» номинациясының иегері – Кубенова Еркежан, Оразғали Батырхан, Қуат Әкежан, Қуанғалиева Ақтолқын, Махмеджан Кәмила иеленді. Сондай-ақ Қуат Әкежан – «Ең үздік эпизот бейнесі» және Қуанғалиева Ақтолқын «Үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды.

BI FEST фестивалі аясында BI ART номинациясы бойынша «Моана» ертегілер қойылымынан Гран-При жүлдегері, «Чикаго» мюзиклі қойылымынан ІІ орын алып марапатталды.

«Үздік спортшы-2025» номинациясының иегері – Марат Әбілмансұр BI FEST фестивалі аясында BI Спорт номинациясынан Қазақ күресінен BINOM барысының абсолютті чемпионы.

«Мектеп жүрегі-2025» номинациясының иегері – Құралтай Әділет, мектеп президенті. Жыл бойы мектеп өміріне белсене араласып, түрлі мәдени, қоғамдық шараларға өз қолтаңбасын қалдырған, өз уақытын өзгеге арнап, жанашырлық пен белсенділіктің жарқын үлгісін көрсеткен жылы жүректі шәкіртіміз. Мектептің үздік оқушысы, қалалық, республикалық шаралардың белсендісі.

Бастауыш сыныптар бойынша «Жыл оқушысы-2025» номинациясының иегері, «Сөз – ғажайып әлем» олимпиадасы және пәндік олимпиада жүлдегері, үздік оқушы – Қалыбек Алаш марапатталды.

Орта буын бойынша «Жыл оқушысы-2025» номинациясының иегері – «Климат күтпейді» республикалық жоба байқауының бас жүлдесін жеңіп алған, «Pro Еco» жоба байқауының жүлдегері, үздік оқушы – Асмагамбетова Амина марапатталды.

Жоғарғы сыныптар бойынша «Жыл оқушысы-2025» номинациясының иегері, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба байқауының ІІ дәрежелі жүлдегері, үздік оқушы – Қонысбек Арайлым марапатталды.

BINOM SCHOOL желісі арасында өткізілген B-FEST фестивалінде Бас жүлдені иеленген мектеп ұжымы, ата-анамен оқушылар үшін бұл күн – шын мәніндегі жұлдызды күн болды.

Оқушыларымыздың әрбір жеңісі – біздің үмітіміздің ақталғаны, болашағымыздың нұрланғаны. Қажырлы еңбек пен ізденістің арқасында бұдан да биік асулар, жаңа мүмкіндіктер мен табысқа жететінімізге кәміл сенімдіміз! Мектебіміздің даңқын асқақтатар ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың жұлдызы жарқырай берсін!

 

Гулнар БОРАМБАЕВА,
Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп- лицейінің директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий