Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі пилоттық жобалар: теория, практика, нәтижелер

Осындай атаумен Астана қаласындағы № 103 орта мектепте республикалық конференциясы өтті. Аталған шараға Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармаларының, әдістемелік орталықтардың, балабақшалардың өкілдері, әлеуметтік серіктестер, Астана қаласының мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, сондай-ақ қазақ тілі мұғалімдері қатысты.

Конференция аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілді ерте бастан үйрету туралы 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру бойынша «Тілге бойлау» пилоттық жобасының тәжірибесі таныстырылды. Жоба қазіргі уақытта Астана қаласында, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында іске асырылуда. Осы өңірлерден аталған жобаға 138 балабақша ұйымдары қатысқан.

Келелі кеңесте бір жыл бойы жүзеге асырылған шараның нәтижелері сарапқа салынды. Конференцияда жобадағы тиімді әдіс-тәсілдер, жетістіктер мен алдағы перспективалар ұсынылды. Конференцияның мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған тілдік ортаны дамыту жолдарын талқылау, сөздік минимумды енгізудің тиімді тәсілдерін көрсету, тәжірибе алмасу және инновациялық әдістерді тарату.

Іс-шара қатысушыларының назарына «Тілге бойлау – тәрбие бесігі» көрмесі, интерактивті жобалар мен тілдік орта қалыптастырудағы педагогикалық тәжірибелер ұсынылды. Сондай-ақ халықаралық инновациялық тәсілдерге негізделген ерте жастағы тіл үйрету модельдері таныстырылды. Зерттеулерге сәйкес, мектепке дейінгі кезеңде қазақ тіліне ерте бейімделу тиімді нәтижелерге қол жеткізетінін көрсетіп отыр.

Конференция аясында 5 секциялық отырыс өткізілді. Оның ішінде 3 секция – Астана қаласында, 1 секция – Қосшы қаласында, 1 секция – Родина ауылдық округінде өтті. Секциялық жұмыстар барысында педагогтер, ата-аналар және балалар арасында мемлекеттік тілді меңгеруге ынтаны арттыру, тілдік дағдыларды қалыптастыру жолдары талқылады. Озық тәжірибелер көрсетілді. Тілді меңгеруге негізгі себеп ойын екені анық. Осы тұрғыдан келгенде балабақша тәрбиешілері баланы тілді тез меңегруіне арналған ойыншықтардың да үлгілерін өздері жасап, тың қадамдарға барған.

 

Аталған шарада Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Адылбаев Серік, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басшысы Адамова Манара, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институтының» директоры Ерманова Мария, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, п.ғ.д. Жиенбаева Сайра, сөз сөйлеп мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасына жаңа бағдарлар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі пилоттық жобаларының нәтижелері туралы ой қозғап, «Тілге бойлау» шарасының мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.

Пленарлық кеңесте өз тәжірибелерін бөліскен Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облысынан келген балбақша меңгерушілер, әдіскер, тәрбиешілер орыс топтарындағы бүлодіршіндерге мемлекеттік тілді меңгертуде бірінші кезекте күнделікті тұрмыста, тәрбие, дәріс барысында, таңғы аста, таңғы жаттығуларда жиі қолданатын сөздерді меңгерту арқылы жетістіктерге жетуге болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ ұлттық мазмұндағы ойыншықтарды қолданып, түрлі ойындар ұйымдастыруда оң нәтиже бергенін атап өтті.

Аталған жобаны ары қарай кезең-кезеңмен жетілдіріп, барлық білім беру ұйымдарына тарату арқылы нақты нәтижеге жетуге болатыны туралы толғамды пікірлер айтылды.  Шара соңында «Тілге бойлау» жобасын жүзеге асыруға белсене қатысқан  тәрбиелешілер мен мұғалімдерге, әдіскерлерге, балабақша  меңгерушілеріне  ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары, сертификаттары табыс етілді.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий