ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ: Ұстаздардың музасы

 

АЯГҮЛ ТӨРЕҚЫЗЫ

Білім — ұлттың рухани тірегі, ел дамуының негізі. Білімді ұрпақ — кемел келешектің кепілі. Ал сол білімнің бастауы, қайнар көзі — ұстаз. Ұстазсыз ел өркениетке жетпейді, ұрпақ тәрбие алмайды, адамзат алға жылжымайды. Себебі, қоғамдағы ең жауапты да, ең қадірлі міндет ұстаз болу — тек мамандық емес, ол — өмірлік миссия. Сол миссияны адал атқарып жүрген бүгінгі ұстаздар бойынан Ахметтің парасатын, Ыбырайдың іскерлігін, Мағжанның шабытын көреміз.

Ұстаздық жол — ұлы жол. Осы жолда білім мен жүрек, парасат пен мейірім қатар жүреді. Сондықтан да ұстаздың әр сөзі — тәрбие, әр ісі — үлгі, әр амалы — өнеге. Білім мен тәрбиенің көкжиегінде де жарқыраған жұлдыздар болады. Бұл жұлдыздар шоғыры жарығын өзіне ғана емес, өзгенің жолына да аямай төгеді. Олар — жас мамандарға демеу болып, бағыт сілтеп, шабыт сыйлап жүрген ардагер ұстаздар, әдіскер-ғалым, ел құрметіне бөленген қайраткерлер.

Солардың қатарында ұстаздықты мамандық емес, өмірлік мұрат еткен, жас ұрпақпен қатар, ұстаздарды да тәрбиелеп, бағыт-бағдар көрсетіп келе жатқан кемел тұлға –  математика пәнінің мұғалімі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан орденінің» иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы АЯГҮЛ ТӨРЕҚЫЗЫ МИРАЗОВА бар.

Өнегелі өмірі күллі ұстаздар қауымына үлгі Еңбек ері жас мамандармен кездесіп, жиі шеберлік сағаттарын өткізіп, әдістемелік кеңес береді, әріптестерімен ой бөліседі. Осындай мүмкіндік биылғы оқу жылында біздің білім шаңырағында орын алды.  Мектепке ат басын бұрған ұлағатты ұстазбен  кездесу – шабыт пен сенімнің тоғысқан күні болды. Ол — ұстаздықтың этикасын, педагогиканың мәнін түсіндіріп қана қоймай, толағай табыстарға жетелейтін шығармашылық шабыт сыйлады.

Жүздесу барысында кәсіби шебер ұстаз ретінде жас мамандарға шынайы кеңестерін жаудырды, оның айтқан әр ақылы — кейінгі толқын үшін баға жетпес тәрбие құралына айналды. – Бүгінгі шәкірт — ертеңгі ел болашағы. Әр оқушының жүрек үнін естіңіз. Әр баланың жан-дүниесіне үңіліп, жүрекпен қабылдауға үйретсеңіз, ол сіздің әр сабағыңызды күтетін болады. Баланың қабілетіне сеніңіз, сонда ол өзіне сенуді үйренеді. Күнделікті сабақты шаблонмен емес, шабытпен өткізіңіз.

Сәния Өскенбайқызы

Жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріңіз, бірақ оларды механикалық түрде қолданбаңыз, қажет жерінде орынды қолданыңыз. Сабақ беру – өнер. Әр сабаққа шығармашылықпен қарасаңыз, оқушы да белсенділік танытады. Ұстаз – үнемі өз білімін жетілдіріп отыруы тиіс тұлға. Үздіксіз ізденісте болыңыз, кітап оқыңыз, тәжірибе алмасыңыз, заманауи технологияларды меңгеріңіз. Сіз дамысаңыз, оқушы да дамиды. Тәрбие мен білімді қатар ұстаңыз. Білім беру – тек ақпарат жеткізу ғана емес, тұлға қалыптастыру.

Әдеп, адамгершілік, ұлтжандылық – бәрі сіздің жүріс-тұрысыңыздан көрінуі керек. Ұстаздық – жүректің ісі. Мамандыққа деген махаббат – сіздің басты күшіңіз. Өз қызметін шын сүйіп, шынайы, адал қызмет еткен жан ғана шәкірт жүрегінен орын табады», – деген афоризм іспеттес қадау-қадау пікірлері мен алмастай өткір сөздері –  ұстаздар қауымының жүрегіне жетті. Аягүл Төреқызы — мектеп қабырғасында ұстаздық етуден бастап, білім саласына үлкен үлес қосқан, ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған бірегей жан.

Сафура Сәлімбайқызы

Кездесу барысында ұстаз ретінде әдістемелік көмек беріп қана қоймай, адами қасиеттің, парасаттың, ұстанымның үлгісін көрсете білді. Онымен жүздесу — ғылым мен тәрбие тоғысқан тағылым мектебі іспеттес. Уақытпен бірге түлеген, үнемі ізденісте болған ұстаз  жас мамандарға кәсіби бағдар берудің Музасы ретінде танылып, ұлттық құндылық тұрғысынан тәрбиелеудің хас шеберіне айналды. Ұстаз жүрегіне үміт отын жаға білетін ол  мұғалімдердің әрбір қадамын қолдап, шабыттандырып, жігерлендіріп, әр маманның ішкі әлеуетін оята білді.

Ол — ұстаздар қауымы үшін ақылдың шамшырағы, парасаттың үлгісі, ал жас мамандар үшін – бағыт беруші, болашаққа жетелейтін кемел көшбасшы. Оның тәлімін көрген көптеген жас мұғалімдер бүгінде білім саласының үздігіне айналған. Халықтың алғысына бөленген ұстаз – рухани байлықтың, білім мен мәдениеттің алтын арқауы. Ол ұстаздықтың шынайы бейнесі, шәкіртке де, жас маманға да шуағын төккен күн секілді. Ардагер ұстаздың ғибратты жолы — болашақ ұрпаққа, әсіресе жас мамандарға бағыт берер мәңгілік шамшырақ.

Кемел кейіпкеріміз жай ғана маман емес, жүрекке жол салар сәуле, санаға шырақ жағар шамшырақ, жас маманның жолын ашып, қанатын қатайтып, ұстаздық қызметке сіңісіп кетуіне үлес қосып жүрген ерекше тұлға. Аягүл Төреқызы – білім мен парасатты бойына тоғыстырған, ізденіс пен іскерлікті серік еткен, руханияттың нағыз жанашыры.  Ол – ұстаздардың  жан-дүниесін түсіне білетін, әрбір қадамын аңдап, бағыттап отыратын рухани тәлімгер. Оның бойындағы жанашырлық — тұтас ұстаздар қауымына шуағын төгіп тұрған күн нұры іспеттес.

Жүздесу барысында бұл қасиеттері де айқын көрінді. Жас маманға тәжірибелі ұстаздың тәлімі – алғашқы көктемнің жаңбыры секілді: тамшысы нәзік, бірақ нәрі мол. Танымал тұлға әр шәкірті мен жас әріптесінің бойына үміт егіп, сабыр мен шыдам сыйлап, сеніммен қаруландырды. Ол   жас маманға үлгі, демеу ғана емес,  бағыт, шабыт берді, нақты фактілермен айтқан әрбір кеңесінің – тамыры тереңге кеткен бәйтеректің бұтағындай берік әрі мәуелі.

Ұлағатты ұстаз жас мұғалімдер үшін –  әрбір жетістігіне қуана білетін, қателіктен қаймықпауға үйрететін, қанаттандыратын нағыз тәлімгер. Оның жанында жүрген жас педагог өзін жалғыз сезінбейді, өйткені ол – әрдайым бірге, әрдайым қолдаушы. Ол  – жас маманның алға ұмтылуына серпін беретін қуат көзі. Осындай ұстаздардың арқасында білім кемесі дауылға төтеп береді, жас маман асулардан асып, биіктерге көтеріледі. Кездесу барысында дара тұлғаның даналығын айқындайтын  тағы да мынадай он қасиетін айқын байқадық.

Аягүл Төреқызы — ұстаздықтың ұлы жолын жүректің қалауы мен ақылдың даналығымен таңдай білген асыл жан. Ол  – жас мамандардын ішкі қабілетін оятып, бағыт бере білетін шынайы тәлімгер. Әрбір жас ұстаздың жан дүниесіне үңіліп, өз қызметінің жемісіне сенуге үйретеді. Бұл – оның тәлімгерліктің кемелдік деңгейіне жеткенінің айғағы. Математика пәнінің терең иірімдерін зерттеп, білім беру процесін ғылыммен ұштастыра білген жан. Математикалық дәлдік пен тәртіпке негізделген ұстаздың табиғатында логика, нақтылық, жүйелілік ерекше орын алған.

Сабақ беру мәдениетіндегі нақтылық – оның кәсіби қолтаңбасы. Ол білімді тек беріп қана қоймай, оны дамытып, әдістемелік деңгейге көтере білді. Қазіргі таңда ұстаз атындағы мұғалімдер мен оқушылар арасында өтетін олимпиадалар  – осының айқын дәлелі. Жас маманның жетілу жолында сабыр мен төзім керек, ал бұл қасиеттер Аягүл Төреқызы бойында тұнып тұр. Ол ешқашан асықпайды, бірақ әрқашан қатарынан озық жүреді.  Маңайына білімнен шуақ, тағылым мен парасат шашатын тұлғаның өнегелі өмір жолы, кәсіби мұрасы, адами қасиеттері – келешек ұрпаққа бағыт, жас мамандарға бағдар.

Парасатты педагогтың жанында жүргендердің бойына сенім мен жігер еселенеді, оның бір ауыз жылы сөзі жас маманның кәсіби жолын айқындауға негіз болады. Ұстаз бойында жаңашылдыққа құштарлық төгіліп тұр. Заман өзгерсе де, ұстаз ізденісін тоқтатпайды. Әрбір өзгерісті мүмкіндікке айналдырып, білім беру үрдісіне тың серпін енгізе біледі. Жаңашыл ой, жүйелі білім, жүректі тәрбие — Аягүл Төреқызының педагогикалық кредосы. Ол әрбір ісінде үлкен жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен талапты қатар ұстайды.

Бірақ ешқашан қаталдық танытпайды, себебі, мейірімділік пен парасат –  оның болмысының негізі. Міне, сондықтан да қалың жұрттың, күллі ұстаздар қауымының алғысына бөленуде. Мейірім мен жанашырлыққа толы ұстаздың жүрегі кең. Шәкіртке де, жас маманға да анадай мейіріммен қарап, жан дүниесін түсіне білетін ол –  жай ғана ұстаз емес, ұстаздардың Ұстазы. Оның тәлімін көрген жас мамандар бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, өз саласында жетістіктерге жетіп жүр.

Себебі мықты майталман тек білім үйреткен жоқ, ол сенім ұялатты, бағыт берді, демеу болды. Оның «Сенің қолыңнан келеді!» деген жалғыз ауыз сөзі талай ұстаздарды толағай табыстарға жетеледі. Қанына жауапкершілік пен ұқыптылықтың нәрі сіңген ұстаздың  әр ісінде нақтылық пен шынайылық бар. Ал бойындағы қарапайымдылық пен кісіліктің мөлшері шексіздікпен ғана өлшенеді. Жетістіктері асқақ болса да, болмысы қарапайым. Кісілік келбеті — оның ішкі мәдениетінің, рухани биіктігінің көрінісі.

«Еңбек Ері» атағы — көптің жүрегінен орын алған ұстазға берілген заңды құрмет, халықтың берген әділ бағасы. Ел арасында аты аңызға айналған, парасатты ұстаз, кемел тұлғаға  көрсетілген бұл құрмет – әр шәкірттің шексіз алғысы мен сағынышынан нәр алған. Аягүл Миразова — ұстаздықтың өнегелі өрісін кеңейткен, жас маманның ішкі жан дүниесін таныған, рухани көшбасшы бола білген бірегей тұлға.  Шара барысында оның өнегесі — жүрекке күш беретіндей, есімі — рухты оятатындай құдіретке ие екеніндігін анық байқадық.

Қазақ елінің тарихында ұлттың рухани көсемі болған, білім мен тәрбие саласында өшпес із қалдырған ұлы ұстаздар аз болмаған. Олардың ғибратты ғұмыры мен ұлағатты істері — бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес өнеге. Осы рухани көсемдеріміздің ізін жалғаған, ұрпақтың ұлағатты ұстазы, жас мұғалімдердің рухани тірегі, білім саласына сіңірген еңбегі қазақ тарихында алтын әріппен жазылған Аягүл Төреқызына шара соңында барша ұстаздар алғыс айтып, сарқылмас шабыт тіледі.

Сәния Өскенбайқызы ТІЛЕУБАЙ,
Мұқағали Мақатаев атындағы №140
гимназия директоры,
“Қазақстанның
еңбек сіңірген ұстазы”
, ҚР Білім беру
ісінің үздігі, “
Құрмет” ордені және
Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісінің иегері,
физика пәні бойынша жоғары
санаттағы ұстаз,
Сафура Сәлімбайқызы ТЕМУРБАЕВА,
Мұқағали Мақатаев атындағы №140
гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
, “ҚР Білім беру
ісінің үздік қызметкері”, “Құрмет” ордені
және “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісінің
иегері,
“Үздік педагог-2015” республикалық
байқауының жүлдегері,
Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий