Алматы қаласы Бостандық ауданында “Самғау” даму және шығармашылық орталығы ашылды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «100 заманауи оқушылар сарайын салу» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Балаларды қорғау күніне орай Бостандық ауданындағы жаңа «Самғау» даму және шығармашылық орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Алматы қаласында мектеп жасындағы балаларға арналған алғашқы инновациялық шығармашылық орталықтар 2023 жылы Наурызбай және Алатау аудандарында ашылған болатын.

Балаларға арналған заманауи әрі қолайлы жағдай жасалған полиорталықты дамыту мақсатында, 2023 жылы Вахтангов көшесінде 1964 жылы салынған ескі Оқушылар үйінің ғимараты сүріліп, жаңа нысанның құрылысы басталған еді. Бұрын бұл жерде 1 414 бала білім алса, жаңа стандарттарға сай келетін жаңа Орталықта аптасына 5 пен 17 жас аралығындағы 2 000-ға жуық бала қосымша білім ала алады.

Заманауи құралдармен жасақталған қос қабатты ғимаратта 12 шығармашылық кабинеті, пікірсайыс клубы, бағдарламалау, 3D-модельдеу, құрастыру, фото және бейнемонтаж үйірмелері ашылған.

Іс-шара барысында қала әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданында жаңа орталықтың ашылуының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Қазіргі таңда мегаполисте 309 мыңнан астам оқушы білім алсаа, оның 39 мыңнан астамы Бостандық ауданына тиесілі, бұл — қала оқушыларының 12,6%-ын құрайды.

(Анықтама үшін: Алматы қаласындағы 216 мемлекеттік мектепте 309 214 бала білім алады, олардың 281 мыңнан астамы — яғни 91%-ы қосымша біліммен қамтылған.)

Орталықтың ашылуы мен Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада орталықтың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, балаларға арналған түрлі байқаулар мен спорттық жарыстар өтті. Іс-шараға қатысқан балаларға түрлі тәтті сыйлықтар таратылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылы төмендегі аудандарда жаңа инновациялық шығармашылық орталықтардың құрылысы басталады:

  • Саялы шағынауданы (Алатау ауданы),
  • «Жас Қанат» шағынауданы (Түрксіб ауданы) — құрылыс-монтаж жұмыстары үшінші тоқсанда басталады,
  • Айнабұлақ шағынауданы (Жетісу ауданы) — қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

2025 жылы балалардың даму және шығармашылық орталықтарына арнап бюджеттен 11,7 млрд теңге бөлінген.  2024 жылы бұл сома 8,4 млрд теңгені құраған еді. 

Барлық қосымша білім беру ұйымдары туралы толық ақпарат bilimalmaty.kz электронды порталынан алуға болады.

Бұл портал арқылы балалар мен ата-аналар өздеріне қажетті ақпараттармен танысып (үйірмелер, бос орындар, жетекшілер туралы мәліметтер), балаларды үйірмелерге тіркей алады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий