Абай Құнанбайұлы – 180: Ұлт руханиятының темірқазығы
Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, дана тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – тек тарихи дата ғана емес, ұрпаққа ұлағат, ұлтқа бағдар болатын рухани жаңғырудың өзегі. Абай – қазақ әдебиетін жаңа биікке көтерген реформатор, ұлттың мінезі мен болмысын, мәдениетін әлемге танытқан дара дарын.
Абайдың артында қалдырған асыл мұрасы – өлеңдері, қара сөздері, аудармалары мен ағартушылық көзқарастары – бүгінгі ұрпақ үшін де құндылығын жоймаған, қайта уақыт өткен сайын өзектілігі арта түскен асыл қазына. Ол өз заманының ғана емес, болашақтың да суреткері бола білді. Қоғамдағы әділетсіздік, надандық, жалқаулық секілді кемшіліктерді ашына айтып, елді еңбекке, ғылымға, адалдыққа, білім мен парасатқа шақырды. «Ғылым таппай мақтанба», «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», «Бес нәрсеге асық бол…» деген өнегелі өлең жолдары – мәңгілік ұранға айналды.
Қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында мамыр айының 4-6 күндері аралығында білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының қолдауымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған № 3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының базасында 8-11 сынып оқушылары арасында жыл сайынғы «Абай оқулары» республикалық шығармашылық байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылды.
Оқушылар бес аталым бойынша өз өнерлерін көрсетіп, бақтарын сынады. «Абай оқулары» республикалық шығармашылық байқауының облыстық кезеңінің 25 жеңімпазы мен жүлдегері облыстық білім басқармасының дипломдарымен, сыйлықтармен және медальдармен марапатталды: төрт бірінші, ІІ-орын сегіз, Іон үш үшінші орын, грамота-5. Абай оқуларында жүлделі бірінші орынды иеленген қатысушылар республикалық кезеңде аймақтың намысын қорғайтын болады. Бұл байқау – дарынды оқушылардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Абай мұрасын терең түсініп, оны насихаттауға қосқан үлестерінің нақты көрінісі болды.
Әр аталымда өнер көрсеткен жас өрендер ақын шығармаларын жатқа айту, көркем оқу, музыкалық орындау және эссе жазу арқылы Абайдың рухани-адамгершілік мұраларын бүгінгі күнмен сабақтастырды. Абай әлеміне сапар шеккен оқушылар тек білімдерін емес, шығармашылық шеберліктерін, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншіліктерін көрсетті. Бұл – жас буынның ұлы ойшыл мұрасын жаңаша қабылдай алатынының айқын дәлелі. Биылғы жеңімпаздар – тек үздік оқушылар ғана емес, өскелең ұрпаққа Абай әлемін танытатын шынайы насихатшылар.
Олар алдағы республикалық кезеңде облыстың абыройын асқақтататынына сенім мол. Абай – өткеннің мұрасы емес, болашақтың шамшырағы. Оның ойлары – ұлтқа бағыт, болашаққа бағдар. Абайды тану – өзімізді тану, ұлтты сүю, ел болашағына адал қызмет ету. Абайды оқу – жаңғыру. Абайды сүю – ұлтты сүю.
Жұлдыз Жұмабекқызы АБИЛКАИРОВА,
Білім басқармасының “Ақмола дарыны”
дарынды балалар мен талантты жастарды
анықтау және қолдау орталығының
әдіскері, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы