Абай Құнанбайұлы – 180: Жан ілімі және Абай танымы

Абай шығармашылығында адамның ішкі жан дүниесіне үңілу, оның табиғатын тану, мінез-құлық пен рухани ізденістерді бейнелеу кең орын алған. Бұл ақынның психологиялық танымының тереңдігін көрсетеді. Психология ғылымы адамның дүниені тануын сезім мүшелері арқылы жүзеге асады деп түсіндірсе, Абай: «Адам баласы көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» – деп, жан дүниенің алғашқы қақпасы – сезім екенін дөп басып айтқан.

Жетінші және қырық үшінші қара сөздерінде Абай адам табиғатын екіге бөледі: тән құмарлығы мен жан құмарлығы. Ол – тек физиологиялық қажеттіліктер мен ішкі рухани ізденістің айырмашылығын түсіндіріп қана қоймай, адамның адам болып қалыптасуы жан құмарлығына – білуге, үйренуге, тануға деген талпынысына байланысты екенін алға тартады. Бұл қазіргі психологиядағы танымдық процестердің табиғатын анықтайтын негізгі бағытпен толық үйлеседі.

Абай жас баланың табиғи ерекшелігі – білуге құштарлық екенін терең сезіне білген. Ол бұл қасиетті тәрбиелеудің өзегіне айналдыру қажет екенін айта отырып, жас ұрпақты «ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы ұстаз» тәрбиелейді деп тұжырымдайды. Бұл — тұлғаны қалыптастыруда орта мен тәрбиешінің рөлі айрықша деген бүгінгі ғылымның ұстанымымен үндес пікір.

Ұлы ақын өз шығармаларында адамның көңіл-күйі, сезім күйзелісі, ішкі қайшылығы мен қуаныш сезімі жайлы да терең толғанады. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: надандық, еріншектік, залымдық» деген сөзі – адамның тұлғалық дамуына кері әсер ететін мінез-құлық көріністерін дөп басқан. Ашушаңдық, қызғаншақтық, жалқаулық сияқты жағымсыз эмоциялардың адамның ішкі күйіне, айналамен қарым-қатынасына, рухани дамуына қалай әсер ететінін Абай анық әрі түсінікті тілмен жеткізеді.

Ойшыл ақын адамның рухани кемелденуі жолында ғылым-білімді, өнер мен еңбекті басты құрал етіп ұсынады. Бұл үшін адамда табандылық, жігер, еңбекқорлық, ұстамдылық секілді сипаттар болу керек дейді. Ол ішкі рухани тазару, өзін-өзі тәрбиелеу арқылы ғана кемелдікке қол жеткізуге болатынын насихаттайды. 

Жан ілімі – яғни адам рухының, сана-сезімінің, ішкі әлемінің терең қабаттарын тану – Абай үшін тек білімнің саласы емес, өмірдің мәніне айналған. Ой мен сезім, ақыл мен жүрек, қайрат пен жігер туралы толғанған ақын ұрпақ тәрбиесінің де, қоғам дамуының да тіні — адам жанын тәрбиелеу екенін терең түсінген.

Алтын Ералиқызы АМРЕЕВА,
Аягөз аудандық оқу, ғылыми,
ұйымдастырушылық-әдістемелік
кабинетінің әдіскері, Абай облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий