Жасанды интеллект және білім саласы
Жасанды интеллектінің жоғары жылдамдықпен әрі қуатты қарқында дамыған мол мүмкіндіктері еліміздегі басқа да салалармен қатар отандық білім беру жүйесін түбегейлі өзгерте алатын, оны икемді, тиімді және қолжетімді ете алатын қуатты құрал ретінде бағалана бастағаны баршамызға белгілі. Бірақ бұл әлеуетті жүзеге асыру үшін жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізудің технологиялық және әлеуметтік аспектілерін де ескеретін кешенді стратегиялардың құқықтық тетіктері әзірленуі қажет.
2024-2025 оқу жылына арналған республикалық деңгейдегі тамыз кеңесінің басты тақырыбы да «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» ретінде бекерге таңдалмаса керек. – Бүгінде мектептерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту сексен тоғыз пайызды құрайды, интернеттің орташа жылдамдығы өткен жылы 4 Мбит/с болса, биыл секундына 75 Мбит жылдамдыққа жетті. Еліміздің 1731 мектебінде «Starlink» жерсеріктік интернеті орнатылды. Бүгінгі таңда оқулықтардың жүз пайызы цифрлық форматқа ауыстырылды. Олар қазір 11 платформада қолжетімді. Жасанды интеллект технологияларын білімге сауатты енгізу оқытудың тиімділігін қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазір цифрлық технологиялар информатика пәнінің шеңберінен әлдеқайда шығып кетті. Енді әрбір педагогтің ІТ-құзыреттілігі оның біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт. Бұл – жаһандық үдеріс, заманауи талап, – деді сол алқалы жиында сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
– Жасанды интеллектінің қоғамға әсері ешқашан соңғы бесжылдықтағыдай айқын көрінбеген және жылдам қарыштап дамымаған. Әлемде жасанды интеллект технологияларының жарысы өтіп жатқанына бірнеше жыл болды және негізінен Google, Facebook, Microsoft, Alibaba, Baidu мен Tencent сияқты технологиялық алпауыттардың болуының, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерге қомақты инвестиция құюының арқасында айқын көш бастап келе жатқандар екеу – АҚШ пен Қытай. Қазақстан бұл процеске Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өткен «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында елдің экономикалық өсуі үшін жасанды интеллектінің маңызды екенін атап өткен соң таяуда қосылды, – деп жазылған ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қолы (24.07.2024 ж., №592) қойылған «Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында».
– Осы пәнді орта және жоғары сынып оқушыларына арналған оқу бағдарламаларына енгізуден бастап, жасанды интеллектіні оқытудың және пайдаланудың тиімді жүйесін құру жоспарлануда. Барынша қамту үшін он жыл ішінде 10 миллионға дейін азаматты жұмылдыра алатын жасанды интеллектіні қолдану бойынша кезең-кезеңмен турнир өткізу, сондай-ақ алдағы 5 жылда жиырма бес мыңға дейін маман даярлау және басқа салалардағы он мыңдаған мамандарға ықпал ету үшін ЖЖКБҰ-мен ынтымақтасатын өңірлік құзыреттілік орталықтары мен бағдарламалау мектептерін құру жоспарлануда. Жыл сайын бір мыңға жуық оқушыны оқыту және 1000 жасанды интеллект мамандарын даярлау жоспарлануда. Мұның өзі орталықтың бағдарламаларына жастардың белсенді атсалысуына түрткі болады, ал бұл жас мамандар мен таланттар үшін транспарентті және инклюзивті әлеуметтік сатыға айналады.

Бұл құжатта: «Білім беру бағдарламалары көбінесе жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына ілесе алмайды, бұл түлектердің, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар қызметкерлерінің заманауи нарық талаптарына дайындығының жеткіліксіз болуына алып келеді. Осыған байланысты жасанды интеллект бойынша модульдерді, цифрлық дағдыларды нығайтуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға ықпал ететін түрлі мамандықтардың оқу бағдарламалары енгізілетін болады. Шеберлік сабақтарын, тағылымдамалар және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін озық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық жасау оқытушылар мен студенттерге нақты міндеттермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп көрсетілген.
Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Саран қаласының жоғары сынып оқушыларына жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мамандық таңдауға көмектесетін көрінеді. Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде IT бұрыш пайда болыпты. Мұнда студенттер мен оқушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзекті мамандықтар, еліміздегі және әлемнің жетекші жоғары оқу орындары бойынша кеңестер ала алады, тіпті өздерінің болашақ жалақыларын да есептей алады.
IT бұрыш үш модульден тұрады. Біріншісі – жаңа кәсіптер атласы. Бұл жерде жастарға соңғы онжылдықта әлемде қандай жаңа және өзекті мамандықтар пайда болғаны туралы айтылады. Екінші модуль мамандық таңдаудың ерекшеліктеріне арналған. Бұл жерде өз мамандығыңды табу үшін қандай қасиеттерге ие болу және не істеу керектігі туралы айтылады. Үшінші модуль бес түрлі QR-кодты қамтиды, олардың әрқайсысында көптеген пайдалы ақпарат бар.
Бірінші QR-код бойынша 26 сұрақтан тұратын тесттен өтуге болады. Олардың жауаптарын жасанды интеллект өңдейді және осы деректерге сүйене отырып, адамға лайықты мамандықтар ұсынады. Бұдан басқа, жүйе Желідегі деректерге автоматты түрде талдау жүргізеді және ұсынылған нұсқалардың әрқайсысы үшін орташа жалақыны есептейді. Екінші QR-код жұмысшы мамандықтарына арналған. Оны санай отырып, дәл қазір қандай жұмысшы мамандықтары мен салалары өзекті екендігі туралы толық ақпарат алуға болады. Мұнда облыс колледждері мен жоғары оқу орындары туралы толық ақпарат бар.

Үшінші QR-код Қазақстан мен әлемнің ЖОО-лары туралы толық ақпарат береді. Жүйе тек оқу орындары туралы жалпы мәліметтерді ғана емес, сондай-ақ байланыс ақпаратын да береді: мекенжайлар, телефондар және ресми сайттарға сілтемелер. Төртінші QR-код өз бетінше білім алуға арналған. Оны санай отырып, қандай салада жұмыс істеу үшін қандай жеке және кәсіби қасиеттер қажет екенін және оларды өз бетінше қалай дамыта алатынын білуге болады. Соңғы, бесінші QR-код республикамыз бен әлемнің ең беделді кәсіптерінің тізіміне енеді.
– Бұл өте ыңғайлы. Оқушылар болашақ кәсібі туралы толық ақпарат ала алады, оқу орнын таңдай алады, тұлғалық өсуі бойынша кеңес ала алады, бар болғаны 15-20 минут ішінде, бір жерде. Егер осы ақпараттың барлығын өздері іздеуге тура келсе, онда оған көп уақыт пен күш жұмсалар еді. Біз мектеп оқушыларын біздің жаңа жүйемізді сынап көруге шақырдық. Оларға қатты ұнады, бірде-бір баланың көңілі қалмады, – дейді осы арнаулы оқу орының директоры Алма Темірболатова. Айта кетейік, бұл ІТ бұрыш – елдегі үшінші бұрыш. Алғашқысы Ақтөбеде пайда болды. Тағы біреуі Жаңаөзенде бар.
Қызылорда қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, Қызылжарма ауылындағы С.Әлжіков атындағы №144 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айбек Оразбахов аймақ бойынша алғашқылардың бірі ретінде оқытуда жаңа технологиялар қолдану арқылы жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін сабақта сәтті пайдалануға кіріскен. Былтыр бұл инновациялық бағыттағы бағалы бастамасы республикалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінде шеберлік палитрасы физика-математика, информатика пәндері бойынша жүлделі бірінші орынды иеленіп, «Самғау» жастар сыйлығының «Білім және ғылым» аталымы бойынша жеңімпаз атанған екен.
– Соңғы уақытта жасанды интеллект оқытудың инновациялық әдістерін енгізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеудің негізгі факторына айналды. Менің жобам «TechAI» деп аталады. TechAI – бұл білім беру саласындағы оқыту мен бағалау процесінде төңкеріс жасайтын жасанды интеллектке негізделген қуатты құрал. Бұл құрал мектептерде әртүрлі таңдау сұрақтарын, бос орындарды толтыру тапсырмаларын, жоғары деңгейлі сұрақтарды және «Блум таксономиясы» сынақтарын қоса алғанда, әртүрлі бағалау түрлерін жылдам және оңай жасауға мүмкіндік береді. TechAI көмегімен мұғалімдер кез келген мәтінді бір рет басу арқылы викторинаға айналдыра алады, сонымен бірге оларды экспорттамас бұрын жасалған материалдарды өңдеуге және өзгертуге мүмкіндік алады, – дейді педагогика ғылымдарының магистрі, IT саласындағы тәжірибелі маман Айбек Қалданұлы.
– TechAI интеграцияланған әзірлеу құралы, бұл бағдарлама қайталаудан және монотондылықтан аулақ бола отырып, бірнеше секунд ішінде жұмыс парақтарын жасауға мүмкіндік береді. Ең бірінші артықшылығы – мұғалімдердің уақыт үнемдеуі. TechAI мұғалімдерге сабақ жоспарын құруға, жобаларды табуға және басқа да көптеген тапсырманы санаулы секундтарда орындауға мүмкіндік беру арқылы оқу тапсырмаларын айтарлықтай жеңілдетеді, бұл күніне орта есеппен 2,5 сағатты үнемдейді. Екіншісі, платформа проблемалық мінез-құлықты басқарудың тиімді стратегияларын ұсынады, сонымен қатар сынып пен үйде оқытуды жақсартуға арналған кеңестер мен амалдарды ұсынады. TechAI оқушылармен кері байланыс беру процесін жеңілдетеді, оқушылардың мотивациясы мен жетістігін ынталандыру әдістерін ұсынады. Сонымен қатар оқытушылар бірден сабақ жоспарларын, мақалаларды, ақпараттық бюллетеньдерді және олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін басқа оқу мазмұнын жасай алады.
– Жалпы, жасанды интеллект білім беруде өте пайдалы, өйткені жасанды интеллект әрбір оқушының қабілеті мен стиліне сай оқуға көмектесе отырып, қолдау көрсетеді. Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайту арқылы күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға және оқушылардың үлгерімі туралы нақты мәлімет беруге қабілетті. Жасанды интеллект оқушылардың түрлі қажеттіліктеріне сай оқу материалдарын бейімдей алады, бұл білім беруді одан сайын қолжетімді және тиімді етеді. Менің жұмысым басқа мұғалімдерді оқу үдерісіне инновациялық әдістерді енгізуге шабыттандырып, жақын болашақта мұндай тәсілдер бүкіл облыс пен республика мектептері үшін қалыпты жағдайға айналады деп сенемін. Менің платформам мен жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып оқыту әдістері басқа аймақтардағы оқу орындарының назарын аударып үлгерді, оқытуда жасанды интеллект енгізудегі платформаның мүмкіндіктерін кеңейту арқылы зерттеу жұмысымды жалғастырамын, – деді ол сөзінің соңында.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...