Қара домбыра – қандастарға тарту
Павлодарда өткен халықаралық олимпиадада облыс әкімі әр қатысушыға ұлттық мұрамыздың нышанын – домбыра сыйға тартты.
«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиада 2025 жылғы 23–26 маусым аралығында Павлодар қаласында жоғары деңгейде өтті. Шара шетелде тұратын этникалық қазақ жастарының бойындағы дарынды анықтап, оларды ана тіліне, төл әдебиет пен өнерге жақындату, мәдени-рухани сабақтастықты бекемдеу мақсатын көздеді.
Биылғы додаға Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен 40-тан астам 14–18 жас аралығындағы оқушы келіп қатысты. Әр команда – ұлт болашағына бейжай қарамайтын жас өрендерден құралған.
Олимпиада үш бағыт бойынша өтті:
- эссе жазу,
- шығармашылық жұмыс (поэзия, музыка, бейнелеу, театр өнері және т.б.),
- қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша тапсырмалар.
Тіл мен өнер тоғысқан сайыстың қорытындысында үздіктер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» орталығының грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, ең үздік үш оқушыға Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің білім гранттары табысталды.
Олимпиаданың ұмытылмас сәті – Павлодар облысы әкімінің әрбір қатысушыға арнайы тартуы болды. Әкім атынан табысталған алғыс хаттармен қатар, әрбір жас дарынға қазақтың қара домбырасы сыйға берілді. Бұл – тектіліктің тұмары, ұлттың үні саналатын домбыраның жастар қолына табысталуы – болашаққа бағытталған рухани қазынамыздың жалғастығы екені сөзсіз.
Іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Павлодар облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Бұл олимпиада – ұлт руханиятына шетелдегі қандастардың қосқан шынайы үлесі. Ана тілін ардақтаған жас өрендердің әр жетістігі – ел ертеңінің кепілі.
Загрузка...