2026 – Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы

Астана қаласы биылғы маусым айының ортасында өңірлік дипломатияның орталығына айналып, көршілес алты мемлекеттің басшылары «Орталық Азия – Қытай» мемлекеттерінің кезекті екінші саммитіне қатысқан еді. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуында ұйымдастырылған бұл басқосудың барысында өңірлік диалогті нығайтумен қатар бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Екі жылда бір рет Қытайда және аймақ елдерінде алфавиттік тәртіппен кезектесе ұйымдастырылатын алқалы жиыннан бұрын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында біздің елге сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді қарсы алып, екіжақты келіссөз жүргізілді. Жиырма төрт үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылғаны белгілі болды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Ғылым және технологиялар министрлігі арасында ғылыми-гуманитарлық алмасуларды нығайту саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандум бар бел ортасында. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қытайдың жетекші компаниясымен Қонаев қаласында академиялық кампус салу жөніндегі уағдаластықты мақұлдады.

Аспан асты елі тарапынан ұсынылған негізгі инвестор Qingdao Shangheshi Oil Energy Co., Ltd. 30 мың студентке есептелген академиялық кампус аумағында заманауи инфрақұрылымның құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл заманауи кешенде оқу ғимараттары, ғылыми зертханалар, инновациялық технопарктер және тағы да басқа қажеттіліктер бар. Жаңа кампустың халықаралық академиялық және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын нығайту, білім беру стандарттарын арттыру, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамыту, венчурлік қаржыландыруды тарту, сондай-ақ озық технологиялар мен жетістіктерді енгізудің маңызды алаңына айналатындығы айтылуда.

Бұл жобаны іске асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдетуге ықпал ететін болады. Сонымен қатар форум аясында қазақстандық жоғары оқу орындары мен ҚХР өнеркәсіптік ұйымдары арасындағы ынтымақтастық туралы онға жуық келісім мен меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар білім беру инфрақұрылымын, ғылыми және зертханалық базаны дамытуды, инновациялар мен технологиялар трансферін, сондай-ақ ғарыштық әзірлемелерді дамытуды қамтиды.

Осы құжаттардағы міндеттемелердің іске асырылуы және елеулі шетелдік инвестициялардың ағыны академиялық инфрақұрылымды дамытуға, сапалы білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасауға және елімізді өңірлік академиялық хабқа айналдыруға ықпал ететін болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Си Цзиньпиннің іргелес елдердің «ортақ тағдыр қауымдастығын» құру бастамасын жоғары бағалап, Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдірді. Осыған орай келесі 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдер арасындағы гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі жандандыратындығы даусыз.

Қазақстан білім беру инфрақұрылымын жасақтауға және жаңа технопарктер ашуға белсенді түрде кірісті. Осы орайда Қытайдың алпауыт технологиялық компанияларының қатысуымен бірлескен зертханалар мен инженерлер академиясын іске қосуға бейіл. Президенттің пікірінше, кәсіби мамандардың жаңа буыны өңірдің цифрлық, «жасыл», индустриялық трансформациясына түрткі болатын қозғаушы күшке айналады. Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өзара сенім мен бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тату көршілік пен достық рухына негізделген теңдессіз ынтымақтастық үлгісі қалыптасты.

Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 миллиард долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар Президент мәдени-гуманитарлық саладағы елеулі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, елімізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтарының филиалдары ашылды. Қазақстан Конфуций орталықтарына қолдау көрсетеді.

– Осы орайда көршілес Қытайдың және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің белсенді әрі тиімді рөлін ерекше атап өту орынды. Қазақстан үшін Қытай сенімді, тұрақты және мәңгілік стратегиялық серіктес әрі шынайы досқа айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Біз 2025 жылы Орталық Азия елдеріне 1,5 миллиард юань көлемінде (108 миллиард теңгеден астам) қайтарымсыз грант ұсынуға дайынбыз. Бұл грант халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды жобаларды қолдауға бағытталады. Және алдағы екі жыл бойы Орталық Азия мемлекеттеріне кәсіби дайындық курстарына үш мың квота бөлуге ниетті, – деді ҚХР төрағасы.

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажеттілігіне мән берді. Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйлеп, «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінің Астана декларациясына және алты мемлекеттің арасындағы мәңгі тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа бірге қол қойды.

Білім мен ғылымсыз келешек көмескі. «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Сиань Цзяотун университетінің бірлескен түрдегі Халықаралық академиктердің екінші форумы ұйымдастырылды. Басты мақсаты – ғылыми зерттеулер мен озық технологияларды енгізу арқылы климаттың өзгеруі, шөлейттену, халықтың өсуі және кедейлікпен күресу сияқты өзекті жаһандық сын-қатерлерді шешуге жәрдемдесу.

Іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Сиань Цзяотун университетінің (XJTU) атқарушы вице-президенті Би Чжаохун, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Алматы қаласы әкімдігі, министрлік өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия және Қытай елдерінен энергетика саласындағы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Пленарлық отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Орталық Азия мен Қытай елдерінің ғылыми қауымына арналған құттықтау хатын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова оқып берді. – Бүгінгі іс-шара «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, «Жасыл Жібек жолы» тұжырымдамасын іске асыруға, озық технологиялармен алмасуға елеулі үлес қосады. Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Қос Мемлекет басшылары арасындағы өзара сенім мен достық екі ел қарым-қатынасының берік негізі болып отыр. Осы тұрғыда ҚазҰУ-да өтіп жатқан форум әріптестіктің айқын көрінісі, – делінген хатта.

– Дәл осы Қазақстан мен Қытай мемлекет басшылары арасындағы жоғары деңгейдегі жылы және сенімді қатынастар бүгінгі өзара әрекеттесуіміздің берік негізі болды. Осы саммит аясында бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия және Қытай ғылым академиясының академиктері бас қосты. Бүгінгі форумның мақсаты – тек пікір алмасу емес, жасыл технологиялар саласындағы интеграцияны тереңдетуге бағытталған нақты ынтымақтастықты ілгерілету, – деді сөйлеген сөзінде ҚазҰУ ректоры.

Нәтижесінде үш келісімге қол қойылды. Біріншісі – КазҰУ мен Қытайдың TusHoldings корпорациясы арасында, ол – Қытайдағы инновациялық кәсіпкерліктің жетекші институттарының бірі. Құжат стартаптарды дамыту үшін DeepTech, цифрлық және жасыл технологиялар, биомедицина және жасанды интеллект салаларында бірлескен бизнес-инкубатор құруды қарастырады. Екіншісі – «Huibo» (Хуэйбо) цифрлық интеллектуалдық шеберханасын жасақтау, ол заманауи оқу-ғылыми платформа болады. Үшіншісі – жердегі спутник станциясын құру туралы келісім. Бұл бастама ғарыштық зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты және технологиялық алмасуды кеңейту үшін маңызды қадам болмақ.

Қазіргі уақытта ҚазҰУ алпыс бес Қытай университеттері және ұйымдарымен тығыз серіктестік орнатқан. Қытайдан келген шетелдік студенттердің жалпы саны – 1440 адамды құрайды. Сондай-ақ Орталық Азия елдерімен халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып, өңірлік университеттерімен 55 келісім жасалған. Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстанда екі дипломды бағдарламалар мен бірлескен білім беру жобалары сәтті жүзеге асырылуда.

– 2023 жылы Сианда өткен алғашқы саммит және сол жерде қабылданған Сиань декларациясы өзара әрекеттесудің жаңа дәуірін ашты. Бұл форум – интеграцияны тереңдетудің қадамы. Қазақстан өнеркәсіптік және ғылыми әлеуетке ие және жасыл өтпелі мәселелер бойынша аймақтық күн тәртібінің белсенді ұйымдастырушысы болып табылады. ҚР Ұлттық ғылым академиясы әрқашан Қытаймен және Орталық Азия елдерімен ғылыми серіктестікті дамытуға қолдау көрсетуге дайын. Кезекті жүздесуіміз біріктірілген ғылыми кеңістікті қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ. Біз бірлескен күш-жігеріміздің өңірдің тұрақты дамуына әкелетініне сенімдімін. Орталық Азияның биоалуантүрлілігін қорғау бойынша үйлестіруші тетігі ретінде «Орталық Азия биоалуантүрлілігі жөніндегі Кеңес» құруды ұсынамын, – деді баяндамасында ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев.

Сиань университетінің вице-президенті Би Чжаохун, Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Қанатбек Абдрахматов және Тәжікстан Ғылым академиясының вице-президенті Саидмұхамед Ибадов құттықтау сөздерін жеткізіп, ҚР ҰҒА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Сиань Цзяотун университетінің (ҚХР), Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының, Қырғызстан халықаралық университетінің және Самарқанд мемлекеттік университетінің (Өзбекстан) өкілдері жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы Алматы хартиясына қол қойды.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий