Мемлекеттік тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғым

Қазақ жерінде ұрпақтарымен өніп, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақшаны терең меңгерген өзге этнос өкілдері көп. Олардың қатары күн ұзаған сайын көбейіп келеді. Ана тілімізде еркін сөйлеп жүрген танымал тұлғалар да жетерлік. Солардың алдыңғы сапында бұрынғы теміржолшы, қазіргі сенатор – халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Геннадий Геннадиевич Шиповских; танымал журналист, ҚР Мәжілісінің депутаты – халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Максим Николаевич Рожин; мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, PhD философия докторы, ҚР Мәжілісінің депутаты – заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, парасатты педагог Наталья Григорьевна Дементьева бары баршамызға белгілі. Оқырмандардың назарына шәкірттеріне пән сабағын мемлекеттік тілде жүргізу арқылы отандық педагогика саласын ілгері дамытуға соны серпін сыйлаған жүзі басқа болса да, жүрегі бір және ең бастысы – тілегі ортақ ұлағатты ұстаздардың пайымды пікірлерін ұсынамыз.

– Ұлтым – литван, жасым – алпыста. Ұлытау облысындағы Қарсақпай кентінде кіндік қаным тамған. Қарапайым отбасында сегіз бала тәрбиелендік. Мен шыр етіп жарық дүниеге келген кезде анамның көкірегінен сүт шықпапты. Сондықтан перзентханада бірнеше күн қазақ әйелді еміппін. Қазақ тілін үйренуіме, ең алдымен осы құтты мекенде жөргекке оранған сәтте тілді ана сүтімен сіңіруім әсер еткен шығар. Жас кезімде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка-педагогикалық факультетінде оқыдым. Жатақханада қазақтармен бірге тұрып, екінші ана тілімді үйрене бастадым. Жоғары білім алған соң, Жезқазғанға барып, музыкалық колледжде қызмет істедім. Онда да әріптестеріммен мемлекеттік тілде сөйлесетінбіз. Яғни тілдік қорымды әрдайым байытып отырдым. Қазақша үйренгісі келетіндерге айтар ең мықты кеңесім – акцентіңіз болса да, қатемен сөйлесеңіз де, еш қысылмаңыз, – дейді «Үздік педагог-2016» республикалық байқауының жеңімпазы, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (2019 ж.), «Құрмет» орденінің кавалері (2023 ж.), «Lituanica» литвалықтар қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі, Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайындағы «ГолосОК» музыкалық даму студиясының жетекшісі, тәжірибелі тәлімгер Бугинас Бронислав.

– Тілді тек тәжірибе арқылы, яғни іс жүзінде сөйлеу арқылы жақсы меңгересіз. Сол себепті ештеңеге қарамай, ұялмай, қазақша сөйлей беріңіз. Кемшілік пен олқылықтарыңыз біртіндеп түзеледі. Өзге ұлт өкілдері қазақша қате сөйлесе, қазақтар күлмейді. Керісінше, жөнімен түзетіп, қолдау білдіреді, үйренуге көмектеседі. Мен негізінен кәсіби әншімін. «Қоғалы-ай», «Тобылғы сай», «Гүлдерайым» мен басқа да халық әндерін, Абайдың «Көзімнің қарасын», Бәкір Тәжібаевтың «Туған жерін» нақышына келтіре шырқаймын. Сондай-ақ домбыра тарта аламын. Үйірмеге келген шәкірттерім бастапқыда еуропоидтық түріме қарап, қазақша ән айтумен қатар күй тартқаныма таңғалатын. Қазақша білгенімнің пайдасы – оқушыларыма әннің мағынасын, шығу тарихын түсіндіріп бере аламын және қазақша сөздерді дұрыс айтуына ықпал етемін. Тірліктегі татулықтан асқан бақыт жоқ. Осы орайдағы бірліктің береке бастауы болатындығы және ақиқат. Мемлекеттік тіл мен тәуелсіздіктің – егіз ұғым екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналды.

Бронислав Казисовичтің айтуынша, елордаға көшіп келгеніне он жылдан асқан. Осы аралықта бір мыңнан астам баланы өнерге баулыпты. Үйірмені таңдап келгендердің кейбірі алғашқыда ана тілдерінде сөйлей алмаса да, кейіннен қазақша жүргізілген сабақтардың барысында ұл-қыздардың ықыластары артып, ата-аналары ынта білдірген екен. «Маған қазақша сөйлеу қиын» дегендерге «Ал мен үшін неге оңай?! Менің ұлтым қазақ емес қой», – деп әрдайым күлімсіреп жауап беретіндігін де жасырған жоқ. Аға буын өкілінің бұл бауырмалдық сөзі өскелең ұрпақты жігерлендіретіндігі даусыз. Екі ұлт туысқан халық сияқты сезінетіні бар. Себебі қазақтар күннің шұғыласын «сәуле» деп айтса, литван тіліндегі «сауле» сөзі – күн деген ұғымды білдіретін көрінеді. Ол сөзінің соңында ұзақ жыл бойы ағартушылық ісіне қосқан қомақты үлесін мемлекеттік деңгейде лайықты түрде жоғары бағалап, тәуелсіз еліміздің қайраткер тұлғаларына экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беруді дамытудағы сіңірген еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін берілетін биік дәрежелі марапатты қолымен табыстаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, әрдайым қолдау білдіретін қала әкімшілігі мен білім басқармасы және ұйымшыл ұжымындағы әріптестеріне алғысы мен ризашылығын жеткізді.

Ыбырай Алтынсариннен бастап қазақтың бүкіл классик қаламгерлерінің шығармашылығы мен қазақ тілінің заңдылығын ақтөбелік ұл-қыздардың санасына отыз бес жылдан бері сіңіріп келе жатқан башқұрт ұлтының өкілі Гүлмира Кагированың мәлімдеуінше, кез келген қазақстандық мемлекеттік тілді білуге міндетті. Өйткені қазақшаны үйренуде құзырлы орындардың тарапынан барлық жағдай жасалған және толық мүмкіндік бар. Хромтау ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз орыс мектебін тәмамдапты. Мамандық таңдау барысында да көп ойланбастан саналы ғұмырын балаларға қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға арнаған аяулы анасы Рысжан Смағұлқызының өнегелі өмірін үлгі тұтқан екен. Ақтөбе педагогика институтынан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алған жас маман ауылындағы Құдықсай орта мектебінде бес жыл жұмыс істейді. 1995 жылы облыс орталығына көшкенде мамандығы бойынша бос орын таба алмаған соң сұранысы жоғары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде біліктілігін арттырғанын айтады.

– №28 орта мектепте көп жылдан бері қызмет атқарудамын. Әкем башқұрт болғанымен, анамның ұлты – қазақ. Әрі ауылдан шыққандықтан, қазақ тілін кішкентайымнан біліп өстім. Екінші мамандығымды игергенде, әрине, тереңірек меңгере түстім. Менің ойымша, шындап кіріскен адамға кез келген тілді үйрену қиын емес. Қазақ тілін үйрену үшін, алдымен, ауызекі сөйлеуге ерекше күш салу керек. Әрі мемлекеттік тілдегі қажетті дереккөздерге қоса нұсқаулықтарды оқып, көркем әдебиетпен сусындаған жөн. Ең бастысы, тілді игеруге деген ниет болса жеткілікті. Ғаламторда ақтарған адамға маңызды мағлұматтар көп. Қаншама тегін курстар бар. Сондықтан ең болмағанда тұрмыстық деңгейде сөйлесе алу қажет. Әрі-беріден соң азаматтығын алған еліңнің мемлекеттік тілін білмеу өте ұят, – дейді қазақтың ибалы келіні атанған ол.

– Қазақшаны түсініп, шебер болмаса да сөйлеуің керек. Бұл – талқыланбайтын іс. Пән мұғалімі ретінде балалардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары екенін айтқым келеді. Бірақ кейбір оқулықтарда тапсырмалардың деңгейі, ұсынылу жолдары, жалпы тілі ауыр екендігі рас. Ағылшын мен орысшаны салыстырсақ, жеңіл әрі жұмыр келеді, ал біздікі тым күрделі. Осы жағы реттелсе, сосын бүкіл жиын тек мемлекеттік тілде ұйымдастырылса, көптен бері айтылып келе жатқан тіл мәселесінің нақты шешімін табатындығына сенім мол. Абай Құнанбаевтың шығармашылығын сүйіп оқитындықтан тіл маманы ретінде жастарға да қазақтың бас ақынының қарасөздерін, өлеңдерін оқуға, жаттауға ақыл мен кеңес беремін.

Шурина Ольга – Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Пугачев мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кәсіптік бағдар беруші педагог. Зеленов ауданында еліміз тәуелсіздік алған жылы дүниеге келіпті. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжін «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша бітіріп, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына сәйкес білімін жетілдірген. Педагогика саласындағы еңбек өтіліне жеті жыл. Аудандық «Педагогикалық Lifehack» байқауында бірінші қатардан көрінсе, «Абай оқулары» сайысында екінші орынды иеленген. «Сапалы білім – сапалы сабақтан» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық деңгейдегі ашық сабақтар шеруінде «Жаңашыл ұстаз» аталымымен марапатталды. Оқушыларының жетістіктеріне келсек – аудандық «Абай оқулары» байқауында Е.Шуринге Диплом табысталса, «Махамбет оқулары» жергілікті байқауында Е.Жайыққа арнайы Диплом, ал С.Нургалиев екінші орынға ие болды. Сонымен қатар аудандық «Тіл білгірлері» байқауында М.Көшен жүлделі үшінші орынға ие болса, «Мамандықтар әлемін ашамыз» байқауында Ә.Жолдықайыр екінші орынды, ал А.Асанова жүлделі үшінші орынды иеленді. Басқа да шәкірттері ұстаздарының үміті мен алтын ұя мектептерінің сенімін ақтау жолында ұдайы ізденіс үстінде жүр.

– Қазақшаны бала кезімде бірге ойнайтын құрбыларымнан үйренгенмін. Сондықтан мектеп бағдарламасын жақсы меңгеріп, арнаулы және жоғары оқу орнындағы мұғалім мамандығын тіл мен әдебиет бойынша бірден таңдадым. Осы білім шаңырағында соңғы екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. Оқушылардың сапалы біліммен қатар саналы тәрбие алуы бірінші кезекте. Содан соң болашақ кәсіби бағыттарын дұрыс таңдауға көмектесемін. Бұл бағытта әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеру маңызды. Ата-аналармен бұрыннан бар байланысты бекемдеп, қарым-қатынасты күшейту күн тәртібінен түспейді. Пән мұғалімі әрі кәсіптік бағдар беруші ретінде мемлекеттік тілдегі әдістемелік құралдар мен қосымша әдебиеттерді тиімді қолданудың қажеттілігін шәкірттеріме үйрету парызым. Себебі ізденіске толы еңбекқорлық жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Әрі жастарға қамқорлық көрсетумен қатар олардың пайымды пікіріне түсіністікпен қарағанда бәсекеге қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптасуына қосатын ұстаздық үлесті артары анық, – дейді Ольга Николаевна.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий