IChO-2025 олимпиадасының төрт медалі

Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды: IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ. Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйіншілі жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуінде – алтын медаль!, – деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кирилл Ким – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; Абылай Кабдулхадыр – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; Еңлік Бақытбекова – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; Аңсар Жақсылықов – Ақтөбе облысындағы «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен: Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы; Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі – қазақстандық білімнің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», – деп жазды министр өзінің ресми парақшасында. Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.

Ұлттық құраманы, жетекшілерді, мектептер ұжымы мен ата-аналарды осы жарқын жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Еске салсақ, былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий